Жүрекке әмір жүре ме?

Жүрекке әмір жүре ме?
Фото: duhovnyj.ru

Махаббат деген не өзі? Ол бар ма әлде жоқ па? Бар болса қайда? Адам дене мүшесінің қай жерінде тұрақтайды? Ал жоқ болса ше? Жоқ болса неліктен баршамыз «Махаббат... махаббат...» деп ауыз толтырып айтып жүрміз? Менің ойымша, махаббат — жай ғана сенім сияқты. Біреуге қуану мен сүйініш болса, біреуге қуару мен күйініш болар, біреуге ғажап, біреуге азап. Махаббатты өзіміз қолдан жасап, қолмен жоқ қылып жүргеніміз де осы. Барлығымыз махаббатты «ең күшті сезімге» балаймыз.

Ғашықтық... Өте албырт, жанды жаралайтын нәзік, жалынды сезім. Ал, адамның ең сезімтал мүшесі, Абай айтқандай: «Адам денесінің патшасы — жүрек». Бірақ, махаббат — cезім, сезім — жүрек деп, жүрекке әкеп соқтыруға болмайды. Жүректің бір өзі еш байламға бара алмайды. Тағы да Абайдың 17-ші қара сөзіне жүгінеміз: «Ақыл айтыпты: Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын — мен депті». Демек, махаббат — сезім, сезім — жүрек, ал жүрек пен ақыл тең дәрежеде. Екеуі бірін-бірі толықтырып тұр.

Мәселен, жүрегі емес, ақылына сүйенетін академик Асқар Жұмаділдаевтің айтуынша: «Ақындар жырды жүрегімен жазады. Әншілер әнді жүрегімен айтады. Бірақ мұның бәрін шартты сөз деп ұғу керек. Ылғи да ақыл бірінші орында, жүрек екінші орында жүреді. Ақылға салмақ түскен уақытта, жүрекке салмақ көбірек түседі. Сондықтан жұрттың барлығы жүрегім ауырады екен деп ойлайды. Шынында, жүрегі ауырмайды. Сиырда да ақыл бар, сиырда да жүрек бар. Оның жүрегі адамның жүрегінен екі есе үлкен. Неге сиыр өлең жазбайды, неге есеп шығара алмайды? Өйткені әңгімені шешетін жүрек емес, ақыл»,  дейді.

Асқар ағамыздың пікіріне сүйеніп, бұрмалай отырып, мынадай тұжырымға келемін: Асқар аға «сиырда ақыл бар» десе, мен «сиырда ақыл жоқ» дер едім. Адамды қоспағанда ең ақылды жануарлар: Маймылдар (приматтар), Дельфиндер, «Сибуя» бекетінде иесін 9 жыл күткен әйгілі Хатико сияқты иттер, ашаршылық уақытында адам асыраған — Бүркіт, Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың шапанынын етегінде ұйықтап қалған — Мысық, жылтыраған нәрсе көрсе іліп әкетер — Қарға (құстардан), 1950-60 жылдары солтүстік аудандарда тың игеру уақытында қыстың аязды күнінде жоғалып кеткен 6 жасар сәбиді аман алып қалған — Жылқылар неге өлең жазбайды немесе неге өлең айта алмайды. Себебі, олардың ақылы адамдардың ақылындай жүректеріне әмірін жүргізе алмайды.

Ләйлә қызға ғашық болған, жүрегінде ләйлі үні қап кеткен Жұматай ақылды да, ақымақ та болған. Ақылдылығы — Ләйләні жүрегімен жақсы көріп тұрып, үш рет іздеп келген Ләйләға бармай, оны өзіне муза етіп қалдыруы. Ақылдылығының пайдасы ақындығына себеп болды. Ал ақымақтығы ше? Ақымақтығы  өле-өлгенше жүрегіне жылу берген Ләйләні муза қып, өзі ғашық болған Ләйләсі үш рет іздеп келсе де Жұматайдың бармауы. Ақымақтығының да пайдасы ақындығына себеп болды. Міне, ақыл мен жүректің тоғысуы қайда жатыр?! «Жүрекке әмір жүрмейді» деген бос нәрсе, ақымақтың ісі. Жұматай әмірін жүргізді: ақылмен ғана. Жүректен ақылға емес, ақылдан жүрекке әмір түседі.

Жолдаған: Шапағат Аманжол

Ж. Исакаев