Болашақ жарыңыздың анасымен қалай танысасыз?

Болашақ жарыңыздың анасымен қалай танысасыз?

Егер жігітіңіз анасымен таныстырғысы келсе, сізді жар етпек ойы бар деген сөз. Қорқынышты әрине. Алайда қанша жүрексінсеңіз де ерте ме кеш пе, болашақ енеңізбен танысатыныңыз анық. Сондықтан сіз де бұл жайтқа жауапкершілікпен қарап, дайындалғаныңыз жөн.

Себебі, ең алғашқы танысуда сіз болашақ енеңізге қандай әсер қалдырсаңыз, ол кісінің көпке дейін сол пікірде жүретіні анық. Сондықтан сіз жігітіңізге аяқасты еріп бара салмай, аса жауапкершілікпен дайындалғаныңыз жөн. Анасы туралы алдын ала сұрастырып біліңіз: көбірек мәлімет жинағаныңыз өзіңіз үшін пайдалы. Тіпті, ол кісі әзірлейтін тамақты да пісіріп үйренігеніңіз абзал.

Кездесуге баратын күні ашық-шашық киінбей, өзіңізге әдемі жарасатын көйлекті таңдаңыз. Бұл орайда жігітіңізбен де ақылдасқан жөн. Себебі ол анасының талғамын жақсы біледі. Макияж таңдауда да табиғи көркіңізді сәл-пәл ғана ажарландыратын түрін пайдаланыңыз. Шашыңызды тойға, театрға баратындай сәндеп, тырнақты түрлі түске бояп барудан аулақ болыңыз.

Кездесуге құр қол бармағаныңыз дұрыс, алайда қымбат сыйлық апаруға әлі ертерек. Сол себепті, болашақ енеңіздің ұнататын гүлін ала барсаңыз болады. Кездескен сәтте қанша толқып тұрсаңыз да өзіңізді салмақты ұстауға тырысыңыз. Көп те, аз да сөйлемеңіз. Кейде жәй ғана жылы жымиып отыруды да ұмытпаңыз. Дастархан жаятын не жинайтын кезде көмекке барғаныңыз жөн. Өздері көрсетпесе, бөлмелерді аралай жөнелмеңіз. Жігітіңізді бағалайтыныңызды білдіріңіз, бірақ меншіктеп алмаңыз. Кейбір ұнамайтын қылықтарын жайып салудан аулақ болыңыз.

Егер болашақ енеңіз сөз арасында сізді қағытса, не қалжыңдаған болып, дөрекілеу сөйлеп қалса, сыр білдірмеңіз. Мұны ол сізді сынау мақсатында жасауы мүмкін. Бірақ осы жағдай кейінгі кездесулерде үнемі қайталанатын болса, ойланғаныңыз жөн. Өз отбасыңыз туралы сұрастырғанда қысқа ғана жауап беріңіз. Байлығыңызды, машина, т.б. мүліктеріңізді айтып, мақтанбаңыз. Немесе бір келеңсіздіктерді айтып, ақтарыла жөнелмеңіз. Жалпы сіздің отбасыңыз туралы олар әлдеқашан біліп алған.

Ұзақ отырып алмаңыз, 1–2 сағат жеткілікті. Егер сізге бір сыйлық ұсынса, онда сіздің ұнағаныңыз. Сондықтан сыйлықтан бас тартпай алғысыңызды айтып, алыңыз. Ризашылығыңызды білдіріп, қоштасыңыз.

Сәттілік тілейміз!

Сурет: Бекзат Кадирбеков

Оқи отырыңыз:

Адамдар қалай ғашық болады?

"Жақсы әйел жаман ерін хан қылады"

Ер адамға ойыңызды дұрыс жеткізе біліңіз

Бақытты болу үшін

Жігіттерге қандай қыздар ұнайды?

Ф. Абилова