Үйдің кішісі болғанша...

Үйдің кішісі болғанша...
Фото: voxpopuli.kz

Әр отбасының сүт кенжесі әртүрлі болады. Бірі қоян аяғын жеген тентек болса, бірі анасының қолғанаты, енді бірі ерке боп өседі. Егер үйдің кенжесі тым ерке болып өссе, баланың үлкені кенжесіне қызыға да қызғана қарайды. Сол себепті «алдымда не ағам, не әпкем болғанда ғой» деген ойдың тінін ұстап жүреді, тіпті үйдегі кішкентай кикілжіңнің арасында дауыстап айтып жіберуі де мүмкін.

Үйдің кенжесі тентек болса, ол жасаған бұзықтық – «құқық бұзу» деп есептелмейді. Мысалы, ағасының химия пәнінен сарамандық жұмыс дәптерін алып кетіп, сынауықтарға ұқсамайтын суреттер салып берсе, «ол әлі кішкентай, ұрыспай, түсіндіріп айт» деген ескертулер ми қабаттарына да жазылып жатады.

Ал үйдің қолғанаты болса ше? Дастархан басына жиналып, тамақтана бастағанда «Назкентай, қасық әперіп жіберші», «Жақсылық етсең, бүтін ет – су әкеліп бересің бе?», «Тұрдың ғой, есікті жауып келші» деп, тіпті орындығының арқалығында ілулі тұрған сүлгіні алмай, сол "Назкентайды" жұмсап, тамағын суытып жібереді...

Барлық оқырманға таныс жағдай болар. «Жұмсаса, құл болмайсың» деген таныммен өсірген ата-бабамыз «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сырлас» деген нақылды да айтқан. Үйдің кенжесі осы жағдайларға қалай қарайды екен.

Сұлтан Орынбасар, 14 жаста:
«Үйдің кенжесі болған жақсы. Барлық тәтті – алдыңда. Мұның бәрі жұмсаған кезде жоқ болып кетеді. Үлкендердің жұмсағанынан қашпаймын. Өйткені, атам еңбекке баулыған. Үйде жалғыз қаларда «мына тірліктерді бітір» деп тапсырған жұмыстарды жақсы көремін. Яғни, мен ешкімге, ешкім маған кедергі келтірмесе екен деймін. Оған қоса, жұмыстың үстіне жұмыс бергенде шаршап кетемін. Әйтеуір, ілініп-салынып бітіремін. Тез істеймін деп, шала бүлдіретінім бар. Міне, сол үшін «біртіндеп тапсырыңызшы» деп сұрап аламын.

Мәлік Сейтбек, 17 жаста:
Мен – үйдің кенжесі, анасының еркесімін. «Үйдің кішісі болғанша, иттің күшігі бол» демекші, жұмсаған жерлерінің барлығына еш қарсылықсыз барып келемін. Үлкенге құрмет көрсетіп, үнемі айтқандарын орындап, ақылдарын тыңдап жүремін. Ренжіп, "менен басқа ешкім жоқ осы үйде" деген секілді даулар туындамайды екен.

Әселханым Ғайнеден, 18 жаста:
Үйдің кішісі 7 жасар інім – Расул. Үйдің кенжесі болғандықтан, жұмсаймыз. «Менен басқа ешкім жоқ» деп қатты шу шығармағанымен, тетелес ағасына «сен бар» деп ренжитін кездері болып тұрады. Әлі кішкентай ғой көбіне аңқылдап, бастағанын тез-тез бітіруге тырысады. Бірақ «бармаймын» десе барғыза да, ұрысып көндіре де алмаймыз. Кейде «Үйдің кенжесімін, әлі бөпемін, қолымнан келмейді» деп те шу шығарып қояды, еркелеп жатып алады. Мұны заңдылық деп түсінемін.

Жалғасы бар...

Г. Берік