12 жылдық білім беру жүйесіне көшу не береді?

12 жылдық білім беру жүйесіне көшу не береді?
Фото: Ернар Алмабек

Қазақстан Республикасының халықаралық білім аренасына шығуы үшін, барша үздіксіз білім беру жүйесінде бәсекеге қабілетті болуы жолында жасаған алғашқы қадамдарының бірі – 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жобасы.

Өмірде маман иесі болып, жетістікке жету үшін, келешекте білімді жетілдіру үшін дәстүрлі түрде орта білім берілуі міндетті. Нарықтық экономика жағдайында да бәсекеге қабілетті ететін факторлардың бірі өзін өзі білімге ұмтылдыру, мектеп түлектері сапалы білім алып, алдағы оқу жоспарына сай болып баруы тиіс.

Білім беру жүйесін жетілдіруге арналған 2011-2020 жылғы Мемлекеттік бағдарламада белгіленгендей, білім беруге арналған мектеп модельдерін жаңашаландыруға елдің саяси еркі бар. Кезіндегі он жылдық жалпы орта білім беру жүйесінен он бір жылдық білім беретін мектеп ретінде ауыстыру кезінен Қазақстан біраз тәжірибе де жинап үлгерді. Енді ол кездегіге қарағанда қазіргі заманның балалары да ерекше ақылды боп туады, олардың оқытатын басқа жүйе қажет, сондықтан педагогикалық кадрлардан бастап, мектептегі ескі техникалардың өзін жаңасына алмастыратын уақыт жетті.

Ұзақ уақытқа созылған мектептердегі білім беру жүйесін жаңашаландыруды тездетуге болады. Біріншіден, мұндай күрделі жұобаны «болашақтың мектебін құру» деген әдістемеге бағыттау. Екіншіден, алдағы жылдары модельдеуді жетілдіру тәжірибесіне немқұрайлы қарамау. Үшіншіден, таусылмайтын «плюрализм», яғни қоғамның пікірі, педагогтардың пікірі, ұйымдастырушылардың, заң шығарушылардың ойы әр жерден шығып, бір арнаға тоғыса алмауы. Мұның барлығына жылдар бойы он екі жылдық білім беру жүйесіне көшуге бөлінген қаражаттың жетпей жатқанын да қосуға болады.

Жалпы орта білім беру, базалық үздіксіз білім беру жүйесі ретінде ХХІ ғасырда жаңа, жетілдірілген сапамен қамтамасыз етілуі тиіс. Ол өтілетін пәндер саны көп болуымен өлшенбейді. Білім сапасы түлекті болашақта өз жолын дұрыс таңдай алуға, барлық машықты игере білуге, өз бетімен еңбек етіп, ешкімнің көмегінсіз шешім қабылдауға үйретіп, мектептен түлеп ұшыруымен бағаланады.

Біздің еліміз жас мемлекет болғандықтан, қай салада болса да шет елдермен тәжірибе алмасуға, үлгі алуға тура келеді. Бірақ үлгі алғанда көзсіз көшіре беру емес, әлемдік тәжірибенің озық жақтарын ғана бетке алып, өз халқымыздың мәдениетіне, менталитетіне сәйкестендіріп енгізу. Білім беруді осындай негізде ұйымдастырудың пайдалы жақтары: ынтымақтастық, үлкенге құрмет, ашықтық, қазақи патриоттық, азаматтық жауапкершілік, өмірдегі кез келген қиындыққа төпеп беруге үйрену. Осы қасиеттер негізінде құрылған философиялық әдістеме нәтижесін бүгін жеке тұлғаны жаңа әлемге дағдыландыру деп қарауға болады. Ешқандай ойдан шығарушылық, абстрактілік, идеологияландыру емес, жай ғана өмір мәнін түсіндіру, жауапкершілікті ұғындыру. Одан шығатын құндылықтар:

– қоғам өміріне белсенді араласуда және дұрыс шешім қабылдауда сыни тұрғыда, шығармашылық бағытта ойлану, өзгерістерге дайын болу, кез келген жағдайға бейімделу;
– ұжымда қарым-қатынасты жақсы ұстай алатын, ақпараттық-қарым-қатынастық салада кез келгенмен тіл табыса алу;
– қоршаған ортаның пікіріне және мәдениетіне құрмет көрсету;
– жауапкершілікті сезіну, Отан алдындағы міндеттерін орындауда азаматтық ұстанымы болуы, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосу;
– өзіне және өзгелерге деген құрметі ретінде қамқор да жанашыр болу;
– мансаптық өсу жолында және өмірдегі барлық сынақтарға қарсы тұра білу үшін барлық үдерісті өз бетімен санада сараптап отыру.

Осының барлығы іштей өз-өзімен үйлесімге келген, жан-жақты жетілген тұлғаны қалыптастырады. Осының нәтижесінде: білім алуда шығармашылық тұрғыда ойлану, сыни көзқарас қалыптастыру, ғылыми зерттеу жұмыстарын орындау, ақпараттық-коммуникативтік технологиясын дұрыс пайдалана білу, тілдік машықтарын іске қосып жақсы қарым-қатынас орнату тәсілі, топпен және жекелей жұмыс істей білу сынды қабілеттерді бойына мектеп жасынан сіңіруге әкеледі.

Білім беру ұғымы беретін мәннің өзі өзгерді. Оның алға бағытталған мақсаты да осыны көрсетеді. Біз бұрынғы тәжірибеміз бен оқыту әдістемеміз ескіргенін ертерек түсінген сайын оның беретін қорытындысы да жақсырақ болмақ, барлығымыздың санамызға революция керек. Қазіргі түлектер мен осыдан 40-50 жыл бұрын мектеп бітіргендерді салыстырып көрсеңіз, арасы жер мен көктей екеніне көз жеткізесіз. Заман бізден көпқырлы болуды талап етеді, жаңа идеялар мен әдіс-тәсілдерді дұрыс қабылдап, тез арада іс жүзінде сынақ жасап көруді қажет етеді.

@. @assel_assanova