Жаңа мектепке тез үйрену

Жаңа мектепке тез үйрену
Фото: astana.gov.kz

Оқушы ата-анасының жұмыс жағдайына байланысты мектеп ауыстырса немесе ағылшын тілін, математиканы, әдебиетті тереңдететіп оқытатын басқа сыныпқа көшсе, бара сала бұрынғы оқыған жеріндегідей тез үйреніп кете алмайды.

Жаңа мектепке не жаңа сыныпқа қанша уақытта бой үйретуге болады? Төмендегі кеңестерге құлақ ассаңыз, 1-2 ай ішінде-ақ жаңадан келгеніңізді ұмытып, өзіңізді бұрынғы ортадағыдай жайлы сезінесіз.

Қазір бейтаныс болған адам ертең жақын досыңыз не мұғаліміңіз болып шығуы мүмкін. Дүкен кезегінде дөрекілік танытып, бірнеше күннен кейін Майқанова мұғалімінің алдына барған Қожа кейіпкерді барлығымыз білеміз ғой. Осындай жағдайға тап болмас үшін барлық адаммен бірдей қарым-қатынаста болыңыз.

Бейтаныспен кикілжіңге келіп қалсаңыз, барынша бейбіт жолмен шешіңіз. Ол адамның әрекеті дұрыс емес болса да, өзіңізді басып, ымыраға келіңіз. Сіз жаңадан келдіңіз, олар барлығы бір-бірімен бұрыннан дос. Біреуімен келіспей қалсаңыз, барлығы сізге өш болып кетуі мүмкін.

Оқу жылының басында жаңадан барсаңыз, мектептегі барлығының назары сізде болады, сізге көптеген сұрақ қояды. Олардың сұрағына саспай жауап бере отырып, өзіңіз де білгіңіз келген сауалдарды сұраңыз. Өзіңізді сенімді, көңілді ұстаңыз. Мейірімді, жұмсақ мінезді болыңыз, сонда барлығы сізге үйір болады.

Жаңа ортаға ашыла алмайтын, ұялшақ болсаңыз, тым құрығанда жаныңыз жақын тартқан 2-3 адаммен жақсы араласыңыз. Солар арқылы біртіндеп барлығымен араласып кетесіз.

Сізбен ешкім араласқысы келмейтін сыңай танытса, оны ойлап мазаланбаңыз. Бастысы сабағыңызға көңіл бөліп, үздік оқыңыз. Біреуі бір күні үй тапсырмасына көмек сұрайды, бір күні есеп сұрайды, солай қарым-қатынас нығая түседі.

Үйренісу мүлдем қиын болса, сіздің қазіргі күйіңізді бұрын бастан кешкен адам тауып, сонымен сөйлесіңіз. Ол сізге өз тәжірибесінен кеңес береді. Жаңа сыныпқа көшу туралы кітап тауып оқыңыз, фильм көріңіз. Мотивация алып, көңіліңіз сергіп қалатын болады.

Сізге қылымсыған жігітке-қызға бірден ғашық болып қалмаңыз. «Адам аласы ішінде», кісінің қыр-сыры уақыт өте келе ашылатын болады. Оны толық таныдым деп санаған кезде ғана жақын байланыс орнатыңыз.

Көшіп барған мектебіңіздің сәні бойынша киінбеңіз. Ешкімге еліктемей, өз стиліңізді сақтаңыз. Сән саналатын бірсарынды киіну үлгісіне қарағанда, өз талғамыңызға сай үлгі таңдасаңыз, ерекшеленіп тұратыныңыз белгілі.

Бұрынғы мектепте болған келеңсіз оқиғалар жөнінде жақ ашпай-ақ қойғаныңыз абзал. Өткен қателіктерден сабақ алып, оларды енді қайталамасаңыз болғаны.

Мүмкіндік болса, сылтау тауып сыныптас-достарыңызды үйге қонаққа шақырыңыз. Олар сіздің отбасыңызбен танысып, сізді жақынырақ тани түсетін болады. Оларға жаңа қырыңыздан ашылып, қызығушылық оятуыңыз мүмкін.

Жаңа ортаға тап болғаныңызға мұңаймай, қуаныңыз. Ертең жоғары оқу орнына түскенде тәжірибелі болып барасыз. Басқалар үйін сағынып көз жастарын сығып жүргенде, сіз оңай үйренісіп кететін боласыз.

@. @assel_assanova