- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Біз қандай ұрпақпыз?...
Біз қандай ұрпақпыз?
Халқымызда «жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген сөз бар. Мұның мәнісі әсіресе бүгінгі күннің адамдарына түсініктірек болар.
Себебі кейбір жастар ата-анасының беделіне, байлығына мастанып, өзінің қолынан ештеңе келмесе де жұрт алдында мақтанып, қыр көрсетіп жүреді. Алайда байлық бір жұттық, уақытша, көшпелі дүние. Осының бәрінен айырылғанда әлгіндей адамдар сең соққан балықтай мең-зең болып, есеңгіреп қалады. Біразы күйзеліске түседі, ішіп кетеді, т.с.с. Мұндай көрініс, өкінішке орай, күнделікті жағдайға айналып барады.
Кезінде ата-анасы көңіл бөлмеген балалар кейін өсіп, ержеткеннен кейін өз балаларына шектен тыс қамқорлық көрсетіп, өз бетінше өмір сүруге мүмкіндік бермейді. Бұл әзірше балаға да ыңғайлы. Бірақ ата-анасы қайтыс болғаннан кейін қалай өмір сүруді, тіпті дүкенге барып азық-түлік сатып алуды да білмейді.
Психологтар мұндай кісілерді «психологиялық түрде туылмағандар» деп атайды, яғни, «психологиялық туылу» ата-анасыз шешім қабылдай алу және ата-анаға қамқор болу қабілеті.
Бала 3 жастан бастап өз тіршілігін өз бетінше істеуге ұмтылып, «мен өзім» дегенді жиі айтады. Ересектер осы кезде оны мақтап-мадақтап, бірдеңені бүлдіріп алса, ұрыспай қолпаштап отырса, бала жасқаншақ болмай өседі.
Баласы мектепке барғанша үйдің ішін бүлдіреді деп, аузына тамақ салып отыратын аналарды да көріп жүрміз. Олар баланың болашағына балта шауып жатқанын түсінбейді.
Рас, анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды. Дегенмен мұның мағынасы басқаша. Бұл -қартайғанша анаңыздың мойнына мініп алу емес, ол кісінің мейірімге толы жүзін көріп-ақ, даусын естіп-ақ бақытты болу. Бұл сіздің анаңызға деген балалық шексіз махаббатыңызды білдіру, оған қартайған шағында қамқор болу деген сөз.
Қандай ата-ана бақытты?
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ата-ана бақытты, яғни, тәлім-тәрбие беріп, ержеткізіп, өз бетінше өмір сүруге баулыған ата-ана бақытты. Әр нәрсе өз кезегімен: бір жарым жасқа дейін түн ұйқысын төрт болып емізіп, мектепте мұғаліммен бірге дұрыс білім алуға атсалысқан, оны үйлі-баранды еткен ата-ана енді соның жемісін жеп, қызығын көруге құқылы. Әр баласы өз отбасында бақытты өмір сүріп жатса, ата-анасы соған мәз-мейрам болып, тыныш ұйықтайды.
Жалғасы бар...
Сурет: ©Гаухар Зукенова
Оқи отырыңыз:
Күйеу бала немесе "сен менің әкеме ұқсайсың"
"Әкесі жақсы қандай-ды, перзент қамын ойлаған"
Болашақ жарыңыздың анасымен қалай танысасыз?
Бейформалды жасөспірімдер арамызда бар ма?
Ф. Абилова