Сауалнама: Мектеп оқушыларына үй тапсырмасын бермеу бастамасын қолдайсыз ба?

Сауалнама: Мектеп оқушыларына үй тапсырмасын бермеу бастамасын қолдайсыз ба?

Қазақстандық оқушыларға үй тапсырмасын бермеу идеясы Білім Министрлігі тарапынан қолдау таппаса да, күн сайын жақтаушылары көбеюде. Олардың пікірінше, оқушылар шын мәнінде көп тапсырма алып, бос уақытын толықтай сабақ оқуға арнайды. Дәл осылай жалғаса беретін болса, бақытты балалық шақтары қызықсыз өтуі мүмкін екендігін айтады. Мұнымен қатар оқушылардың денсаулығына кері әсерін тигізетіндігін де алға тартады.

Осы тақырыптың аясында бала тәрбиелеп жүрген ұстаздар, қоғам өміріне белсене араласатын журналистер, студенттер мен оқушылар арасында сауалнама жүргіздік. 

Серікбол Хасан - zhasorken.kz сайтының редакторы:

Оқушыға үй тапсырмасын бермеу қажет деген сөзге онша қатты қосыла қоймаймын. Өйткені, балаға мектепте ғана өткен сабақ аздық етеді. Оны қайталап, қорытып отырмаса, есте сақталуы қиын. Ал сабақ үстінде сол күнгі сабақты түсіндіріп, әрі тапсырма беріп орындатуға мұғалімнің уақыты жетпейді. Сол үшін де үй тапсырмасы қажет-ақ. Оның үстіне үй тапсырмасы баланың бос уақытын үнемді қолдануына септігін тигізеді. Түске дейін сабағына барып келген бала түстен кейін не істейді? Баланың бос уақыты көбейген сайын ол бостықты басқа зиянды (компьютерде отыру, кино көру т.б) нәрселермен толтыра ма деп қорқамын. Иә, қазір бір бастама көтерілсе болды көп адамдар Батысты айтып шулап қоя береді. Бірақ біз Батыс емеспіз ғой. Оларда бұл бастама әлдеқашан басталып, қорытылып, нәтижесіне жеткен. Оларда мұғалімнің жалақысы жақсы. Сондықтан да олар, бүкіл уақытын тек қана оқушының біліміне жұмсайды. Сол үшін де үйге тапсырма берілмейді. Қорыта айтқанда, дәстүрлі үй тапсырмасы деген дүние қала бергені дұрыс. Одан баланың қан қысымы артып, жағдайы ауырлай қоймас деп ойлаймын. Керісінше, дағдылы түрде сабағына даярланып, мектеп деген киелі ордаға жауапкершілікпен барады. 

Әйгерім Бекмолдаева - Б. Атыханұлы атындағы №36 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

Келіспеймін. Оқушыға үй тапсырмасы міндетті түрде берілуі керек. Жаңа тақырыпты өз бетінше үйде пысықтауы керек. Сондықтан, бұл бастаманы қолдамаймын. Сабақта оқулықтағы барлық тапсырманы орындап біту мүмкін емес. Оған қоса, барлық оқушы бір деңгейде емес, соны да ескеру керек.

Мұхан Исахан - Әбу Хангифа ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, аналитика бөлімінің бастығы:

Үй тапсырмасы берлімесе, оқытушы мен ата-ананың арасында ешқандай байланыс орната алмаймыз. Мектепте баланың оқу үлгеріміне мұғалім қараса, үйде ата-ана қадағалау жүргізеді. Жалпы, "мұғалім-оқушы-ата-ана" үштігі бірлесіп жұмыс жасағанда ғана оқушының үлгерімі жақсы нәтижеге иек арта алады деп ойлаймын. Мектеп интернаттарда ата-ананың үйдегі қадағалау жұмысын тәрбиешілер жүргізеді. Қазір ҚТЛ-де осы әдіс қолға алынған. Басқа мектептерді былай қойғанда ҚТЛ-нің жеткен жетістігіне қарап-ақ үй тапсырмасының маңызды екенін түсіне беруімізге болады.

Жарас Таубаев - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Phd докторантура студенті:

Үй жұмысының берілуінде белгілі бір мақсат бар. Ол - ойдан шығарыла салған дүние емес, арнайы мамандардың бірлесіп құрастырған жұмысының нәтижесі. Бала мектепте берілген тапсырманы оқып, тиянақтау арқылы бос уақытын тиімді іске жұмсай алады. Бұл бастамаға толықтай қарсымын. 

Мақпал Сембай - Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназияның "Жас қаламгер" үйірме жетекшісі:

Бұл бастаманы қолдамаймын. Оқушыға өз бетінше тапсырмалар берілуі тиіс. Біріншіден, үйде өз бетінше орындайды, ізденеді, еңбектенеді. Екіншіден, ата-ана мен бала арасындағы байланыс, нақты білім алуға келгендегі байланыс нығаяды. Себебі, кейбір тапсырманы оқушы ата-анасының көмегімен жасайды. Бұл деген - ата-ана баланың біліміне немқұрайлы қарамай, бақылап, қадағалап отырады деген сөз. Жаңа тақырыпты бар болғаны 45 минутта толықтай ары кетсе 5-6 бала ұғар, ал қалғанына жаңа ақпаратты қабылдауға нақты бекітілген 45 минуттан да ұзағырақ уақыт керек болуы мүмкін. Бірақ кейбір пәннен үйге тым көп тапсырмалар беріледі де, баланы жалықтырып, зорықтырып, шаршатып жібереді. Тіпті кейбір пәнге деген қызығушылығы да кенет жоғалып кетуі ықтимал. сондықтан меніңше жас ерекшелігіне қарай, баланың уақыты және мүмкіндігі жететіндей ғана тапсырма берілуі тиіс. Қате-қате, атүсті, шала орындалған 10 тапсырмадан, нақты өзі түсінетін, қызыға орындаған, толық орындалған 5 тапсырма артық шығар.

Сырымбетова Несібелі - Алматы қаласы, №149 ЖББ мектебінің 11 сынып оқушысы:

Қолдамаймын, себебі оқушы үй тапсырмасын орындау барысында өз білімінің деңгейін арттырады, шығармашылық жұмысқа бейімделеді. Мұғалім тек мектеп оқулығының жаттығуларымен ғана шектеліп қалмай, қосымша ізденіс жұмыстарын беруі тиіс. Мысалы, қазақ әдебиеті пәнінен оқулықта жоқ роман, проза, эпопея секілді шығармаларды оқуға, тарих, биология, география пәндерінен қосалқы материалдар бойынша жұмыс жасауды тапсыруы қажет. Яғни, оқушы ізденіс арқасында, оқуға деген құштарлығы артады. Ал үй тапсырмасы берілмеген жағдайда балада жалқаулық, сабаққа деген немқұрайлылық пайда болады.

Анар Қанайбек - Алматы қаласы, №31 мектептің 11 сынып оқушысы:

Расымен де, біздің бос уақытымыз сабақ оқумен өтеді. Егер бізге күнделікті нашар баға алып қалмас үшін орындауға міндеттейтін тапсырмалар берілмесе, өзіміз қалаған тақырыпты тереңірек меңгереміз деген ойдамын. Бұл оқымайық деген сөзім емес, бар болғаны біз қалаған дүниені оқуға мүмкіндік берсе екен деген ниетім. Қарапайым жақсы көретін роман кітаптарымызды оқуға уақыт табылса екен деймін.

Ирина Советжанқызы - 31 телеарна журналисі

Менің қызым жетінші сыныпта оқиды. Күнде таңғы сағат алтыда тұрып, сабағының кешегіден қалған жартысын оқиды. Өйткені, сабақтан келе салып, үйге үйіп берген тапсырмалардың бәрін орындап тастауға шамасы жетпейді. Үй тапсырмасының тым көптігі соншалықты, оқушы түгілі, мен де орындап үлгермес ем. Яғни, сабағын екіге бөліп, оқиды. Жазуы да көп, құдды мұғалім сияқты. Сонда байқағаным - үйге үйіп-төгіп берілген тапсырманы әйтеуір орындап үлгерсем деп оқиды. Қосымша үйірмелеріне барған кездерінде кей сабақтарынан үй тапсырмасын оқып, үлгермей жатады. Әр нәрсенің басын шалып, оқыған балада қандай білім болады? Сондықтан балаларымыз сапалы білім алсын десек, оларға берілетін үй тапсырмасының тек көлемін азайту керек деп ойлаймын. Бірақ түбегейлі алып тастауға болмайды.

Ал Сіздің бұл бастама туралы пікіріңіз қандай? Оқушылар көп уақытын сабақ оқумен өткізетіні рас па?

Қ. Бүйенбай