Сұлу да сымбатты көрінудің жолдары #2

Сұлу да сымбатты көрінудің жолдары #2

«Банан» пішінді («Н» тәріздес деп те атайды) аруларды дизайнерлер мен стилистер жақсы көреді. Себебі атақты заманауи 90х60х90 пропорциясы болмағанмен, «банандардың» жоғарғы жағы мен төменгі жағының көлемдері бірдей, аяқ-қолдары жіңішке болғандықтан, киім таңдауға ыңғайлы болып келеді.

Кемшілігі – қылдырықтай белінің болмауында. Алайда «адам көркі – шүберек» деген ата-бабамыздың нақыл сөзіне сүйене отырып, бұны да білдіртпей жібере аламыз. Осындай айла-тәсілдің арқасында «банан» пішінді Голливудтан шыққан әйгілі артистер (Камерон Диаз, Синди Кроуфорд, Гвинет Пэлтроу, Кейт Хадсон, Николь Кидман, т.б.) көп-ақ. Олар киімді дұрыс таңдап кигендіктен, жұрттың көбі «құмсағат» тәрізді сымбаты мінсіз деп ойлап қалады.

«Банан» пішінділердің киімдері:

1. Сәл-пәл кеңірек болып, бірақ сымбатын айқындап тұратын көйлектерді жіңішке белдікпен киген ұтымды.

2. Жакеттің де сыртынан осындай жіңішке белдік таққан жарасымды көрінеді.

3. Омырауында желбіршегі бар не бантпен көркемделген блузалар, кофталар, көйлектер кеудені үлкейтіңкіреп көрсетеді.

4. «Фонарь», «жарғанат» жеңді көйлектер мен блузалар бұл бикештерді сәнді етіп көрсетеді.

5. Белді жіңішке етіп көрсету үшін халат типтес қиғаш жабылатын көйлектер мен белдемшелердің болғаны абзал.

6. Masculine стиліндегі жакеттер, шалбарлар, «галифе» және «сигарет» шалбарлар осы бикештер үшін тігілгендей.

7. Трапеция, «қарындаш», кең етек көйлектер мен белдемшелер денеге құйып қойғандай әдемі жарасады.

8. Джинсы шалбарлардың барлық түрі жарасады.

9. Мини, миди ұзындықтарындағы плиссе, етегі қабатталған белдемшелер үйлеседі.

10. Белі жоғары орналасқан көйлектер белдің «кемшілігін» бүркемелейді.

«Банандардың» сымбатын бұзатын киімдер: белге дейінгі қысқа кофталар, болеро, кіндікке дейінгі топтар, белі жоғары орналасқан шалбарлар мен белдемшелер, денемен дене болып тұратын көйлектер, өте кең кофталар, тым қысқа (мини) белдемшелер.

Шаш үлгісінің кез келгені, әшекейлердің кез келгені жарасатын бұл бикештерді жолы болғыштар деп атасақ та болады. «Банан» пішінділердің сырықтай жіңішке аяқтарына кез келген аяқ киім жараса кетеді.

Қыз – елдің көркі екенін ұмытпағайсыз!

Cурет: Нарбек Раис

Оқи отырыңыз:

Сұлу да сымбатты көрінудің жолдары #1

Ф. Абилова