Халықаралық Intel® ISEF 2014 ғылыми-инженерлік байқауында Әділсұлтан Лепес 4-орын алды!

Халықаралық Intel® ISEF 2014 ғылыми-инженерлік байқауында Әділсұлтан Лепес 4-орын алды!

Қазақстандық оқушы 65-ші рет ұйымдастырылған Intel® International Science and Engineering Fair (Intel® ISEF) ғылыми байқауында 4-орын алды. Бұл туралы Massaget.kz порталына Intel корпорациясының қазақстандық баспасөз қызметі хабарлады. 

Байқау Лос-Анджелесте (АҚШ, Калифорния штаты) 2014 жылдың 11-16 мамыр аралығында өткен болатын

Intel® International Science and Engineering Fair байқауында осы жылы дүние жүзінің түкпір-түкпірінен 1700 жас ғалым бақ сынады.

Олар әлемнің 70 елінде өткен 435 жергілікті байқау нәтижесінде іріктелді. Бұған дейін қазылар алқасының шешімімен ақтық сайысқа жолдама алып, ел намысын қорғайтын жас ғалымдар тізімін хабарлаған болатынбыз. 

Тағы да естеріңізге салып өтсек, халықаралық Intel® ISEF 2014 ғылыми-инженерлік байқауына Қазақстан атынан Нұрила Қамбар, Әсет Жаңабаев, Әділсұлтан Лепес атты жоғары сынып оқушылары мен физика, математикадан ғылыми жетекші Ернұр Рысмағамбетов, О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының мұғалімі Ибрагим Ибатулин қатысты. 

Байқаудың жүлде қоры – $5 млн. Негізгі жүлделерді Intel корпорациясы мен Intel Foundation қоры ұсынды. 

Әділсұлтан Лепес «10 теңсіздіктің баламалы дәлелі: тұрақты шаманы айырушы тәсіл» атты жобасымен Intel ISEF байқауында "Математика" секциясы бойынша 4-орын алды. Ол Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы.

Intel® ISEF байқауы 1950 жылдан бастап Society for Science & the Public коммерциялық емес ұйымының мұрындық болуымен АҚШ-та жыл сайын өткізіліп келеді. 

Massaget.kz порталы Әділсұлтан мен оның ұстаздарын және осы байқауда еліміздің намысын қорғаған жас ғалымдарды айтулы жетістікпен құттықтайды. 

Сурет: nur.kz

М. Оңғарова