- Негізгі бет
- Сән
- Той көйлегі: Қазақ...
Той көйлегі: Қазақ жігіттері көзімен
Қалыңдық үшін ең басты да бас қатыратын іс – той көйлегін таңдау. Тіпті жігіті жоқ болса да, тойымда қандай көйлек киемін деп ойланып, үлгілерін алдын ала қарап жүретін қыздар аз емес. Ал бүгін Массагет бойжеткендеріне қызықты тақырып қозғау мақсатында осы мәселе жөнінде жігіттердің ойын сұрадық.
Қазақ жігіттері көпшілігі қалыңдығының талғамына сенетінін айтып, жауап беруден жалтарды. Бұл тақырып төңірегінде мүлдем ойланбағандарын айтты. Ал жауаптарын зерделей отыра, қазір көпшілік қалыңдық таңдауы түсіп жүрген сүт түсті, аққайнар түсті көйлектерді ұнатпайтынын байқадық. Пікір білдірген жігіттерге жеке-жеке тоқталайық.
Абылай Құрманбай: Қалыңдығымның көйлегін өзімен бірге таңдар едім. Түсі қардай аппақ, етегі шұбатылған ұзын көйлек қараймыз. Қазақы үлгіде болса да, еуропалық үлгіде болса да бәрібір.
Азат Мұхамедиев: Қалыңдығымның көйлегі ақ болғанын қалаймын. Себебі ақ түс – жақсылық, пәктік нышаны. Тобықтан асатындай ұзындықта, қазақы нақыштағы көйлек болар деп ойлаймын. Өзіме тосын сый етіп, көйлегін той кезінде бір-ақ көремін.
Бауыржан Ержанұлы: Қыз баласының ешқандай киіміне араласқым келмейді. Әлбетте, жабық киініп, өзіне жарасымдысын алса болды. Маған тұрмысқа шыққанша қандай киім таңдау керектігін ескеріп жүріп, өзіне ұнаған киімді киеді. Қалыңдықтың тойда қысқа көйлек кигенін көрген жоқпын. Менің қызымның талғамы жоғары.
Бахтияр Алемгер: Мен өзімді мұсылманмын деп санаған соң, мұсылман келіншек алғым келеді. Көйлек жабық, ұзын болғанын қалаймын. Түсі ақ болғаны дұрыс. Қызыл түс келіншекке мүлдем жараспайды деп ойлаймын. Әрине қазақи нақыштары байқалып, ерекшеленіп тұруы қажет. Шұбатылған көйлек қажеті жоқ, шап-шақ болуы керек қой. Той көйлегін бірге таңдаймын деп ойлаймын.
Еркебұлан Сатқанбаев: Шынымды айтсам, оны ойланып көрмеппін, өзі таңдайды ғой, мен араласпаймын.
Жасұлан Исақаев: Қалыңдығымның көйлегі ұлпа қардай аппақ болғанын қалаймын. Қалыпты ұзын көйлектен басқасы ыңғайсыз ғой.
@. @assel_assanova