«Күйеуге шығуым керек»

«Күйеуге шығуым керек»
Фото: Альбина Хан

Көптеген адам өмір бойы өзінің «екінші сыңарын» іздеумен келеді. Сол адамсыз өмірін мәнсіз, ал өзін бақытсыз деп санайды. 

Бірақ ешкім «біреудің жартысы» болып тумайды. «Екі адам бір бүтін» деген түсінік – әдеби шығармаларды әрлендіретін метафора. Ал, шын мәнінде әр адам – бір бүтін. Сіз – өзіңізді бақытты ете алатын жалғыз адамсыз.

«Бүтіндік» үшін басқа адамды іздеп, не қарым-қатынасты сақтауға тырыссаңыз, демек өзіңізбен өзіңіз болудан қорқасыз. Жалғыздықты ауыр дерт деп санайсыз. Бұл қорқыныш өмір бойы артыңыздан қалмайды. Сіз үнемі жарыңызды жоғалтып алудан қорқатын боласыз. Әрбір ұрыс-керісті «трагедияға» айналдыруға әдеттенесіз.

Бақытты біреуден емес, өзіңізден іздеңіз. Жалғыздықтың уақытша екенін ұмытпаңыз.  Жалғыздықтың жақсы жактарын анықтауға тырысыңыз. Жалғыздықтан қашу керек деген жалған түсінікке сенбеңіз. Жалғыздықтан қашу – өзіңізден қашу деген сөз.

©Данияр Шаймергенов

«Жақсы жігітті кездестірсем, көп ұзамай үйленуіміз керек. Жақсы адамнан айырылып қалмауым керек. Мүмкін ондай адамды енді кездестірмейтін шығармын?!» деген ойлардан аулақ болғайсыз. Мұның ешқайсысы дұрыс емес. Ешбірі сізді бақытқа жеткізбейді.

Бақытты ішкі жан дүниеңізден іздеңіз. Мақсаттарыңызға ұмтылыңыз. Кім болуды қалайсыз? Қандай қасиеттерді бойыңызға сіңіруіңіз керек? Өзіңізді өзіңіз бақытты еткенде ғана сізді шын сүйетін адам пайда болады.

Жалғыздықты қабылдап, жақсы көре біліңіз. Жалғыз болған уақытта өзіңізді «бір бүтін» сезінуге тырысыңыз.

Кезіккен адам болашақ жарыңыз болуы мүмкін. Оны енді өмірде көрмеуіңіз мүмкін. Ол сіздің жақын досыңызға айналуы мүмкін. Қалай болған күнде де мазасызданып, алдын ала уайымдамаңыз. «Тағдырыңыз» бәрін өз орнына қояды.

Екінші сыңарыңызды ішіңізден тапқанда, жалғыздықтан арылғаныңызды сезесіз. Сізді сүйетін, сіз сүйетін адамды кездестіргенде өзіңіздің кім екеніңізді ұмытпағайсыз.

Бақытты болыңыз!

Ф. Абилова