Жәутіков олимпиадасына қатысуға оқушылар әлемнің 13 елінен келді

Жәутіков олимпиадасына қатысуға оқушылар әлемнің 13 елінен келді

Әлемнің 13 елінің оқушылары Алматыда өтетін халықаралық Жәутіков олимпиадасына қатысатын болды. Бұл туралы Bnеws.kz сайты Алматы қалалық Білім басқармасына сілтеме бере отырып хабарлайды.

Аталған шараның ресми ашылу салтанаты 14 қаңтар күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері сарайында өтті. Ал олимпиаданың жабылу салтанаты 18 қаңтар күніне жоспарланған.  

"Осымен тоғызыншы рет қайталанып отырған халықаралық Жәутіков олимпиадасы 14-18 қаңтар күндері Алматы әкімдігінің, сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Алматыдағы дарынды балаларға арналған О. Жәутіков атындағы республикалық физика-математикалық мектеп-интернатының аумағында өтпек. Оқушылар математика, физика және де информатика пәндері бойынша сыналады", - деп хабарлайды Алматы қалалық Білім басқармасы.

Олимпиадаға Қазақстан, Ресей, Армения, Украина, Әзірбайжан, Румыния, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Болгария, Индонезия, Монғолия секілді елдерден келген жалпы 350 оқушы бақ сынайды.

Сондай-ақ, олимпиадаға жеті елдің ғалымдары төрелік етеді. Олар: Қазақстан, Ресей, Болгария, Грузия, Армения, Беларусь және Өзбекстан. Қазылар алқасының төрағасы - Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Мұтанов Ғалымқайыр мырза. 

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: favore.pl, fattah-edu.kz

Ж. FM