Қазақстандық оқушылар АҚШ-тағы сайысқа жолдама алды

Қазақстандық оқушылар АҚШ-тағы сайысқа жолдама алды

Ақтық сайысы 2014 жылдың 11-16 мамыр аралығында Лос-Анджелес (Калифорния, АҚШ) қаласында өтетін Intel® International Science and Engineering Fair 2014 халықаралық ғылыми байқауының Қазақстандағы финалистері Алматы қаласында 2014 жылдың 29 сәуірінде анықталды.

Intel ISEF халықаралық байқауының ұлттық кезеңі қатысушыларға тек ғылыми ашылулармен танысуға ғана емес, сонымен қатар, дарынды, пікірлес достармен танысуға, елдің ғылыми іріктелген тобымен ой бөлісу мүмкіндіктеріне жол ашады.

Қазақстан Республикасында Intel ISEF жобасының іріктеу кезеңі «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасы аясында еліміздің экономикалық және мәдени-әлеуметтік даму үлгілеріне бағытталған оқушылар арасындағы республикалық ғылыми сайысы болып табылады.

Еліміздің ғылыми потенциалын арттыру және білім мен ғылымның салаларын біріктіру мақсаттарында айтулы сайыс жыл сайын «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығында ұйымдастырылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының қолдауымен өткізіліп отырған жоба іріктеуінің шешуші кезеңінде жалпы 704 оқушының 510 ғылыми жобасы марапатқа лайықты деп табылды. Қазылар алқасы шешімімен 40 жоба бірінші дәрежелі, 78 жоба екінші дәрежелі және қалған 130 жоба үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталды. Одан басқа  Intel ISEF төрелігінің арнайы номинацияларымен аймақтық жобалар арасында «физика», «компьютерлік ғылымдар», «математика» секцияларынан 5 жоба марапатталды.

INTEL ISEF 2014  БАЙҚАУЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ФИНАЛИСТЕРІ

Intel ISEF 2014 халықаралық байқауында қазылар алқасының шешімімен  АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін ақтық сайысқа жолдама алғандар:

Нұрила Қамбар, О.Жәутіков атындағы республикалық арнайы мамандандырылған физика-математикалық орта мектеп -интернаты;

Әсет Жаңабаев, Шығыс Қазақстан облысы облыстық физика, математика, информатика бағытындағы дарынды балаларға арналған арнайы мектеп-лицейі;

Әділсұлтан Лепес, О.Жәутіков атындағы республикалық арнайы мамандандырылған физика-математикалық орта мектеп-интернаты

Физика мен математика ғылымдары бойынша ғылыми жетекшілері:

Е.Рысмағамбетов, техникалық ғылымдардың магистрі;

И.Ибатулин, О.Жәутіков атындағы республикалық арнайы мамандандырылған физика-математикалық орта мектеп–интернатында математика пәнінің ұстазы;

Қазақстан командасының математика саласындағы жетекшісі Ибрагим Ибатулин Intel ISEF 2014 жобасына қатысқаннан кейінгі ойын білдірді: «2012 жылы алғаш рет Intel ISEF байқауының ақтық сайысында қазақстандық топтың жұмысын үздік деп таныған болатын. Бұл 2014 жылғы қатысушылар үшін үлкен абырой және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы жылы да оқушыларымыздың ерекше жобалары бар. А. Лепес бастаған теңсіздікті дәлелдеудің жаңа әдісі математикалық олимпиадаларда, физика, экономика, информатика негіздері және биология салаларында қолданылуда. Н.Қамбар және А. Жаңабаевтар жинақталған ионплазмалы магнетронды әдістің көмегімен көміртектің үлпегін алды».

«Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шолпан Қирабаева Intel ISEF 2014 байқауының іріктеу кезеңі жайлы өз пікірін қоса кетті: «Қазақстаннан шыққан дарынды оқушылар жыл сайын 13-18 жас аралығындағы оқушыларға арналған халықаралық іс-шаралардың бірі Intel ISEF бастамасымен ұйымдастырылатын ғылыми-техникалық жобаларына қатысады. Осы секілді байқаулар қатысушылардың өз дарынын көрсетіп, жаңа жетістіктерге жетуі жолында өте маңызды рөл атқарады».

«Қазақстанның жас ғалымдар тобына өз жобаларын АҚШ-та сенімді түрде қорғап қайтуларын тілейміз. ҚР Білім және Ғылым Министрлігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-техникалық орталығының жас ғалымдарға болашақта жаңа технологияны дамытып, жаңалық ашу деңгейіне жету мақсатында әзірден осындай байқаулар ұйымдастырып отырғандары өте орынды. Біз мемлекеттік, мемлекеттік емес және жеке  секторлармен біріге Қазақстан Республикасындағы ғылыми-техникалық үдерісті үдетіп, экономиканың жаңа сатысы экономикалық білімге жететін жол жасаймыз», - дейді  Intel-дің ТМД елдері бойынша білім беру бағдарламаларының директоры Татьяна Нанаева.

Естеріңізге сала кетейік, Intel «Дарын» орталығымен біріге Intel ISEF халықарарлық ғылыми-инженерлік байқауына қазақстандық оқушылардың қатысуын 2000 жылдан бері қолға алып келеді. Қазақстандық балалар математика, физика және жаратылыстану ғылым салаларындағы зерттеу жобаларын таныстырып келуде. Әсіресе, Intel ISEF 2012 байқауында Қарағанды облыстық «Дарын» мектеп-интернатының жоғары сынып оқушысы Әсия Құсайынованың қорғауы жоғары дәрежеде болды. Сол кезде, баяу желдің өзінде де жұмыс жасай беретін ықшам көпқұрылымды желқозғалтқышын жасағаны үшін Әсияға «Инженерлік жұмыстар ішіндегі ең үздігі» деген номинация берілді.

INTEL ISEF EDUCATOR ACADEMY 2014 ЖОБАСЫНА ҚАТЫСУ

Қазақстан – Лос-Анджелес (Калифорния, АҚШ) қаласында өтетін Intel ISEF Educator Academy 2014 халықаралық байқауына қатысатын ТМД елдерінің ішіндегі жалғыз мемлекет. Алда өтілетін 15 күндік академияда әлемнің әр елінен келетін зерек ұстаздар мектептегі зерттеулердің барысы, жүйелі білім беруді ұйымдастыру, білімгерлерді математика мен жаратылыстану ғылымдарындағы зерттеу үдерістеріне баулудың инновациялық әдістеріне қатысты оқу дәрістерін жүргізеді. Сонымен қатар, мұғалімдер басқару мен мектеп оқушыларын ғылыми көрмелерге қалай дайындау қажет екендіктері жайлы пайдалы ақпараттар алады.

Айтылған іс-шарада Қазақстан атынан шығатындар:

Мұратова Сәуле Меңдіғалиқызы, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаменті оқу үдерісі әдістемелік басқармасының бас сарапшысы;

Елекенова Ләйлә Заманқызы, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығындағы «Интеллект және халықаралық қатынастар» зертханасының меңгерушісі;

Тәженова Нағима Өмірзаққызы, т.ғ.к., Петропавл гуманитарлық колледжінің директоры, Қазақстан командасының ғылыми жетекшісі.

«ДАРЫН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК ОРТАЛЫҒЫ ТУРАЛЫ

«Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы 1996 жылы 24 мамыр күні Қазақстан Республикасы Президентінің № 3002 «Дарынды балаларға арналған мектептерді дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету» атты жарлығына орай құрылды. Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының дарынды балаларының қабілеттерін арттырып, потенциалды мүмкіндіктерінің дамуына жағдай жасау болып табылады. Толық ақпаратты «Дарын»орталығының сайтынан таба аласыздар: www.daryn.kz

INTEL ISEF ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ТУРАЛЫ

Intel International Science and Engineering Fair – Intel-дің бастамасымен әр жылы АҚШ-та өткізілетін оқушылардың ғылыми және инженерлік жетістіктерін саралайтын халықаралық байқау. Ол тек жас ғалымдарға қолдау білдірумен шектелмей, Жаратылыстану мен техникалық ғылымдардың дамуына да өз үлесін қосып келеді.

Intel ISEF 70-тен аса елдерінен 1500-дей оқушыны топтастырады және ол 60 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Бұл байқаудың мәртебесі өте жоғары. Айта кетсек, 20-ға жуық Нобель сыйлығының лауреаты мен Филдс медалінің екі лауреаты да өз кезегінде осы байқаудың жеңімпазы атанғандар. Ал жеңістің жүлделі қоры 3 миллион АҚШ долларын құрайды. Байқау туралы ақпаратты мына сайттан ала аласыздар: http://www.intel.com/education/isef

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: student.societyforscience.org

Ж. Өрісбай