Жазушы-драматург Дулат Исабеков 75 жас мерейтойын атап өтті

Жазушы-драматург  Дулат Исабеков 75 жас мерейтойын атап өтті
Фото: auezov-theatre.kz

Жуырда ғана 75 жасын Лондонда арнайы атап өткен Дулат Исабеков – Лордтар палатасында сөз сөйлеген Шыңғыс Айтматов пен Орхан Памуктан кейінгі түркі дүниесінің үшінші жазушысы. Қазақ әдебиетінің мақтанышы. Халық сүйіп оқитын шыншыл суреткердің тойына арнайы келген халық қара шаңырақ Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры залына лық толды.

Шараға қарапайым халықтан бөлек, әлем таныған сөз шеберінің замандас-достары, әдеби ортадағы інілері мен өзге де өнер жанашырлары  келді.

Оқырман жүрегінен жол тапқан «Сүйекші», «Тіршілік», «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Тыныштық күзетшісі», «Гауһартас», «Қара шаңырақ», «Шалдар» мен «Кемпірлер» сынды мөлдір туындылар авторы тек прозамен шектелмеді.

Драматург Дулат ағамыздың пьесалары шет тілдеріне аударылып, бірнеше мемлекет театрлары сахнасында қойылып келеді.

Ұлыбритания астанасы Лондонда Дулат Исабеков шығармашылығына арналған театр фестивалінің өтуі де біртуар тұлғаның шеберлігінде шекара жоқтығының дәлеліндей.  

Шекспир елінен оралған көркемсөз шеберінің Алматыдағы кеші де керемет атмосферада өтті. 

А. Оралқызы