- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркия АҚШ-тың көңіл...
Түркия АҚШ-тың көңіл айту жеделхатын қабылдамады
Түркияның ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу АҚШ-тың Ыстамбұлдағы лаңкестік әрекетке көңіл айтып жіберген жеделхатына өткір пікір білдірді, - деп хабарлайды Anadolu және CNN Turk телеарналары.
"Біз шабуылдың қай жерде үйлестірілгенін білеміз. Бізге жіберілген хабарламаны алдық, бірақ Америка елшілігінің көңіл айтуын қабылдамаймыз. Біз ешкімге опасыздық жасаған емеспіз, сондықтан мұндай арамзалыққа бұдан былай төзімділік танытпаймыз. Истикляль көшесі - біздің аяулы орнымыз. Егер шабуылдаушыны ұстамағанымызда, ол бүгін Грекияға қашып кетер еді", - деді министр CNN Türk арнасына берген сұхбатында.
Сойлудың айтуынша, шабуыл Сирияның Кобани ауданында орналасқан күрд террористік ұйымының "тапсырмасы" бойынша жүзеге асырылған. Жарылыс ұйымдастырушы жауап алу кезінде ұйым басшылары Сирия арқылы Түркияға заңсыз жолмен жібергенін мойындаған.
Сойлу Түркияның қауіпсіздік құрылымдары 1200 бейнебақылау камерасының деректерін жедел зерттеп, 21 мекенжай бойынша операциялар жүргізіп, тағы 46 күдіктіні ұстағанын айтты.
Еске салайық, жексенбіде түстен кейін Ыстамбұлдың басты туристік көшесі саналатын Истикляльдегі жаяу жүргіншілер жолында жарылыс болды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, жарылыс салдарынан алты адам қаза тапқан. Ыстамбұлдың Бас прокуратурасы оқиғаны тергеуді бастады. Қылмыстық сот оқиға орнынан және әлеуметтік желілерден тікелей хабар таратуға тыйым салды. Кейінірек TRT Haber теларнасы қауіпсіздік қызметкерлері осы оқиғадан кейін арандатушылық мәнде жазба жариялаған 25 қолданушыға қатысты тергеуді бастағанын хабарлады. Түркия билігі алдын ала мәлімет бойынша, бұл жарылысқа әйел кінәлі деп санайды. Алғашында оның суреті жарияланды, кейін күдікті қамауға алынды.
Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ыстамбұлдағы жарылыс кезінде зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров СІМ брифингі кезінде айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова