Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Арнайы жобалар директоры

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Алтын ұя / Жоғарғы сынып / Буффонның 17 жастағы бозбала шағына жазған хаты

Буффонның 17 жастағы бозбала шағына жазған хаты

Буффонның 17 жастағы бозбала шағына жазған хаты

Әлем чемпионы, Италья мен Франция лигасының чемпионы, ХХІ ғасыр бірінші онжылдығының үздік қақпашысы – Джанлуиджи Буффон жақында 42 жасқа толды. Оның ThePlayersTribune-дегі әңгімесі ересек Буффонның 17 жастағы бозбала Буффонға жолданған хаты сияқты жарияланды.

“Қадірлі 17 жастағы Джанлуиджи Буффон!

Саған өте көп оқиғаны бастан кешірген, қателік жасаған бір адам хат жазып отыр. Менде саған арналған жақсы һәм жаман жаңалық бар. Бастысы ол сен және сенің жан дүниең туралы сыр шертпекші.

Бірінші, жаман жаңалық, Сен 17 жасқа толдың. Жақында армандағыныңдай нағыз футболшы боласың. Сен бәрін білетін ересек адамдайсың, бірақ әлі ана сүті аузынан кеппеген бозбаласың.

78 жастағы Пеленің 5 жасар Пелеге жазған хаты

Бірнеше күннен кейін “Парма” сапында, А сериясында алғаш жасыл алаңға шығасың. Білемін, бұдан қорқатын, жауапкершілікті сезінетін дәрежеде тәжірибелі емессің. Дәл осындай жауапты сәттен бұрын сүт ішуің керек. Бірақ сен жастар құрамасындағы досыңмен түнгі клубқа барасың. 

Бір бокал ғана сыра дейсің. Мейлі… Бірақ өзіңді ұстай алмайсың. Өзіңді үлкендердей сезіне бастайсың. Түнгі бірде клуб базасына барасың. Полициямен жаға жыртысасың. Мұндай келеңсіздікке ұрынғанша үйге қайт, өтініш.

Сен үнемі айналаңа хаос орнатуға әуессің. Иә, жүрегіңде от бар және ол сені үлкен қателіктерге қарай жетелейді. Өзіңді командаластарыңның алдында күшті немесе еркін етіп көрсетуге ұмтыласың. Бірақ мұның бәрі – бетперде. Үш күннен кейін саған тағдыр үш түрлі сыйлық сыйлайды. Бұлардың барлығы өте қауіпті сыйлар. 

Ақша. Атақ. Армандаған жұмыс.

"Бұлардың несі қауіпті?" деуің мүмкін. Парадокс. Бір жағынан қақпашы өзіне сенуі, ештеңеден қорықпауы керек. Егер бапкер техникалық жағынан мінсіз немесе ең батыл қақпашыны таңдау керек болса, ол екінші нұсқаны таңдайды. Екінші жағынан, батылдық басқа қауіптің барын ұмыттырып жібереді. Уақыт өте бұл сені күйзеліске ұрындырады. 

Қаласаң күл, шынымен бәрі осылай болады. Мансабыңның шыңындасың, әр ер адам армандайтын биіктесің – 29 жасыңда “Ювентус" пен Ұлттық құрама қақпашысы болдың. Ақша... Қошемет… Сені "Супермен" деп атай бастайды. Бірақ жақсы білесің, ешқандай да суперқаһарман емессің. Айналаңдағылар сияқты қарапайым адамсың. Дегенмен, қысым мен саған деген қарым-қатынас аяқ-қолыңды тұсайды. Жаттығуларға барасың, теледидар қарайсың, ұйықтайсың. Ертең тағы осы әрекет – ұтасың, ұтыласың. Тағы... Тағы…

Бір күні ұйқыдан оянып аяғыңның қалтырап жатқанын сезесің. Соншалықты дәрменсізсің: көлік жүргізе алмайсың. Әшейін шаршадым немесе аздап сырқаттанып қалдым деп ойлайсың. Бірақ жағдайың жақсарудың орнына ауру дендей түседі. Ештеңеге зауқың соқпайды, тек жата бересің. Жеті ай күйзелісте жүресің. Жаттығулардағы әрбір сейф үлкен мехнатты талап етеді. Қуану, күйзелістен құтылу үшін себеп іздей бастайсың. 

Кішкентай Буффон

Енді біраз кідіріс жасайық. Себебі 17 жастағы жасөспірім нені ойлайтынын білемін. 

“Не үшін?! Мен бақыттымын. Тума талант, көшбасшымын. Егер “Ювентус” қақпашысы және миллионер болсам не үшін бақытты болмауым керек?! Қандай күйзеліс?!”

Саған өте маңызды сұрақ қояйын: Неге өміріңді футболға арнадың, Джиджи? Есіңде ме?!

Жәй ғана Томас Н’Коно деме. Өтініш, терең ойла. Бәрін есіңе түсіруге тырысып көр. 

12 жастасың. 1990 жыл. Италияда әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бірінші ойын Аргентина – Камерун ұлттық құрамалары. “Сан Сиро” стадионы. 

Осы ойын кезінде қай жерде едің? Көзіңді жұм да, есіңе түсір. Үйде, жалғызсың. Әжең асханада тамақ пісіріп жүр. Даланың ыстығы үйге кірмеуі үшін перде жабылған, бөлме қараңғы, тек теледидардың әлсіз жарығы ғана бар. 

Камерун! Қызық сөз. Бұл мемлекет қай құрлықта орналасқанын білмейсің. Әлбетте, Аргентинаны, Марадонаны білесің. Бірақ Камерун футболшыларында бір сиқыр бар. Күн ыстық, ал олардың қақпашысы жеңі ұзын жейде мен қара шалбар киіп алған. Бойы ұзын, мұрты бар, жылдам. Сені бірден өзіне баурап алады. 

Ол сен өмірде көрген ең мықты адам. Комментатор оның есімі Томас Н’Коно екенін айтады. Аргентина құрамасы бұрыштамадан допты ойынға қосады. Томас ығы-жығы ойыншылар арасынан биікке секіріп допты ұрып айып алаңынан алысқа ұшырып жібереді. Осы кезде өміріңде нені қалайтыныңды сезесің. Сен жай ғана қақпашы емес, осындай қақпашы болғың келеді. Жыртқыш, батыл, еркін…

Томас Н’Коно

Ойын жалғасқан сайын қабылдаған шешімің нақтылана түседі. Камерун қарсылас қақпасынан саңылау тауып, гол соғып кетеді. Сен толқып, Камерунға жанкүйерлік ете бастайсың. Бір орында тұра алмай бір отырып, бір тұрасың. Камерундықтар алаңда 10 адамға азайып қалған соң, комментатордың да даусы жақпайды. Екінші таймда ары-бері жүре бастайсың. Соңғы бес минутта теледидар даусын өшіріп, тізерлеп, басыңды иіп отырасың. Арасында басыңды көтеріп, есепке қарап қоясың. Ойын бітті. Камерун ұтты. Көрші тұратын екі бала жүгіріп келіп: “Камерунның ойынын көрдің бе?” дейді. Қуанышың қойныңа сыймай тұр. 

Осы күннен бастап жүрегіңде алау тұтанады. Камерун деген ел бар. Томас Н’Коно деген қақпашы бар. Күндердің күнінде әлемге Буффон деген қақпашы да бар екенін дәлелдейсің. Міне, сол үшін футболшы болуды армандадың. Ақша мен атақ үшін емес! Томас ойынындағы артистизм, оның техникасы, жүрегі үшін...

Аңыз Кобидің 17 жастағы жасөспірім Кобиге жазған хаты

Есіңде болсын, ақша мен атақ басты мақсат емес. Егер футболдан тыс та өзіңді шабыттандыратын, жүрегіңді ізгілендіретін күш таба алмасаң, бір күні өшесің. Саған тек бір ғана ақыл айтайын: айналаңдағы оқиғаларға, адамдарға немқұрайлы қарама, оларға қызығып қара.

Қақпашы болу батылдықты талап етеді. Бірақ, бұл надан болу деген сөз емес. Күйзелісте жүрген кезіңде ғажайып оқиға орын алады. Бір күні үйіңнен шығып, таңғы ас ішу үшін Туриннің бейтаныс көшесімен келе жатасың. Кенет өнер мұражайына көзің түседі. Сыртындағы Шагал деген есімді оқисың. 

Бұрын мұндай есімді естімегенсің. Таныс емес. Себебі, өнер туралы ештеңе білмейсің. Жұмысың көп. Буффонсың.

Қош, Буффон кім?

Кімсің өзің?!

Хаттың ең маңызды жеріне келдік. Сол күні мұражайға кіруің керек. Бұл өміріңді өзгертіп жібереді. Мүлдем өзгересің. Егер кірмесең, сол футболшы, суперқаһарман күйіңде қаласың, жүрегің өледі. 

Кір де, ол жердегі Шагалдың жүздеген картинаcын тамашала. Көпшілігі қызықтырмайды. Әрине, жақсысы да бар. Кенет суреттердің бірі сені найзағай сынды жарқ еткізіп ұрады. Бұл суреттің аты – “Серуен”.

Марк Шагал. "Серуен"

Туындыны құдды кішкентай балақай салған сияқты. Бір әйел мен ер адам. Әйел періште сияқты аспанға ұшып кетпекші. Ер адам болса оны қолынан ұстап, күліп тұр.

Жас баланың түсі сияқты. Бұл өнер туындысы өзге тылсым әлемнен белгі беріп тұрған сияқты. Сурет жастық шақ қандай болу керек екенін есіңе салады. Бақытты болу оңай екенін түсіндіреді. Дәл Томас Н’Коно допты алысқа ұшырып жібергендегі сезім. Бұл әжеңнің сені тамаққа шақырғаны сияқты сезім. Қараңғы бөлмеде теледидар алдында дұға тілеп отырған сәтің...

Есейген сайын мұндай сезімдерді ұмытамыз. 

Ертең тағы сол музейге бар. Бұл өте қажет. Кассадағы әйел күліп: “Кеше де осы жерге келген жоқсың ба?” дейді. Дей берсін. Ішке кір. Өнер – сенің дертіңе дауа болатын бірден бір шипа. Ақылың еркіндікке шыққанда күйзелістен құтыласың. Құдды Шагал салған суреттегі әйел сияқты.

Қызық жағдай. Кейде өміріміздегі өзгерістерді біреу басқаратын сияқты болып көрінеді. Өте көп ғажайып, түсіндірілуі қиын оқиғалар орын алады... Кейбіреуі бір-бірімен қалай байланысқанына ақылым жетпейді.

“Парма” сапында жүріп надан әрекеттер жасайсың. Командаластарыңа, жанкүйерлерге өзіңді жетекші, ширақ ойыншы ретінде көрсеткің келеді. Бала кезіңде партаға жазып қойған сөзіңді футболкаңа жазасың – “Қорқақтарға өлім”.

Бұл сөз тылсым, шабыттандырады деп ойлайсың. Бұл сөз фашисттердің ұраны болғанын білмейсің. 

Саған, отбасыңа мұндай қателер көп жамандық әкеледі. Бірақ, мұндай қателер де маңызды. Осы арқылы адам екеніңді танисың. Сенің ештеңе де білмейтініңді осындай қателіктер есіңе түсіреді. Футболда барлығына өзіңнің супермен екеніңе сендіресің. Есіңде болсын, достарыңнан, қатардағы барменнен немесе қарапайым электриктен титтейде айырмашылығың жоқ. 

Жеткен жетістіктерің емес, басқалардан айырмашылығыңның жоғы, түйсігің, талантың күйзелістен құтқарады. Батылдық дегеніміз – өз дәрменсіздігіңнен ұялмау!

Өмірде бәрі бір-бірімен байланысты. Мұны түсінбейсің, жассың, аңқаусың. Мен осыны ертерек түсінбегеніме өкінемін. 41 жасымда да жүрегіңде от жанып тұрады. Сен сонда да түсінбейсің. Әлем чемпионатындағы жеңіс те көмектеспейді. Өзіңді тыныштандыру үшін бүкіл маусымда қақпаңа гол өткізбеу керек шығар. Бәлкім...

Меніңше, сен үнемі осындай болғансың.

Есіңде ме, Удине тауына ағаңмен қонақүйге барғаның. Төрт жаста едің. Түнімен қар жауды. Оған дейін өміріңде қар көрмегенсің. Таңертең оянып, терезеден қарасаң айналаң сиқырлы аппақ түске боялған. Желең киімде далаға жүгіріп шығасың. Қар не екенін білмесең де, бұл сені тоқтатпайды. Сен үшін беймәлім әлемге ұмтыласың. 

“Джанлуиджи, тоқта!” - деп артыңнан әжең айқайлайды. 

Суық сүйегіңнен өтеді, күлесің. Бір апта ыстығың көтеріліп төсекте жатасың. Бірақ саған бәрібір. Ойланбастан қар үстінде жалаңаяқ шапқылайсың. 

Сен сондайсың!

Сен Буффонсың!

Сен әлі бүкіл әлемге бар екеніңді дәлелдейсің!”

 Ізгі ниетпен, ересек Джанлуиджи Буффон

2
Рейтинг: +1

Фото: theplayerstribune.com
Қосылған күні: 11 ақпан, 15:33

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.