Кешегі мен бүгінгі студенттің айырмашылығы қандай?

Кешегі мен бүгінгі студенттің айырмашылығы қандай?

Студенттер мерекесінің қарсаңында Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаздарымен әңгімелесіп, «Кешегі мен бүгінгі студенттің айырмашылығы қандай?» тақырыбының төңірегінде сауалнама жүргізген едік. Сүйікті ұстаздарымыздан алынған сырлы сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.


Қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасының оқытушысы Самал Дәрібайұлы:

- Әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі бар. Біздің студенттік шағымыз кешегі кеңестік жүйенің күйреп, Қазақ елі тәуелсіздік туын көтерген уақытта өтті. Яғни, біз Одақ құрамындағы республика оқу орнының студенті ретінде қабылданып, тәуелсіз елдің алғашқы түлектері ретінде жаңа өмірге қадам бастық. Студенттік кезең жұрт «өліара шақ» деп атап жүрген 90-жылдардағы ел еңсесін көтертпеген нарықтық жүйенің түрлі қиындықтарымен сәйкес келді. Бірақ ол қиындықтар «Тәуелсіз ел болдық!» деп шаттанған біздің буынды мойыта алмады. Сағаттап кезекте тұратын уақыттар да болды. Дүкен сөрелері көбіне бос болатын. Біздің буын қазіргідей ақпараттық жүйе болмағандықтан, интернет ресурстарын пайдалана алмады. Есесіне соның жақсы жақтарын көрді ғой деп ойлаймын. Себебі, студенттердің көпшілігі кітап оқып, көркем әдебиетпен сусындады. Өкінішке орай, қазір шығарманың өзін оқымай, сол шығарма төңірегіндегі деректерді ғана қанағат етушілер көбейді. Студенттік топтар арасында шығармашылық байланыстар болатын. Басқа жоғары оқу орындарының, тіпті көрші Қырғыз Республикасы ұлттық университетінің студенттерімен де шығармашылық байланыста болатынбыз. Олар бізге, біз оларға концерттік бағдараламалар, қойылымдар дайындап апарып көрсететінбіз. Ақындар өлеңдерін оқып, талқылаулар, пікірталастар жүретін. Осының барлығы ешкімнің тапсырмасынсыз-ақ, студенттердің өз бастамалырымен жүзеге асып жататын. Қазір топтар мен топтардың арасындағы осы шығармашылық байланыстың жібі үзілгендей.

Жалпы, алдыңғы толқынның кейінгі буынға көңілі толмай жатуы - жазылмаған заңдылық. Ол қай кезде де болған, бола береді. Мен біздің кезімізде бәрі керемет болды, енді бәрі керісінше деуден аулақпын. Қазіргі буынның да өзіндік ерекшеліктері, артықшылықтары бар. Бүгінгі студенттердің біразы бірнеше тіл мен техниканы жетік меңгерген. Игі істерге араласып, болашаққа сенімді қадам басуда. Менің тілегім сол білімді жастардың бойынан білік ажырамаса  деймін. Себебі, біз қазір білім мен біліктің парқын ажырата алмай қалдық. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтылмаған. Кешегі ата-бабаларымыз біз сияқты жоғары оқу орнында оқып, диплом алған жоқ. Бірақ, Алла оларға білік берді.

Баршаңызды Студенттер күнімен құттықтаймын! Сіздермен Қазақ Елі қунансын! Елді қуантатын білім мен білік, күш-қайрат, нұрлы жүрек тілеймін! 


Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті деканының қызметін атқарушы Гүлмира Қазбек:

- Кешегі мен қазіргі студенттердің айырмашылығы жер мен көктей. Мен 1985 жылы оқуға түскенімде қатарластарым кітапхананы үйіндей көретін. Ғылымға үлес қосамыз деп барын салып еңбектенетін. Мысалы, 1988 жылы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы шыққанда барлығымыз іздеп, кітап дүкендерінде кезекте тұрдық. Осы күнге дейін арамыз ажырамай әр айда бас қосып, қызықты сәттерді еске аламыз. Қазір жағдай мүлдем басқа. Оқимын деген студентке барлық жағдай жасалған. Интернет, ғаламтор бар. Керек мәліметті көзді ашып-жұмғанша бір сәтте тауып алады. Өз басым жылдамдығы уақытты үнемдейтіндігіне қарамастан ғаламторға қарсымын. Студенттеріміз сапасына назар аудармай, керек мәліметтерді сол жерден алады. Осының салдарынан жаһандану заманында ұлттық құндылықтар жоғалуда. Заман қандай болса да, болашақтың кілтін ұстаған жастар көркем әдебиеттің құндылығын түсінуі керек.

Дүниежүзіндегі тыныштықтың тірегі болар бақытты да білімді студенттер болуларыңызды шын жүректен тілеймін! Осы шақты бағалап, оқу мен көңілді кештерді, мәдени өмірді қатар алып жүріңіздер. Осындай ұл-қыздарды тәрбиелеген ата-аналарыңыз аман болсын. 25-30 жыл өтсе де бір-бірлеріңізді сағынысып, қуаныштарда бас қосатындай дәрежеде болыңыздар! Барша Студенттер қауымы, мерекелеріңіз құтты болсын!


Журналистика факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұрат Шаймаран:

- 1988-1993 жылдар аралығында білім алған буын өте бақытты болдық. Талабы мол жастарға мемлекет қолдау көрсетіп отырды. (Ол кезде ақылы бөлім деген түсінік жоқ еді). Студенттік кездің қызығы мен шыжығы да мол болды. Апта сайын рухани-әдеби кештер болып тұрды. Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкей сынды талантты жазушылармен, ақындармен кездесулер өткіздік. Қытай топырағына қазақ кітабы жетуі мүмкін емес заманда Жазушы баспасы кітап делегациясын жіберді. Сол кітаптарға қол жеткіземіз деп талай жүгіргеніміз есімде. Төл әдебиетімізбен сусындаған сол кездегі буыннан ұстаздардың үкілі үмітін ақтаған жастар өте көп шықты. 

Әр буын студенттерінің айырмашылығы көп. Ұлт пен мемлекет үшін жаны күйіп, ұлттық құндылық үшін жүгіріп жүрген, елдің басын біріктірсем деген азаматтарды көріп риза боламын. Әсіресе, қоғамдық ғылымдарға арналған факультет студенттерінің бойында патриоттық сезім мол. Алайда оқуымды бітірсем болды, дипломым қолға түссе болғаны деген студенттер де аз емес. Қазіргі студенттердің көпшілігі ақылы оқитындықтан, оларды түсінуге болады. Күнкөріс үшін өзге салада жұмыс істеп, оқуды тіршіліктің қамына айырбастауда. Бірі айбатты да айбарлы келсе, екіншілерінде кесек мінез жоқ, жасықтау келеді.

Бүгінгі жастар – болашақтың иесі, ұлттың ертеңі. Оларға мол білім мен бақыт тілеймін. Жігіттеріміз бас кессе де, тіл тартпайтын, әрдайым ақиқатты айтатын батыр да батыл болсын! Қыздарымыз болашақтың бесігін білім мен дәстүрдің дәмімен тербететін аяулы ана, сүйікті жар болсын!


Қазақ филологиясы кафедрасының тәрбие жөніндегі кафедра меңгерушісінің орынбасары Саткенова Жайна Бағашарқызы:

- Біздің студенттік кез ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келді. ХХ ғасырдың 90 жылдарының орта тұсында басталған студенттік кезеңнің, студенттік кездегі қызықты шақтардың орны мен үшін ерекше. Қазақстанның әр түкпірінен жиналған 25 талапкер білім ордасының қара шаңырағы аталған Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде бас қосты.

Сағына еске алатын менің студенттік шағым мен қазіргі ХХІ ғасырдың студенттерінің арасындағы негізгі айырмашылықтарға мыналарды атауымызға болады:

1) Біздің кезімізде кітапқа, көркем шығармаға деген құштарлық ерекше болатын; (80 минуттық семинар сабақтарында оқып келген шығармаларымызды талқылап бола алмайтынбыз, қызу пікірталас, қарама-қайшы көзқарастар уақыттың қалай өтіп кеткендігін білдіртпейтін). Әсіресе мұндай пікірталастар Алма (Алма Қыраубайқызы) апайымыздың сабағында көп болатын.

2) Қазіргі студенттер кітаптан гөрі ғаламторды көбірек пайдаланады. Техниканың құлағында ойнайды. Заман талабына сай бұл да дұрыс шығар.

3) Біздің кезіміздегі студенттер ауылдық, жалпы қазақ елінің «кеңдігі» еркін сезілетін. Қайырымды, "үлкенге құрмет, кішіге ізет" көрсете алатын, инабатты, ибалы, иман жүзді, кісінің алдынан кесе көлденең өтпейтін ұл мен қыздар көп болатын.

4) Жаһанданудың қатпарлы қабаты қаталдандырып жіберді ме маған қазіргі жастарда «өзімшілдік» басым сияқты көрінеді. Бұл жайсыздықты мен үнемі қоғамдық орындардан көріп қалып жатамын.

Тілек: Тәуелсіз ел ертеңі, келешегіміздің жарқын болашағы бүгінгі жастар! Біз оларға үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймыз! Ел үмітін ақтар ұл мен қыздың ұлттық рухы мықты болсын! 

Қазақстан тарихы кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Еділ Ноянов:

- Өзімнің студенттік өмірімді қазіргі студенттермен айырбастамайтын едім. 1981 жылы мектепті бітірген соң ЖОО-ға бірнеше рет тапсырып түсе алмадым. Арасында әскерге барып келіп, армандаған оқуыма 1985 жылы қол жеткіздім. Біздің шақта жан-жақтан келген студенттер бір ай бойы ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып, жұмыс істейтін. Осы жұмыстың арқасында бір-бірімізді тануға үлкен мүмкіндік туды. 1952-63 жылғы жастар жасымыздың алшақтығына қарамастан қатар оқыдық. Бастапқыда қыздар бізді аға деп атайтын. Кейін ауыл шаруашылық жұмысында жүріп бір-бірімізге бауыр басып кеткен соң атымызды атап үйренді. ҚазҰУ-дің базасы ол кезде Қостанай облысында болды. Жігіттер мен қыздар жазды күні құрылыс отрядтарына жұмысқа барды. Қыздар тамақ жасап, жеңіл-желпі жұмыстармен айналысса, біз қиын жұмыстарды жасадық. Бұл жұмыс жақсы қарым-қатынастың қалыптасуына септігін тигізді. Бір салада жүрген әріптестер, кезінде бір бөлмеде тұрдық. Тамақты бірігіп дайындайтынбыз. Қазір оқытушы ретінде жатақханаға барғанымда әркім өз бөлмесінде отырады. Ал біздің кезде кім қай жерде, қандай тамақ жасап жатқанын біліп отыратынбыз. Қыздардың тамағы піскен кезде дәптер сұрап барып, артынша бірнеше бала мені сұрап келіп, ақырында 10-15 адам бір дастарханның басында отырып бас қосамыз. Тамақ ішіп, ән орындап, қалжың айтып көңіл көтереміз. Қазіргі студенттерде ондай жоқ. Сол кездегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек 76% студент ауылдан келетін. Жан-жақтан келген балалардың арасында ауызбіршілік болды. Ал қазір Алматы қаласында бір топтың 30-40% қаланың балалары. Нарықтық заманда жастарымыз жеке бас үшін өмір сүруге үйренуде. Ауылдың баласы кеңдеу келсе, қаланың баласында эгоистік басым. Қазіргі студентер бір-бірімен кейін де араласып, тойларда қуаныштарын бірге бөліседі дегенге күмәнмен қараймын.

Ендігі студенттер Тәуелсіз Қазақстанда, қазақтар басқаратын елде өмір сүруде. Бүгін студент болуға мүмкіндік мол. Менің кезімде мектепті бітірген 26 баланың 2-еуі ғана ЖОО-ға түсті. Қазіргі жастар бақытты. Қазақстанның ертеңі өз қолдарыңызда. Білімді ғана болмай, сол атқа лайық болыңыздар. ЖОО-ны бітірген соң зиялы қауым болып, елімізге еренді еңбектеріңіз сіңсін. Жұрт мақтан тұтып, құрмет тұтатын деңгейге жетіңіздер. Мектеп кезіндегі достарымыз бір бөлек, ал мынау ер жетіп ғашық болатын кезең. Студенттік кездеріңізде болашақ жарларыңызды тауып, қазақ елінің бақытты отбасыларының бірі болыңыздар! 

Сұхбаттасқан: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Massaget.kz

Қ. Бүйенбай