- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- «Шоқан Уәлихановтың керуен...
«Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен» экспедициясы Шоқан жазған жерлерді зерттеуге кірісті
Қазақстандық «Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен» ғылыми-танымдық экспедициясы қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті бастамасымен Қашқар қаласына ат басын тірегенін хабарлаған едік. Саяхаттың басты мақсаты Турфаннан бастап, елді мекендер мен географиялық аумақтарға назар аудару, Шоқанның қолы жетпеген, бірақ жазбаларында айтылған елді мекендерді зерттеп, дерек көздерін жинап жүзеге асыру болатын. Құрамында Еуразия ұлттық университетінің ғалымдарынан басқа, Назарбаев университеті магистранты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, Астана қаласының балалар мен жасөспірімдер туризмінің үйірме жетекшісі және Астана қаласының туризм ассоциациясының, қазақстандық ұлттық географиялық қоғам өкілдері бар экспедицияны 2011 жылы "Антарктида (Оңтүстік полюс)", 2012 жылы "Аңызды Қазақстан" экспедицияларын ұйымдастырып, оларға басшылық жасаған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Мазбаев Орденбек Білісбекұлы басқарып келеді.
Экпедиция Ш.Уәлихановтың 180 жылдығына арналып өткізіліп отырған еліміздегі бірден-бір шара. Экспедиция Шоқан болған елді мекендерде болып, оның зерттеген нысандарын жинақтап, зерттеумен қатар Ортаазиялық төрт мемлекетті біріктіретін туристік маршруттың географиялық негізін анықтауды мақсат етуде. Экспедиция жетекшісі профессор Мазбаев Орденбектің пайымдауынша, осы ғылыми-танымдық экспедиция Шоқан мұрасына арнала отырып, болашақ туристік мемлекетаралық турларды құрастыруға өте қажет. Екіншіден, кез келген географтың арманы әлемге кеңінен танымал Азия құрлығын зерттеушілер Н.Прежевальский, Марко Поло т.б. болған нысандарды өз көздерімен көріп, қазақстандық оқырмандарға таныстыру. Нәтижесінде қазақ, орыс, ағылшын тілінде кітап альбом шығарып, Шоқанның еңбектеріне баға беру, дәріптеу. Тағы бір миссиясы Қазақстан туризмін Қытай, Қырғыз, Өзбекстан мемлекеттері арасында кіріктіру.
Экспедицияның ғылыми жетекшісі Иминов Ысмайылжанның айтуынша, экспедицияның тарихи мәні – өткен ғасырдағы бізге беймәлім деректер. "Қарапайым мысал ретінде айта кетсек, Будда дініне қатысты көне қала орындарын көру, Махмуд Қашқари басына барып мінәжат жасау біздер үшін үлкен мәртебе. Шоқан Уәлиханов жазбаларындағы елді мекендерге, салт-дәстүр т.б. құнды деректерге басты назар аударып келеміз", - дейді ол.
Қашқар жерінде экспедиция ары қарай өз жұмысын жалғастыруда.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: tengrinews.kz
М. Оңғарова