«Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен» экспедициясы елге оралды

«Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен» экспедициясы елге оралды

Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына байланысты жолға шыққан Қазақ ұлттық географиялық қоғамының «Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен» ғылыми-танымдық экспедициясы елге оралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Тороғат өткелі арқылы Қырғызстан аумағына жеткеннен кейін қазақстандық саяхатшылар теңіз деңгейінен 3500 метр биіктіктегі, таудағы тұщы көл – Шадыркөлге келді. Бұл жер туралы Уәлиханов 1859 жылдың 17 наурызында Қашғардан елге келе жатып: "Торғаттың шығысындағы Шадыркөл көлінен өттік. Бұл жер тым биік, көлдің айналасын тау қоршап жатыр, қалың қармен көмкерілген екен, сондықтан бізге жол салып өтуге тура келді. Көлдің ені 10 құлашқа жуық, ұзындығы 20 құлаштан асады", - деп жазған болатын.

Кеш бата Таш-Рабат көне керуен сарайына жеткен экспедиция мүшелері сол маңындағы киіз үйлерге түнеді. 

Ертеңгісін топ Уәлиханов еңбектерінде жазылған нысандарды зерттеуге аттанды.


Бүгінде бұл нысан Қырғызстанның сәулет ескерткіші саналады. Күрделі жөндеуден өтіп, қабырғалары қайта қалпына келтірілген Таш-Рабат нысанының ауданы – 38-де 36 метр. Назарбаев Университетінің магистранты Жалия Жайдақбаеваның айтуынша, бұл нысан туралы екіұшты пікірлер бар. «Кейбір ғалымдар Таш-Рабат түрме болған, оның түпкі бөлмесінде зындан бар десе, Шоқан Уәлиханов пен басқа да ғалымдар бұл ғимараттың саяхатшылар үшін түнеме үй болғанын айтады», - дейді ол. Тарихшылардың айтуы бойынша, Таш-Рабат Ұлы Жібек жолы бойынан 18 шақырымда тұр, сол себепті саудагерлер түнейтін орын болды деген пікір талас туғызады, өйткені ол жолдан алыс орналасқан.

Шоқан Уәлиханов өз еңбегінде «Таш-Рабатта бір санағанда 40, қайта санағанда 39 бөлме бар болып шығатыны» туралы аңызды айтып өтеді. Экспедиция мүшелері де ғимарат бөлмелерін санап шығып, нақты бір санға тоқтай алмады. Біреулер мұнда 27 бөлме бар десе, кейбірі тек 23 бөлменің барын айтады.

Экспедицияға қатысушылар Қырғызстандағы тағы бір тарихи ескерткіш - Борана мұнарасында болды. Ол Тоқмақ қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнара X-XI ғасырларда Қарахан мемлекеті дәуірінде тұрғызылған екен. Мұнараның биіктігі бастапқыда 40 метрден асқан, бірақ кейін жоғарғы жағы жер сілкінісі кезінде құлап қалған. Қазір оның биіктігі - 21,7 метр. Ғалымдардың бірі оны мешіттің мұнарасы болған десе, енді бірі Жібек жолы керуендеріне арналған шамшырақ болған дейді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің биолог-өлкетанушысы Жасқайыр Қарағойшин Шоқан Уәлихановжазған өсімдіктерді сапар барысында кездестіргендігін айтады. Оның айтуы бойынша, кейбір аудандар климатына байланысты өзгеріп отырған. «Шоқан бұл жерлердің табиғатымен жақсылап танысқан. Жануарлар мен өсімдіктер әлемінде аздаған өзгерістер орын алған секілді. Өсімдіктердің жаңа түрлері пайда бола бастаған. Мәселен, Қызылжар шатқалында біз ол жерде өспеуге тиіс итмұрынды кездестірдік, - дейді ол.

«Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен» экспедициясының ғылыми жетекшісі Ысмайылжан Иминов: «Экспедиция сәтті өтті деп ойлаймын. Шоқан Уәлиханов ізімен жүріп, мен жолдың оған қаншалықты ауыр соққанын түсіндім. Біз биік тауға өрлеген тұста қар мен бұршақ жауды. Температура нөлден төмен болды. Шоқан бұл жолмен күз кезінде өтіп, наурызда қайтқан болатын. Бұл арқылы біз оның ғылым үшін қандай қиындыққа төтеп бергенін көре аламыз. Ол сол кезде 23-24 жаста ғана болатын. Жас жігіт болғанына қарамастан, ол шығыстану тарихында мәңгі қалған ұлы шығарманы өмірге әкелді», - дейді.

Естеріңізге сала кетсек, қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған «Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен» ғылыми-танымдық экспедициясы 25 шілдеде басталған еді. Жобаға Қазақстан ұлттық география қоғамының зерттеушілері қатысты.

Экспедицияға қатысушылар 155 жыл бұрын Шоқан зерттеген Ұлы Жібек жолы қалаларында болды. 12 күн ішінде ғалымдар Қарашаһар, Қорла, Күшәр, Ақсу, Қашғар, Атұш, Янгисар, Жаркент, Қағалық, Хотан, Нарын, Таш-Рабат қалаларын аралап, алты мың шақырым жолды жүріп өтті. Экспедицияның соңғы нүктесі Қырғызстанның Бішкек қаласы болды.

Ұқсас жазбалар:

"Шоқан Уәлиханов керуен жолы бойымен" азиялық Римге жетті

Қытайлықтар "Орта Азиядағы Ұлы Жібек жолы" жобасына қызығушылық танытуда

"Шоқан Уәлиханов керуен жолы бойымен" Жұлдызды теңізге тұрақтады

«Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен» экспедициясы Шоқан жазған жерлерді зерттеуге кірісті

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: tengrinews.kz

Н. Айдархан