Қазақ тілі мен әдебиетінен пәндік олимпиада қатысушыларына #2

Қазақ тілі мен әдебиетінен пәндік олимпиада қатысушыларына #2
Фото: kazmkpu.kz

Басы

2-тапсырма үлгілері:

1) Әдебиет теориясының негізгі мақсаты;
2) Айшықтау және оның түрлері, мысал келтіріңіз;
3) Анафора. 2-3 мысал келтіріңіз;
4) А.Байтұрсынұлы роман жанры туралы;
5) А.Байтұрсынұлының ұлы әңгіме, ұзақ әңгіме, ұсақ әңгімесіне қысқаша түсінік;
6) Әдебиет тектері, түрлері;
7) Астарлау және меңзеу;
8) Символ түсінігі, мысал келтіріңіз;

Осы тапсырмалардың екі нұсқасы келеді. Яғни көрсетілгендердің екіншісі және алтыншысы не төртіншісі және жетіншісі келуі мүмкін. Әр қайсысын жете игеріп, өлең жолдарымен үзінді келтіруге дайын болғаныңыз абзал.

3-тапсырма қазақ тілі пәнінен келеді. Оның мынадай нұсқалары бар:
1) Шешендік өнер дегеніміз не? Шешендік бастаулары қай ғасырдан және қандай шығармалардан басталады?
2) П.С.Порохощиков (соттағы) шешен алдындағы қандай міндеттерді бөле-жара атайды?
3) Шешендік сөздің қатысымдық сапалары. Әрбір ұғымға жеке-жеке түсінік беріңіз.
4) Шешендік өнерден қандай стильді байқауға болады?
5) Жұрт алдында сөйлеуде ескерілетін қағида?
6) Тілдік жүйе, тілдік норма, сөз тазалығы ұғымдарына түсінік беріңіз;
7) Қазақ тіліндегі басты стильдерді атаңыз?
8) Туыстығы жағынан қазақ тіліне ең жақын тілдер қайсысы: әзірбайжан, қырғыз, өзбек, түрікмен, чуваш, қарақалпақ, татар, башқұрт, якут, тува, хакас, алтай, құмық, гагауз, түрік, ұйғыр.
9) Кейде тест түрінде де келуі ықтимал.
Талдаудың логикалық тәсіліне жатпайтын термин:
а)дәлелдеу; ә)салыстыру; б)жинақтау; в)синтез; г)анализ.

Шешендік сөздердің тектері мен түрлеріне жатпайтын ұғым:
а)әлеуметтік-саяси; ә)әлеуметтік-тұрмыстық; б)ресми; в)академиялық; г)діни;

4-тапсырма үлгілері:
1) Жұрт алдында сөйлеуге дайындық бірнеше сатыдан тұрады. Қандай сатылардан тұрады?
2) Іс қағаздар стилінің ерекшелігі;
3) Леп белгісі, сұрақ белгісі, көп нүкте. Ережелері, мысал келтіріңіз.
4) Туыстығы жағынан қазақ тіліне жақын, қыпшақ диалектісіне жататын үш тілді таңдаңыз: түрік, түрікмен, әзірбайжан, ноғай, қарашай, башқұрт, ұйғыр, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, татар, құмық.

5) Ескі қазақ жазба тіліне тән емес белгі (10-сынып):
а) Қазақ хандығының іс қағаздарында қолданылады;
ә) Ш.Уәлихановтың хат-қағаздарының тілі;
б) Байырғы түркілік сөздер көп кездеседі;
в) Жалпы халықтық сипат алады;
г) XIX ғасырдың аяғында сөйлеу тілінің ықпалына ұшырады.

6) Ежелгі Грекия мен Ежелгі Римде шешендік өнердің арнайы бағдарламасын ұсынған ғалым:

а)Цицерон; ә)Сократ; б)Квинтиллиан; в)Платон г)Аристотель

7) Қарамен жазылған сөздерге морфологиялық талдау жасаңыз: Заң бойынша жүрейік деп келгенбіз. Әкімдік арқылы естідік. Әдейілеп келгеннен соң, кезекке тұрғалы ішке өттік. Алдымызға қағаз-қалам әкелінді. Байқасақ, үдетіп келе жатыр. Қаламды тастай салдық. Бұл жігітті бұрыннан білетінбіз. Бастығыңа айтайын мен сені деп, зорға қайтардым. Оған да көнетін емес. Күш көрсеткісі келеді әуелі. Мақтаншақ қызметкерден алыс кетпек болдым. Досым көреген еді. Ашуланбай демін ішіне тартып отырады.

5-тапсырмада көбіне эссе жазу тапсырылады. Оған мынадай тақырыптардың біреуі келуі мүмкін:

1) Бұлақ көрсең, көзін аш;
2) «Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін» (А.Байтұрсынов);
3) Қалғанша жарты қаңқам мен сенікі...
4) Ырыс алды – ынтымақ;
5) Үмітін үзген қайратсыздық;
6) Ізгілік туралы ілкі ой.

Бұл бір нұсқасы ғана. Осы тектес тақырыптардың барлығына дайындалсаңыз, өзіңізге сенімді, батыл түрде қатысасыз. Республикалық пәндік олимпиададан 11-сыныпта жүлделі орын алсаңыз, грнтқа ие боласыз. Сізге сәттілік серік болсын, жас дос!

@. @assel_assanova