78 жастағы Пеленің 5 жасар Пелеге жазған хаты

78 жастағы Пеленің 5 жасар Пелеге жазған хаты
Фото: wikipedia.org
Футбол королі Пеле 23 қазан күні 78 жасын қарсы алды. Ол 78 жасында 5 жасар Пеле – Бауру қаласындағы кішкентай Эдсонға хат жазды. Назарларыңызға футбол аңызының хатын ұсынамыз.
 
"Қадірлі Эдсон. Немесе Дико... Жанұяңдағылар сені осылай деп атағанды жақсы көреді. Мені тыңда. 
 
Сендер Трес-Корасойнстан көшіп кетіп бара жатқанда анаңның ескі шұлығын алуды ұмытпа. Сен әлі жассың. Жасың беске де толған жоқ. Көп нәрсені түсінбейсің. Бірақ шұлықтарды алуды ұмытпа. Егер бұл есіңнен шығып, шұлықтарды алуды ұмытып кетсең өмірің мүлдем басқа арнаға бұрылып кетеді.
 
Сендер Бауру деп аталатын шағын қалашыққа көшіп келесіңдер. Мұның себебі, әкең футболшы, ол "Бауру Атлетико" клубында ойнайды. Бұл жерде сендердің өте кішкентай үйлерің болады. Кішкентайлығы сонша ағаңмен бір төсекте қысылып жатуға мәжбүр боласың. 
 

Аулада футбол ойнау үшін көк майса жоқ. Тек топырақ пен лай ғана болады. Бұл сенің алғашқы футбол алаңың. Кейін үлкен-үлкен алаңдарда доп тебесің. Оны кейін айтып беремін. Қазір достарыңмен бірге бамбук ағашынан қақпа жасап, осы жерде доп тебесіңдер. Доп сатып алу үшін ақшаларың болмайды. Жаңа шұлық туралы айтқаным есіңде ме? Сол шұлықтардың ішіне ескі газеттерді салып, доп жасайсыңдар.
 
Әлбетте, мұндай доптар домалақ болмайды. Бірақ уақытша осымен ойнауға мәжбүрсің. Таңнан қара кешке дейін осы доппен ойнайсыңдар. Сендерді "The Shoeless Ones" деп атайды. Осы хатты оқып отырған болсаң анаңнан барып кешірім сұра. Себебі, доп жасау үшін оның шұлықтарын әлі көп рет ұрлайсың.

Осы хатты саған жазғанымда ол 99 жасқа толды. Бірақ мен одан әлі де қорқамын. Алдына барып бірдеңе десем: "Бұл менің үйім, менің дегенім болады" дейтіндей болып тұрады. Ол әрқашан жанұяда қожайын болған. Ал әкең футбол ойнау үшін жиі-жиі сапарларда болады. Анаң сенің, ағаңның, қарындасыңның жеп-ішуі, киінуі үшін аз ғана ақшаны жеткізуге тырысады. Ол саған әлі көп нәрсе үйретеді.
 
 
Әкең сенің футбол ойнауыңды үнемі бақылап отырады. Сен 1-2, 3, тіпті, кейде 4 гол соғасың. Бірақ оның ешқашан көңілі толмайды. Үнемі сенің ойыныңнан бір кемшілік тауып, қай жерде қалай жүгіру керек екеніңді айтып отырады. Бірақ сен көбіне оның сынын түсіне бермейсің. Әкең кейде саған: "Алаңда тек гол соғуды емес, басқа да әрекеттерді үйренуің керек" дейді. Осы сөз сенің есіңде сақталып қалады. Себебі арадан біраз жыл өтіп сен "Сантоспен" чемпион болған кезіңде де ол осы сөздерді қайталайды. Ол үнемі ойыныңнан кемшілік тауып отыратын жалғыз адам.

– Сен мына жерде дұрыс жүгірмедің, неге? 
– Әке, бірақ біз 4:1 есебімен жеңдік емес пе? 
– Сен бұдан да жақсы ойнауың керек еді. Соған ұмтыл...
 
Үнемі осы жағдай. Ол бір ойында бес гол соға алған. Бразилияда бұл рекорд болып есептеледі. Ал Сен...
 

Бір күні мыңыншы голыңды соғасың. Пенальтиден болса да. Бұл мерейтойлық гол, өз командаңнан бастап, жанкүйерлер, журналистер, әлем сені бақылап тұрады. Нағыз мейрам. Голды соғасың, бәрі мәз-мейрам. Саған сыйлық береді, марапаттайды. Барлық жерге суретің ілінеді, тарих кітаптарына енесің. Дәл сол сәтте әкең келіп құлағыңа сыбырлайды: "Мен бір ойында бес гол соққанмын. Ал сен соға алмадың".
 
Күлесің. Бірақ ол саған үнемі мотивация тауып бере алатын адам. Сен оны әлемнің ең үздік футболшысы деп есептейсің. Әкең сияқты ойнауға тырысасың. Оның әрекеттерін қайталайсың. Сен оның нәтижесін (5 голын) қайталай алмайсың. Бірақ соншалықты көп гол соғасың, Пеле деген атыңды бүкіл әлемге таралады.
 
Пеле? Кім ол Пеле? Сенің есімің Эдсон, америкалық атақты Томас Эдисон құрметіне ата-анаң қойған. Сен өзіңнің атыңмен мақтанасың. Эдсон Арантес ду Насименту. Бірақ...
 
"Атлетико Бауру" командасында бір қақпашы бар. Есімі Биле. Бір күні мектептегі достарыңмен сөйлесіп тұрып: "Пеленің сейвін көрдіңдер ме?" дейсің. Сонда достарың: "Оның есімі Пеле емес, Биле" деп күледі. Осыдан соң олар сені мазақтап "Пеле" деп атай бастайды. Бұл қалжың саған ұнамағаны сонша, бір күні мектептегі достарыңмен төбелесіп қаласың. Тіпті, мектеп директоры сені 2 күнге мектептен қуып жібереді. Сол күннен бастап бүкіл мектепке "Пеле" атымен танылып кетесің. Бірақ ешқашан Эдсон есімді балақайды ұмытпа?! Оны үнемі жүрегіңде сақта.
 
 
13 жасыңнан бастап кәсіби футболмен айналыса бастайсың. Әкең ойнаған "Бауру" клубының жастар командасында доп тебесің. Міне, осы жерде алғашқы ақшаңды да табасың. Үлкен футболшылардың аяқ киімін тазалап, тапқан ақшаңа алғашқы добыңды сатып аласың. Кейін Валдемар Де Бритомен танысасың. Ол сен үшін өте маңызды адам. Кейін сол арқылы "Сантос" клубына барасың. 
 
Пеле, сен әлемдегі ең үздік футболшы болуың мүмкін. Бірақ өзіңді ешқашан ең үздік футболшымын деп есептеме. Қалтаңа өте көп ақша түседі. Оның бәрін сақтап қой. Басқаларға ұқсап кофе не темекі сатып алуға жұмсама. Сен үнемі Баурудағы балақай Эдсон болып қалуың керек. Осы сөздерімді ұмытпа. 

"Сантос" жақсы клуб. Сен бұл жерде 20 жылға жуық доп тебесің. Саған әлемнің ең атақты клубтарынан ұсыныс түседі. "Милан", "Реал" сияқты клубтар сені өз сапына қосуды қалайды. Бірақ бұл ұсыныстарды қабылдама. Бұл жер сенің жүрегіңе жақын. "Сантостағы" достарыңмен Бразилия, Оңтүстік Америкада ғана емес, әлемнің ең күшті командасына айналасыңдар.
 

1962 жылы Құрлықаралық кубокты ұтасыңдар, бірнеше рет Бразилия чемпионы боласыңдар. Әлемді аралап жолдастық кездесу өткізесіңдер. Тіпті, бірде сенің ойыныңды көру үшін Конгодағы соғысты уақытша тоқтатып қояды.
 
Бұдан бөлек, ұлттық құрамада да ойнайсың. 17 жасыңда Швециядағы әлем чемпионатына барасың. Чемпионат кезінде Бразилия туралы ешкім білмейтінін, "Ол қай жерде Аргентинада ма?" деген сынды сұрақтардан көңілің түсіп қайтады. Бірақ оған қайғырма, 1958 жылы әлем чемпионаты финалынан кейін Бразилияны бәрі білетін болады.
 
Бұл сенің үш чемпиондығыңның алғашқысы ғана. Ойын біткесін жер бауырлап жатып аласың. Командаластарың сені көтеріп тұрғызады. Бұл сәтті сөзбен айттып жеткізу қиын. Көзіңде жас... сен әлі көп жылайсың. Себебі сәл нәрсеге жылай беретін өте сезімтал баласың. 1970 жылы үшінші рет чемпион болғанда да жылайсың. 
 

Тағы бір оқиғаны айтып берейін. 1968 жылы Колумбияда командаласың Каутиньо мен колумбиялық футболшы сөзге келіп қалады. Сен де басқа командаластарың сияқты ситуацияға араласып кетесің. Бәрі біткесін төреші Каутиньомен шатастырып, саған қызыл қағаз көрсетеді. Сен ашуланып киіну бөлмесіне кіріп кетесің, бір кезде алаңнан жанкүйерлердің наразылық дауысын естисің. Бапкер жүгіріп келіп, сенің алаңға қайтуыңды сұрайды. Жанкүйерлер төрешіге сенің қателікпен алаңнан қуылғаныңды айтып, алаңға қайтаруды сұрап табандап тұрып алған. Тіпті, қарсыластардың жанкүйерлері де сенің қайтуыңды сұраған. Нәтижесінде төреші сені қайтадан алаңға қайтаруға мәжбүр болады.

Сен алаңға қайтып келгеніңде барлық жанкүйер қол соғып қарсы алады. Себебі олар сенің ойыныңды көру үшін ғана келген. Сен адамдар үшін өте маңызды ойыншысың. Саған Тәңір ғажайып тағдыр сыйлады. Сол үшін риза болуың керек. 
 

Бразилиялықтар өте ғажап. Бізде дәмді тағамдар, музыка, мәдениет бар. Бірақ қиыншылықтар да өте көп. Қылмыс пен кісі өлтіру әлі де өршіп тұр. Арада қаншама жыл өтіп, саған осы хатты жазып жатқанда да көп нәрсе өзгермеген.
 
Сен Тәңірден Бразилияның болашағы жарқын болуын сұра. Қазір де елімізде жалаңаяқ доп теуіп жүрген балақайлар бар. Қазір де доп сатып алуға ақшасы жетпей, шұлықтан доп жасап алып, ойнап жүргендер бар. Бұл өте аянышты... футбол олардың барлығына саған берген нәрселерді бере алмайды.
 
 
Ең бақытты кезің қай уақыт екенін айтайын ба? Ол сенің өмірге келген кезің... Себебі сен ғажайып жанұяда тәрбиелендің, ата-анаң қамқор болды, оқытты. Сол үшін де осындай дәрежеге жеттің. Қай мемлекетке барсаң да есік ашық. Сені құрметтейді, қол соғып қарсы алады.

Әрқашан сен сол бразилиялық сәби болып қал. Эдсон болып қал. Үш сөзді есіңнен шығарма: адалдық, сабыр, құрмет. 

Ізгі ниетпен: Эдсон Арантес ду Насименту
The Players Trubune
 
Т. Раушанұлы