- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Қытайлықтар "Орта Азиядағы...
Қытайлықтар "Орта Азиядағы Ұлы Жібек жолы" жобасына қызығушылық танытуда
«Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен» ғылыми-танымдық экспедициясы ұлы ағартушының 180 жылдығына байланысты Қытайда болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақ ұлттық географиялық қоғамының жобаға қатысушылары жолсапарды Үрімші қаласынан бастады. Ол жерде ғалымдар Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданының (СУАР) туризм министрлігі өкілдерімен дөңгелек үстел өткізді. Қазақстандық ғалымдар шет елдіктерге «Орта Азиядағы Ұлы Жібек жолы» экскурсиялық маршруты туристік жобасын таныстырды. «Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен» ғылыми-танымдық экспедициясының жетекшісі, ғылым докторы, саяхатшы Орденбек Мазбаев мырзаның айтуы бойынша, жоба қытайлық тараптың қызығушылығын тудырған. Олар бұл жобамен бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін жеткізген.
«Біздің экспедициялық маршрут қытайлық әріптестердің қызығушылығын тудырды. Біздің сапарымыз Астана қаласынан басталып, Үрімжі қаласына жалғасады. Одан кейін Қашқарға дейін барып, Қырғызстан мен Өзбекстан аумағында боламыз, сосын Алматыға қайта ораламыз. Осылайша шеңбер жасап өтуді ойлап отырмыз. Бұндай жобаны олар бізден алғаш рет естіп отыр. Қазірдің өзінде олар бізге серіктес болып, жобаны бірге жүзеге асыру туралы ұсыныс жасады. Қытайлықтар өз кезегінде сапардың өз аймағында ұйымдастырылуына қолдан келгенше жәрдем беруге әзір екендіктерін айтты. Сонымен қатар, Қытай шекарасына дейінгі Қазақстан - Қырғызстан - Өзбекстан бағытымен жұмыс жүргізуімізді өтінді», - дейді Орденбек Мазбаев.
Қазақстандық және қытайлық мамандар туристік саладағы бірқатар ауқымды мәселерді талқыға салды. Жергілікті министірлік өкілдерінің айтуы бойынша, қытайлық туристердің басым көпшілігі Қазақстанға баруды көздейді. Алайда, визаның қымбатшылығы жолға кедергі болып отыр. Бұл орайда Орденбек Мазбаев мырза визаға байланысты мәселені жақын арада шешу үшін әрекет ететін жеткізді. Сондай-ақ, Еуроодақтағы визасыз аймақтар мен Азия құрлығы үшін ыңғайлы жүйе енгізуді ұсынды. Орденбек Мазбаевтің пікірінше, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Қытай арасындағы ыңғайлы құрылым туризмнің жаңа деңгейге көтерілуі үшін тиімді болады.
Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданының туризмді дамыту министірлігі және маркетинг бөлімінің бастығы Суй Сяо Чиуан «Орта Азиядағы Ұлы Жібек жолы» туристік маршруты туралы пікірімен бөлісті. Суй Сяо Чиуан аталған жобаны жүзеге асырып, оның туристік нарықтағы беделін көтеру үшін мемлекет тарапанын қолдау көрсету керектігін айтты. «Біріншіден, бұл жобаның құрылымы мен жүзеге асыру тиімділігін анықтап алу қажет. Оның жүзеге асуын жеделдету үшін туристік фирмалармен арадағы қатынасты реттеп алу керек. Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан арасында туризмді дамыту үшін үлкен мүмкіншілік бар. Синьцзянның мәдениеті, Қазақстанның тамаша табиғаты, Қырғызстандағы Ыстық көл және Өзбекстандағы тарихи-мәдени нысандар – бәрі де Орта Азиядағы Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен. Біздің маршрутта барлық туристік қордың элементтері жинақталған. Егер бұл маршрут іске қосылатын болса, Еуропа мен Азиядағы туристердің саны сөзсіз арта түседі. Әрі бұл бірегей маршрут өте қызықты болады деп ойлаймын, - дейді Суй Сяо Чиуан.
Естеріңізге сала кетсек, Қашқарияға бағыт алған «Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен» ғылыми-танымдық экспедициясы ағымдағы жылдың 24 шілдесі күні жолға шыққан болатын. Экспедицияға қатысушылар 12 күн ішінде Қытай мен Қырғызстан арасындағы алты мың километрге созылған жолды жүріп өтеді. Яғни, жолаушылар бағыты былайша жалғасады: Астана (Алматы) – Үрімші – Қарашахар – Қорла – Кучар – Ақсу – Артуш – Янгисар – Жәркент – Қағалық – Қотан – Қашқар – Тұрағат – Нарын – Таш-Рабат – Бішкек – Астана (Алматы). Ғалымдардың басты мақсаты – Ұлы Жібек жолының заманауи жағдайдағы туристік яғни саяхатшылық мүмкіндіктерін зерттеу, сондай-ақ, ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов қағазға түсіріп кеткен халықтың хал-ақуалы қаншалықты өзгергенін, табиғат жағдайы туралы бағдарлау. Тағы бір ескеретін жайт, экспедиция жетекшілерінің ойынша 28-29 шілде күндері арнайы топ Қашқарға жетуге тиісті. Экспедицияға қатысушылар сол жерде ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов жүріп өткен жолдармен қайта жүріп, ғалымның еңбектерінде көрсетілген бағытпен сапарлайтын болады.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: yvision.kz, tengrinews.kz
Н. Айдархан