НЗМ және экология негіздері

НЗМ және экология негіздері
Фото: Ануарбек Өтешқалиев

Назарбаев Зияткерлік мектебі оқытатын пәндердің негізінде экология да маңызды сала ретінде қарастырылады. Өйткені, экология бұл – тұтас мәдениет. Адам мен қоршаған орта арасындағы әсем үйлесімділіктің орын алу үлгісі арқылы сипатталатын бұл пән туралы нақты ақпарат алу үшін Атырау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, экология пәнінің мұғалімі Ануарбек Өтешкқалиевпен тілдескен болатынбыз.

– Ануарбек, экология пәнін оқу жоспарына енгізудегі негізгі мақсаты қандай?
– Бұл пәннің негізгі мақсаты – өсіп келе жатқан жас буынның бойындағы табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай,  қоршаған ортасына деген жауапкершілікті сезіндіру. Яғни, бала табиғат пен адам егіз екенін ұғуы тиіс. Табиғатты тек тұтынатын тауар немесе зат ретінде қабылдамай, оның да даму мен күтімге зәру екенін ұғындыру – экология пәнінің міндеттерінің бірі.

– Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі экологияны оқытудың өзіндік ерекшеліктері бар ма?
– Экологияның негізгі курстарынан соң оқушы мына дағдыларды жетік меңгеруі тиіс: біріншіден, бұл ғылым саласының терминдері мен заңдары және қазігі ахуалы. Сонымен қатар, оқушы экология түсініктері мен заңдарын өзгеге еркін жеткізе алуы керек.  Экология курсы арқылы меңгерген білімді өзге салада қолданып, сараптамалық жұмыстарды жүргізе білу және табиғат пен қоғам арасындағы өзара үйлесімдікті қалыптастыруы тиіс. НЗМ білім жүйесі нақты мақсаттар бойынша жұмыс жасайды. Сол мақсаттардың орындауын оқушы да, оқытушы да еркін талап етеді. Бұл – ғылыми салада білім алуға септігін тигізетін үздік дағды.

– Экологиямен тығыз байланысты зерттеу жұмыстарының үздік үлгісі деп нені айтар едіңіз?
– Барлық зерттеу жұмысы еңбек пен күшті талап етеді. Сондықтан, бәрі үздік болуға лайықты. Өзімнің оқушыларымның арасындағы бұл салаға қызығушылық танытып, зерттеу жүргізсем, зерттеу арқылы белгілі бір нәтижеге қол жеткізсем дейтіндер көп. Мектебіміздің жұмыс жасайтын «Green clean» клубының мүшелері 2017 жылы 11 сәуірде Алматы қаласында өткізілген «GREEN BRIDGE ACROSS GENERATIONS» форумына қатысып, экологиялық клубта ұйымдастырған шаралары үшін алғыс хатпен марапатталды. Мұның өзі – үлкен жетістік. Сонымен қатар, халықаралық эколгиялық ғылыми мақалалар жинағына оқушылармыздың жұмыстары енді. Экология – бұл адамзатпен бірге көркейіп, бірге дамитын ғылым саласы. Оны зерттеу керек және зерттеу жұмыстары ұзақ жылдар бойы өзектелігін жоғалтпасы анық.фыва

– Оқушылардың елдің экологиялық ахуалына деген көзқарасы қандай?
– Оқушылар тарапынан әлеуметтік жобалар жиі іске асады. Мысалға, оқушылардың қолдауымен мектепте қағаз қалдықтарына арналған экокампустар орнатылды. Сонымен бірге, оқушылар әркез тәжиребе жұмыстарымен айналысады. Соның ішінде, Бектайыр Төлешов атты оқушымыздың топырақты мұнай қалдығынан тазартатын робот құрастырып шығарғанын атап көрсетуге болады. Бұл жас буынның ел экологиясына, жалпы, өз қоршаған ортасына немқұрайлы қарамайтыны білдіреді.

Ұстаз ретінде олардың қызығушылығын ояту үшін қандай жұмыстар атқарасыз?
– Білім алушылардың қатарында зияткерлік ойындағрға деген қызығушылық жоғары. «Климат қорапшасы» (Климатическая шкатулка) секілді ойындар жинағы, соның ішінде эко карталар, эко монополия секілді ойындар оқушыларды тек ойлануға үйретіп қана қоймай, эколгиялық терминдер мен заңдылықтарды тез меңгеруге көмектеседі.

Өскелең ұрпаққа жастайынан қоршаған ортаның маңыздылығын түсіндірсек, ертең бармақ тістеп қалмайтынымыз анық. Өйткені, бүгінгі адамзаттың тұтыну қарқынымен басты қажеттілігіміз таза ауа, ішуге жарамды су мен қоныстануға қолайлы аймақ екенін есімізден бір сәт шығарып алғандаймыз. Ал, экология курстары, жас зияткердің тек білімін арттырып қана қоймай, оның бойындағы адами қасиеттерді дамытады деп сенеміз.

Т. Есқали