- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Массагет тілшілері ҰБТ-ны...
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #7
ҰБТ-ны Массагет тілшілерінің барлығы тапсырды. Сынақ болған күн артта қалса да, күні кеше аудиторияда дұрыс жауап таңдап, қолымыздан келгенше сыныптастардан көмегімізді аямаған немесе өзгеден көмек сұраған сәтіміз әлі есімізде.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға небары бірнеше ай қалды. Сәуір айы тәмамдалысымен, мектеп бітіру салтанатына дайындық басталады. Бұл – ҰБТ-ға дайындалу үдерісі тоқтайды деген сөз. Уақыттың аз қалғанын ойлаған сайын жүрегіңіз алып-ұшып, арасында күйзеліп те жүрген боларсыз. Сол себепті біздің айтарымыз сізге көмек болар деген ниетпен басымыздан өткен оқиғаларымызды баяндамақпыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Бауыржан Жақсымбет.
2010 жылы маусымның 4 күні ҰБТ тапсырдым. Ол күнге дейін қатты қобалжыдым десем, артық айтқаным болар. Ер жігіт болған соң ба, ҰБТ маған қорқыныш сезімін сыйламайтын. Жастайымнан журналистикаға бет бұрғандықтан, әдебиет пен қазақ тілі пәндеріне жақсылап дайындалдым. Математика, орыс тілі сынды пәндерге көп көңіл бөлмедім. Оның есесіне шпаргалка пайдалану техникасын меңгеріп алдым.
Жыл сайын түлектердің ҰБТ-ны қалай тапсырып шығатынын бақылайтынмын. Бірі – жылап жатса, екіншілері – ҰБТ-дан айтарлықтай балл жинай алмаса да, оқуға түскен болатын. Осыдан кейін ҰБТ-ның өткінші екенін түсіндім.
ҰБТ болатын күні өзімнің сыныптастарым мен шалғай ауылдың мектептері жүрек дәрісін ішіп, шпаргалкасы мен ұялы телефонының орнын қайта-қайта ауыстырып жатты. Әр нәрсенің қиындығы бар демекші, бұл сынақтың да әйтеуір өтетіні анық. Ең бастысы, қалаған мамандығыма түсетіндей балл жинасам деген оймен жүрдім.
5 сыныпта оқып жүргенімде ауылымыздан Азамат Сатыбалды ағамыз шыққан еді. Сол уақытта ХХІ ғасыр көшбасшысы бағдарламасын жүргізетін. Неге сол кісідей болып көрмеске деген ой келді. Ал ата-анам менің бұл шешіміме қарсылық көрсетпеді. 11 сыныпта мамандық ауыстырамын ба деп жүрген кезімде олар керісінше осы салада қалуыма кеңес берді.
Жалпы – 117 балл, орыс тілінсіз – 92 балл алдым. Орыс тілі мен математика пәндеріне айтарлықтай дайындалмағандықтан, шпаргалка пайдаландым. Меніңше, әркім өзін кез келген жерде билей білсе, қиын ситуациядан сытылып шығады. Әрине шпаргалка пайдалануға кеңес бермеймін. Десе де әрекет жасауға ұмтылғанымыз жөн. Дайындықсыз кіріп, мүмкіндіктерді пайдалана алмаған құрдастарым да болды.
Адам әркез өзін алдыға қоюы керек. Ата-анамның мен үшін уайымдайтынын жақсы білемін. Барлығын жаман атты боламын деп емес, өзіміздің болашағымыз үшін ғана істеуіміз керек. Мен үнемі айналысатын ісімнің өзіме және айналамдағыларға қандай пайдасы тиетіндігі туралы ойлаймын. Мұны өзімшілдігім деп түсінетін шығарсыз. Үлкендермен расымен де кеңесу керек. Бірақ олар үнемі жанымызда жүрмейді ғой.
Қандай істі қолға алсам да, бірінші нәтижесін ойлаймын. Мен де өзге сыныптастарым секілді қосымша курстарға барып, үздік мұғалімдерден сабақ алдым. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі ауылымыздан 4 километр қашық жерде тұрса да, сабақтан кейін дайындыққа міндетті түрде баратынмын. Ал мектептің өзінде қызу дайындық болды демеймін. Өйткені сыныптастарым доп қуалап, түрлі ойын ойнауды жөн көретін еді.
ҰБТ-да сынама тестіде келіп жүрген сұрақтар ғана кездесті. Жанымдағылар тексеріс кіріп қалуы мүмкін деп қосымша мүмкіндіктерін пайдалана алмай отырды. Нақты білгендерімді белгілеп шығып, қалғанын шпаргалкадан қарауыма тура келді.
Дайындық барысында ай сайын жаңа 1000-2000 сұрақ жаттадық. Мұнымен қатар, ҰБТ-да сыныптастарыма жауабы қиын, бұрын-соңды көрмеген сұрақтар де келген екен. Мысалы, Роза Рымбаева концертіне қандай көйлек киіп келді, немесе Абылай хан атының қанша тісі бар?
Өздеріңе керекті қандай да бір бағыт таңдаған соң оның қыр-сырын меңгеріп алыңдар. Қазір кезінде әке-шешесінің, гранттың, ақшаның қолдауымен оқуға түскен құрдастарым жұмыссыз жүр. Өздері қалаған жұмысты жасайын десе, қолында дипломы жоқ. Сонда арадағы 5 жылы құры кетті. Өзіңізге сеніңіз. Болашақта кім болғыңыз келетінін жиі ойлаңыз. Молданың айтқанын тыңдап, бірақ істегенін істеме демекші, үлкендердің сөзіне құлақ ассақ та, шешімді өзіміз қабылдаған жөн.
Құрметті оқырмандар! ҰБТ-дан жоғары балл алыңыздар. Ең бастысы, бұл өмірдің ҰБТ-мен шектелмейтінін біліңіз. Көкейде жүрген ойларыңызды ортаға емін-еркін салып, әрқашан еліне адал қызмет ететін азаматтар болыңыздар!
Оқи отырыңыз:
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #2
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #3
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #4
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #5
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?#6
Сурет: Massaget.kz
Қ. Бүйенбай