Мемлекеттік емтиханға дайындық. Талап қою

Мемлекеттік емтиханға дайындық. Талап қою
Фото: sachseducationconsulting.com

Мамыр айының соңында барлық мектепте мемлекеттік емтихан басталады. Негізгі және таңдау пәніне тыңғылықты дайындалып, қорытынды бағамен күресіп жүрген оқушылардың қарасы көп. Емтиханға дайындық кезінде сыныптан-сыныпқа жақсы көрсеткішпен көшу, ата-ананы қуанту, бауырларға үлгі болуды ойлары анық.

Емтиханға дайындық кезінде оқушы жақсы көрсеткіш көрсетуі үшін алдына мақсат қойып, оған жету үшін міндеттерді тізуі керек. Сонымен, оқушы өз-өзіне қандай талаптар қоюы керек?

Сенім. Бұл сынақтан еш кедергісіз өтетініне сену. Білек сыбана кірісіп кете алатынына нық сенімі болуы керек. «Қолымнан түк келмейді», «орындайтын тапсырма көп», «есептер күрделі» деген сылтаулардың астына батып қалсаңыз, сізді бұл қоқыстан сеніміңіз ғана шығара алады.

Уақыт. Емтиханға дайындық орын талғамайды. Үйде, сыныпта, асханада, сыныптасыңыздың үйінде отырып-ақ дайындала беріңіз. Бастысы, «қаруларыңыз» жаныңыздан табылсын. Әр пәнге белгілі бір уақыт арнаңыз. Егер қазақ тілден жақсы көрсеткішке ие болып, математикадан ақсап жүрсеңіз, екінші пәнге көп уақыт бөліңіз.

Күн тәртібі. Белгілі бір тәртіппен жүрген оқушы уақытын үнемді пайдалана алады. Жеке тәжірибелердің көпшілігінде оқушы сағат түнгі 12-де ұйықтап, таңғы 6-да оянады. Тамақтанып, оңайдан күрделіге қарай жүйесімен дайындықты бастайды. Мектепке дайындалғанға дейін біраз мағлұмат жинап алады. Сол жігерімен мектепке барып, сабақ үстінде «жұмысын» жалғастырады. Сабақтан кейінгі дайындықтарды смартфонға телміріп емес, кітап кеміріп, уақытын алтынға телиді.

Техника. Барлық техникалық, электрондық құрылғылардан алшақ болған дұрыс. Олардан тарайтын сәулелер сізге көрінбесе де, кері әсерін тигізіп жатыр. Бұл – бір. Екіншіден, уақытыңызды жоғалтасыз. 

Тағам. Емтиханға күні ұзақ дайындалу үшін ағза да дайындық керек. Нан, сүт, жұмыртқа, шоколад, алма, су сынды пайдалы әрі құнарлы тағамдарды жеген абзал. Тез дайындалатын және қытырлақ тамақтар ми жұмысына кедергі келтіреді.

Г. Берік