Қазақ тілі мен әдебиетінен пәндік олимпиада қатысушыларына

Қазақ тілі мен әдебиетінен пәндік олимпиада қатысушыларына
Фото: bilim-atyrau.kz

Жыл сайын мектеп оқушылары арасында пәндік олимпиада болады. Ол мектепшілік, қалалық (аудандық), облыстық, республикалық кезеңдерден тұрады. Бір кезеңнен жүлделі орын алған оқушылардың жұмысы іріктеліп, келесі кезеңге өткізіліп отырады. Ал мектебі облыстық, республикалық деңгейде болса, бірден сол кезеңге тікелей жолдама беріледі. Біз сіздерге қазақ тілі мен әдебиетінен пәндік олимпиада тапсырмаларының бірнеше нұсқасын ұсынамыз.

Олимпиада жазбаша түрде 2 тур арқылы өтеді. I турда берілген үш тақырыптың біріне шығарма жазасыз. Жазбаша жұмыс бес критерий бойынша ең жоғары 50 ұпаймен бағаланады:

1) Шығарманың мазмұны, ой тереңдігі – 10 ұпай;
2) Әдеби материалды пайдалану деңгейі – 10 ұпай;
3) Шығарманың жазылу стилі мен тілі – 10 ұпай;
4) Тыныс белгілері (пунктуация) – 10 ұпай;
5) Емле (орфография) – 10 ұпай.

Шығарма тақырыптарының біреуі – еркін тақырып, екеуі – оқу бағдарламасына сәйкес таңдалады. Сізге мынадай тақырыптар ұсынылуы мүмкін:

Мағжан поэзиясындағы ұлттық рух.
Бейімбет әңгімелеріндегі өмір шындығы.
Жүсіпбек – әңгіме шебері.
Тұманбай поэзиясындағы сыршыл әуен.
Жамбыл - айтыс алыбы.
Сәкен Сейфуллиннің сыршыл поэзиясы.
«Ойлансаңшы, бос қақпай, елең-селең» (Абай).
Менің сүйікті кейіпкерім.
Домбыра – қазақтың жаны.

Қай тақырыпты таңдасаңыз да жан-жақты ашып, өлең үзінділерін, шешендік сөздерді дәйекке ала отырып, көркем тілмен жазып шығыңыз.

II тур 5 тапсырмадан тұрады. Әр сұраққа ең жоғары 10 ұпай қойылады:

9-10 ұпай – жауабы ерекше, жауап барысында мектеп бағдарламасынан тыс мәліметтер мен деректерді келтіре отырып, терең білім алғанын байқатады;
7-8 ұпай – сұраққа толық жауап берілді, кейбір қосымша мәліметтер келтіре білді;
5-6 ұпай – жауап барынша толық болмады, терминдерді түсіндіруде, анықтамалар мен ережелерді жазуда, сөйлем талдауда кейбір қателіктер кездесті;
3-4 ұпай – жауабы толық емес, дөрекі қателер бар;
1-2 ұпай – сұраққа жауаптың қатысы жоқ, нақты емес.
Екінші турдан оқушы ең жоғары 50 ұпай жинайды.

1-сұрақ қазақ әдебиеті пәнінен (мәтін-сұрақ) үзінді келеді. Берілген төрт шумақтың (кейде проза, пьесадан үзінді алынуы мүмкін) қай шығармадан алынғанын, авторы кім екенін тауып, автордың шығармашылығы, өмірі, шығарманың мазмұны жөнінде қысқаша мәлімет берілуі тиіс. Ол үшін техникалық, гуманитарлық бағыттағы әдебиет оқулықтарын хрестоматиясымен қоса толық оқып шығуыңызға тура келеді. Үзінді үлгілері:

1) «Айдын көлде сын болмас,
Жағасы болса құрақсыз.
Асқар тауда сын болмас,
Бауыры болса бұлақсыз».

2) «Қып-қызыл боп тұтылып,
Бұлтқа кірді азалы ай.
Қара аспанда қанжардай
Жарқылдады нажағай».

3) «Мен ойпаң жерде аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты қаңқам мен сенікі,
Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!»

4) «Қой, мен жасық болмайын. Өзімдей Орынбай колхозды басқарып, партияны басқарып, жұртқа үлгі болып жүргені анау. Мен сонда қатыннан қаймығып, отырмақпын ба? Ерем десе, ерсін, ермеймін десе, өзің білесің, қатын, - дейін».

5) «Қымызы бал шараптай,
Жігіті бағлан манаптай.
Тұлпары тарпаң қанатты,
Сағындым бейбіт елімді.
...Сағындым Арқа жерімді».

Егер келген үзіндіні анықтай алмасаңыз, қай автордың стиліне ұқсайтынын жобалап, сол автор туралы қысқаша мәлімет берсеңіз де қосымша болады.

Жалғасы...

@. @assel_assanova