Бейформалды жасөспірімдер арамызда бар ма?

Бейформалды жасөспірімдер арамызда бар ма?

Қазіргі кезде қаланың көшелерінен шашын, қасын, көзін әртүрлі түске бояған, киімі де өзгеше бейформалдарды кездестіру әдеттегі жағдай. Адам жақындауға да жүрексінетін бұлар – кімдер?

Бейформалдардың эмо, гот және т.б. түрлері бар. Олардың бәрі "ерекше" киінгенді ұнатады. Олар - ата-анасы бар, еліміздің мектептерінде оқитын не оқыған жасөспірімдер.

Неліктен жастар беттерін бояп, осындай қорқынышты күйге түседі?

Мұндай жасөспірімдер – көбінесе ата-анасының назарынан тыс қалғандар. Мектепте сынып жетекшісі, сыныптастары тарапынан "назарға ілікпеген не мойындалмаған" балалар.

Субмәдениет өкілдері жаңадан келіп қосылғандарды ерекше жақын тартып, қолдау көрсетеді. Оның жеке тұлға екендігін сезіндіреді. Бұрын мұндай мейірім мен жылылық көрмеген бала бәріне әзір болады. Әрі өзгеше киіну арқылы өзін бұрын "мойындамағандарға" қыр көрсеткендей кейіп танытады. Себебі, жұрттың барлығы оның бұл қылығына таңғалып, сөз қыла бастайды. Ал оған керегі де осы болатын.

Өкінішке орай, осындай субмәдениеттің кейбір түрлері суицидке итермелейді. Ал оған бір кірген жасөспірімнің оңайлықпен шығуы екіталай. Бұл орайда кәсіби психолог мамандарға жүгінуге тура келеді.

Бейформалға айналған танысыңызды не туысыңызды көрсеңіз, оған үлкен психологиялық көмек қажет екенін біліңіз. Әрине, оған ұрсып, дереу субмәдениеттен шығарып алуға талпынбаңыз. Алдымен, жай сөйлесіп, бірте-бірте сеніміне кіріп, ішкі проблемасын білу қажет. Қоғамда өзін түсінетін бір адамның бар екендігі оның жанына жұбаныш әкеледі. Сондықтан жасөспірімдерге көңіл аударып, қамқорлығымызды аямайық.

Сурет: ukrlife.org

Оқи отырыңыз:

Ұстазыңызға ұнағыңыз келсе

Анаңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?

Оқушы "ауыр" әуендерді неге тыңдайды?

Ф. Абилова