Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша олимпиада өтеді

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша олимпиада өтеді
Фото: wallpapercave.com

Шетелде тұратын қазақ диаспорасының ерекше дарынды балаларын анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2016 жылғы 20-24 маусымда Алматы қаласындағы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы базасында  «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты қазақ тілі мен әдебиетінен XIII Халықаралық олимпиадасын  өткізеді.

Олимпиаданың негізгі мақсаты – қазақ диаспорасы балаларының ана тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, мәдениеті мен өнері бойынша танымдық қабілетін дамыту, әлемнің әр елдерінде тұратын қазақ жастарының достық байланыстарына ықпал ету, қазақ диаспорасы өкілдері арасында қазақ тілін меңгеру, мәдениетінің деңгейін көтеру және еліміздің тарихына, Қазақстанның қазіргі дамуына қызығушылықтарын арттыру болып табылады.

Қазақ тілі мен әдебиеті бойынша өтетін олимпиадаға қазақ диаспорасының өкілдері тұратын мемлекеттердегі жалпы білім беретін мекемелердің дарынды балалары қатыса алады.

Биылғы олимпиадаға Иран, Турция, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Ресей Федерациясының Самара,  Омбы және  Алтай өлкесі құрама командалары қатысады.

Қатысушыларға экскурсиялар ұйымдастырылады.

Олимпиада 2 кезеңде өтеді. Бірінші кезең жазбаша, екінші кезең ауызша өтеді.

Олимпиаданың жеңімпаздары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің  I, II, III дәрежелі дипломдарымен, грамоталармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады. Барлық олимпиада қатысушыларына сертификаттар беріледі.

Олимпиаданың салтанатты ашылуы 2016 жылғы 20 маусымда сағат 16.00-де, ал салтанатты жабылуы рәсімі 2016 жылғы 24 маусымда сағат 11.00-де «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында өтеді.

Г. Берік