- Негізгі бет
- Психология
- Бақытқа жеткізетін тура...
Бақытқа жеткізетін тура жол
Бақытқа жету жолы оңай емес деген пікірмен келісесіз бе? Неге бақытты болудан соншалықты қорқасыз?
Екі адамның қоғамдағы орны, қаржы, отбасы жағдайы бірдей бола тұра, бірі өзін бақытты, екіншісі бақытсыз санайды. Расында көптеген социологиялық сауалнаманың нәтижесі мен зерттеулердің пайымдауынша бақыт пен қаржылай тәуелсіздік бір-бірімен байланысты емес.
Егер өзіңізді бақытты етуге дайын болсаңыз, мына нұсқаулықты жадыңызда сақтаңыз:
1. Көзқарасыңызды өзгертіңіз
Адамдардың жағымсыз естеліктерді есінде сақтап, жақсы сәттерді тез ұмытатын қасиеті бар. Алайда жүйке жүйесі өзгерістерге бейімделгіш болатындықтан, сананы бақытты болуға «бағдарламалай» аласыз. Ең алдымен, өзіңіз осы мүмкіндікке сенуіңіз керек.
2. Қазіргі сәтті бағалауды үйреніңіз
Көзіңізді жұмып, дәл қазіргі сәтті сезінуге тырысыңыз. Құстардың әсем әуені, желдің ысқырығы, жаңбырдың күшпен жерге соғылуы сынды әркімнің құлағына іліне бермейтін дыбыстарды тыңдаңыз. Айналаңызда болып жатқан жағдайға мұқият қараңыз. Ең ауыр деген жайттың өзінде сізге пайдалы болатын нәрсе табылады. Жұмыста, оқуда отырып, ертеңгі күнді аңсаудың орнына бүгінгі күнді ерекше етуге тырысыңыз. Бақытты ертеңгі күннен емес, бүгіннен бастап іздеңіз.
©Queen's studio
3. Медитация жасауды үйреніңіз
Медитация жасауды үйрену жұмыста, оқуда, өмірде пайдалы болатыны сөзсіз. Себебі ол зейін қойып, бір істі толық орындау мен сабырлы болуға дағдыландырады. Медитация жайында толық білу үшін мына сілтемеге өтіңіз.
4. Түймедейді түйедей етіңіз
Бақытты болудың тағы бір сыры – кішігірім қуанышты үлкен мерейге айналдыра білу. Шуақты күн, алғашқы қар, бейтаныс адамның көмегі, кішкентай баланың күлкісі, ит-мысықтың ойыны сынды сәттерге шын жүректен қуанып, күні бойы жайдары көңіл күйдің себебіне айналдыруға тырысыңыз. Өз сезімдеріңізді қағаз бетіне түсіріңіз.
5. Рахаттаныңыз
Күліңіз, ойнаңыз, секіріңіз, билеңіз, ән айтыңыз! Осындай әрекетіңіз үшін өзіңізден де, өзгеден де ұялмаңыз. Әр сәтіңіз үшін рақмет айта біліңіз. Жақындарыңыздың жаныңызда болғаны үшін, сізді бақытты ететіні үшін үнемі рақмет айтып тұрыңыз.
Ф. Абилова