- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Оқуға құлшыныс арттыратын...
Оқуға құлшыныс арттыратын сөздер
Жаңа оқу жылы – тек оқушылар үшін ғана емес, ата-ана үшін де өмірдің жаңа белесі. Бала өскен сайын көкжиегі кеңейіп, бұрын-соңды кермеген қиыншылықтарға кезігеді. Мұндайда үлкендердің қолдауына аса мұқтаж болады.
«Сен жауапты адам болуың керек!» – бұл сөзді мектеп жасындағы барлық бала естиді. Ата-анаңыз осылай айтса, сізге сенбегендігі, осал санағандығы деп ұқпаңыз. Сізді қазіргіден де жақсы болсын, өзіне берер бағасы арта түссін деген мақсатпен әрдайым осылай айтады. Соған орай, өзіңіз де адам болып қалыптасуыңызды ата-ана мойнына жүктеп қоймай, қай қырыңыздан жетілуіңіз керек екенін ескеріп, өзіңізді тәрбиелеу ісіне өзіңіз де ден қойыңыз. Түрлі кітаптар оқып, тұлға болып қалыптасуды қолға алыңыз.
«Сен айтқанды бірден қағып аласың (жазуың жақсарып келеді, дұрыс шешім қабылдадың)!» – мұндай жанға жағымды мақтау естуді ешкім теріс көрмейді. Алайда марапат сөзге мардымсып, асқақтап кетпеңіз. Сол мақтауға әрдайым лайық болуға, одан да жақсы жетістіктерге жетуге талпыныңыз. Психологияға сенетін болсақ, адам өзіне сенетін кісінің бар екенін біліп жүрсе, оны біреу әрқашан арқасынан қағып, белін буып отырса, бағындырмайтын белесі қалмайды екен.
Сізге өткен жеңістеріңізді еске салып отырады. «Емтиханнан қатты қорқасың ба?» деп сізбен бірге уайымдағанға қарағанда, «Алдыңғы жылы бестік алғанда қалай қуанғаның есіңде ме?» деп өткенді еске салса, дайындыққа құлшынысыңыз арта түсері анық. Сол сәттегі сенімділігіңіз бен сергектігіңіз еске түсіп, өз қабілетіңізді қарымды қолдануға тырысасыз.
«Үй тапсырмасын орындап болмайынша компьютер (теледидар) қоспайсың!» – бұл сөзді жазалау деп түсінбеңіз. Ата-анаңыз барлығын да сіз жақсы болсын деп істейтінін күн сайын айтатын болар. Қатаң тәртіп – игі істің іргетасы. Қолыңыздан сіз ойлағаннан да көп нәрсе келетініне көз жеткізіп, пайдалы шаруаға көп уақытыңыз болатынын білгенде, ата-анаға ренжіген орнына шексіз алғыс айтатын боласыз. Сіз бәрінен де мықтысыз! Тек алға!
@. @assel_assanova