Бүгінгінің серісі кім?

Бүгінгінің серісі кім?

Сері – сал емес. Өнерін, онымен қоса үлде мен бүлдеге оранған киімін алға тартып, көңілі тартқан қыз келіншектерге еркелеп, ауыл шетінде сал адамдай жатып та алмайды. Өнерпаздың мінезі де, батылдығы да, жомарттығы да дәл осындай тағысын тағы делінетін жақсы қасиеттерге ие, жаңа заманның мінсіз кейіпкері. Жазушының да емес-ау, мына өмірдің, қоғамның кейіпкері десек жөн болатындай.

Қоғамның рухани құндылығы оның әрбір жекелеген адамының қасиеттерімен өлшенсе керек. Ендеше осы қасиеттерді теріп көрелік. Бірінші кезекте серілік құрған адамның өнері. Ән мен күй, ақындық пен жазушылықтан басқа, тапқыр, шешен, ақылды тағы да тағысын тағылар.

Кеше ғана мына дүниені жасап өткен Сәкен Жүнісовты ел неге «Сәкен сері» деп атады? Бала кезінен өнерге, білімге құштар болып өскен жазушы жазушылық машығын да жаттықтырды, домбыра да ойнады, кереметтей ән де айтатын. Ал інісі Орал Жүнісовтың айтуы бойынша, Сәкен сері жастайында күреске қатысып, спорт шебері де атаныпты. Әрқандай отырыстарда елді аузына қарата білетін, бірде күңірентіп, бірде күлдіретін қасиеті да жоқ емес-тін. Енді бұл қырларын аз десеңіз, кейіпкеріміз көңіл-күйі болған сәттерде отыра қалып достарына арнап шарж салатын. Тағы да сол інісі Оралдың айтуынша, суреттері нашар шыққан күні болмапты.

Сәкен сері

"– Ағамның бір нәрсені ашық айта са­латын серіге тән мінезі де болды. Айтса – кесіп айтатын. Өз сөзінен ешқашан айнып көрген емес. Жас кезінде райком мен бір­неше орыс басшыларын басынан-аяғына дейін сыбағаны бар. Бір жиналыста орыс­тар «қазақтардың көзін ашқан да біз, бә­ріне үйреткен де біз» деп көлгірсіген ғой. Мұндай кемсітулерді естігенде тыныш отыра алмаған Сәкен әлгі орысқа қарсы шығып, жеті атасын қосып сыбап, жина­лыстан кетіп қалады", - дейді Орал Жүнісов ағасы туралы. Сондай, ұлтын сүйген ерекше серілік қасиеті оның шығармашылығына жасалатын елемеу, мойындамау сияқты істерге апарады. Қазіргі аталып жүрген атақ-даңқының көбісі ел тәуелсіздік алған соң ғана алған марапаттары екенін де жақсы білеміз. Міне, мысалға алып отырған кейіпкеріміздің бойындағы қасиеттерге қарай отырып, халық оны «Сәкен сері» деп бекер айтпағанын көріп отырмыз.

Ал бүгінде, осындай қасиеттерде бойына жинаған, елдің өрендері жоқ десек – білместік болар еді. «Бүгінгінің серісі кім?» деген сұраққа жауап іздеп көрсек қайтеді?

Мақпал Жұмабай, ақын:

"Оларды танудан қалған өзіміз"

- Сері ұғымы – адам бойындағы ізгі қасиеттердің тоғысы секілді боп көрінеді маған. Менің түсінігімде ол – әділ сөйлейтін, адал өмір сүретін, жақсылықтан жаралған, жамандыққа жаны қас абсолютті адам. Ал өнері, бойындағы барлық қабілеті – соның айғағы, көрінісі. Серілік – дала демократиясы тудырған ерекше феномен. Ол мәдени ғана емес, әлеуметтік-қоғамдық құбылыс еді. Серілер – қоғамдық сананың, халықтық ойдың көрсеткіші болды. Олардың образын сауық-сайранмен байланыстыратын түсініктер бар. Мен ол түсініктерге түбегейлі қарсымын. Олардың болмысы тұрмыстық санадан биік болды. Ал ірілікке қазақ қашан да сүйсінген. Ынтық болған. Халық миллионның ішінен қадірлісін қателеспей тауып, "сері" атағаны сондықтан. Серілер ел ішінде бүгін де бар. Оларды танудан қалған өзіміз.

Он жаста болғанымда, біздің үйде Сәкен сері қонақта болды. Оның киім киісі де өзгеше еді. Әке-шешем оның даңқты Жүнісов екенін айтты. Аға үйдің кенжесінің есімі Сәкен екенін естіп, алты жасар інімізді қасына алып отырды. Әңгімелесті. Баланың өжеттігін байқап, батасын берді. "Ең жаман болғанда мендей бол!" деді. Менің көз алдымдағы Сәкен серілігінің бір көрінісі осы еді.

Жадыра Нармаханқызы, "Ақ желкен" журналының бас редакторы:

"Серіліктің бір аты – зиялылық"

- Қазіргі кезде сері десе, қыз-қырқынға қырғидай тиіп жүрген жігіттер мен жігіт ағалары көз алдымызға келеді. Өйткені, біз сері ұғымын шатастырып алғанбыз. Ал меніңше, сері ұғымы өте биік... Менің ұғымымдағы серіге бүгінгі жастардың арасында (20-35 жас аралығындағы жігіттер) ешқандай жігіттің атын атай алмай отырмын. Осы сұрақ қойылғанда аузыма бірден жастардың аты түсе қоймағандығы осының белгісі ғой деймін. Әлде әркім өз замандасына көңілі толмауы заңдылық па екен?.. Сондықтан, үлкендеу ағаларымыздың атын атасам айыпқа бұйырмассыздар... Журналист Нұртөре Жүсіп ағамыздан серілікті, ірілікті көремін. Бала мен бала, данамен дана бола алады. Өз ортасында әп-әдемі әншілігі де бар. Қолына қалам ұстаған жігіттер осы Нұртөре аға мен Дидахмет ағаға (Әшімханұлы) қарап бой түзесе дейсің... Серіліктің бір аты – зиялылық. Дидахмет ағаның бойындағы тектілікті бүгінгі әр жігіттің бойынан көргім келеді. Класссикалық әндерімізді орындаушы Ерлан Төлеутайұлында бүгінгінің серісі дер едім. Тұлғасы да келіседі. Білімі терең адамның әңгімесі жалықтырмайды. Ал бүгінгі «сері» ұғымына қайта айналып келсек... Егер де ақын-жазушы, әнші-әртістер сауық-сайран құрып, қазақтың әр қызын қарындасым дей алмайтын болса, ол сері емес, жын-пері. Өйткені, ұлттың ірілігін біз зиялы ортадан іздейміз. Ол орта «серілік» деген осы екен деп, қазағының қыздарын жылатып жатса, несіне оларды азамат деуіміз керек? Бірде біздің үлкен жазушы ағамыз Ақтау жаққа барыпты. Сонда өзінің «серілігіне» салып, саунада отырып: «Өй, бұл елде көңілімізді көтеретін қыз жоқ па?»-деп «дәметіпті». Сонда Алматыдан барған ақын-жазушыларды қонақ етіп сыйлап отырған ақтаулық азаматтар: «Ағасы, бізде көңіл көтеретін қыз деген болмайды, анамыз, жарымыз, қарындасымыз ғана бар», – депті. Міне, осыдан-ақ біздің бүгінде «сері» атанып жүрген азаматтарымыздың жайын бағамдай беріңіз.

Айгерім Сматуллаева, блогер:

"Мен үшін сері - идеал адам"

Меніңше, әр заманның өз серісі бар. Өткеннің серісін бүгінгі заман қабылдамайды. Сонау түрік қағанатында Йолық тегіннен басталып, бергі заманда Қорқытпен жалғасатын, Ақандар мен Сегіз серімен астасып, Сәкенге келіп тірелетін шоғыр бүгінге дейін ізін суытпай келеді. Аталған азаматтардың бойында айырмашылық та, ұқсастық та бар, тек оны байқай білу керек. Академик Ә.Марғұлан өзінің «Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер» атты еңбегінде сал мен серіге ерекше тоқтала кетіп, былай дейді: «Сал мен серінің ерекше қасиеттері – әрі ақындығы, әрі әншілігі, әрі күйшілігі, әрі сауыққойлығы, елге қуаныш беретін, олардың жүрегіне жарық сәуле түсіретін зиялылығы» деген. Мен үшін сері – идеал адам. Оның қай заманда болмасын қимыл-қозғалысында, ым-ишаратында, бет-жүзінде, ән айту мәнерінде, пішін-тұрпатында қисапсыз нәзік көрініс, құбылыстар жеткілікті болуы керек. Қысқаша айтқанда, уағыз адам. «Бүгінгінің серісі кім?» деген сауалға өзім танитын ҚазҰУ-дағы Қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Самал Дәрібайұлы мен әнші Рамазан Стамғазиев деген жауапты айтқан болар едім.

Бұл сұраққа өзі басқалай тәсіл тапқандағымыз осылай болды. Себебі тұрмыс құрған әпке-қарындастарымыздың жеке бас "цензурасы" бар. Ал басы бос әпке-қарындастарымыздың айтқаны осы болды. Қайтсек те, ұшы-қиыры жоқ, таңнан таңға ұрып дауласа беруге болатын бұл тақырыпты өз санаңызға қалдырдық. Әрменгі кезек сіздікі. СІЗ қалай ойлайсыз?

Сауалнаманы жүргізген Ардақ Құлтай

Сурет: sakenzhunisov.ucoz.com

А. Құлтай