- Негізгі бет
- Сән
- Сән әліппесі: Преппи...
Сән әліппесі: Преппи немесе мектеп формасын сәнге айналдыру
Қиялы қияға самғайтын дизайнерлер тіпті оқушылардың формасының элементтерін де сәнге айналдырып, подиумнан көрсетіп, жұртшылықтың қолдауына ие болған. Преппи - британдық-америкалық стиль болып саналады. Бұл стильге "preppy" атауы берілді.
Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де преппи стилінің элементтері үлкен-кіші, әйел-еркектің гардеробынан орын алып, классикаға айналды. Сән тарихынан бейхабарлар оқушы формасының бір бөлігін киіп жүргенін білмейді де...
Ол қандай киімдер?
Жейде, оксфорд жейдесі, поло жейдесі, поло футболкасы, блейзер, кардиган, пуловер, «қарындаш» белдемшесі, плиссе белдемше, тренч, скинни шалбар, классикалық үлгідегі шалбар, «банан» шалбар, шолақ шалбар, пальто, тоқыма жилет, пиджак және свитшот.
Өзіміз күнделікті киетін аяқ киімдер (лофер, балетка, мокасин, оксфорд туфлиі, топсайдер) мен галстук, омырауға, мойынға тағатын шағын орамалдар, белдік, ашық түстегі шұлық, көзілдірік, рюкзак, клатч, портфель, пошташы сөмкесі сияқты аксессуарлар да оқушылардан ауысқан.
Преппи стилінің тағы бір ерекшелігі – мохер, твид, жүн, мақта, кашемир секілді табиғи матадан тігілетіндігінде. Сондай-ақ позитивті көк, қызыл, сары, ақ, сұр, жасыл түстер қолданылады.
Қалай кию қажет?
Жоғарыда аталғандардың бәрін бірден киіп алуға болмайды, оның бір элементін басқа бір стильдің элементімен үйлестірген абзал. Мысалы, лоферді бой-френд джинспен немесе тренчті біз өкше туфлимен.
Преппи стилімен сән, киім киіну мәдениетін меңгерген, талғамы жоғары жандар киінеді. Себебі гранж стиліне қарағанда әлдеқайда көркем болғандықтан аталмыш стильді іскери стиль мен smart casual стилімен үйлестіруге болады.
Кейт Мосс, Гвинет Пэлтроу, Джастин Тимберлейк, Кейт Мидлтон, Алисия Сильверстоун сынды жұлдыздар осы стильді жиі қолданады.
«Алмұрт» пішінді бойжеткен «қарындаш» белдемшесі, плиссе белдемше, тренч, пальтоларды кие алады. «Алма» пішінді ару преппидің оверсайз бағытымен тігілген түрлерін пайдалана алады.
Ал «банан», «құмсағат» пішінділерге осы стильдің барлық элементтері дерлік келе береді.
Преппи холериктің шектен тыс белсенділігін тежеуге, сангвиниктің кербездігін ерекшелеп, флегматикке қызыл түс жылдам қозғалуға, ал меланхоликке сенімді, сәнді көрінуге көмектеседі.
Сурет: whynotmodels.com
Оқи отырыңыз:
Сән әліппесі: Haute couture (Жоғары сән)
Ақшаны үнемдей отырып қалай әдемі киінуге болады?
Ф. Абилова