Тоқаев Ердоғанға көңіл айтты

Тоқаев Ердоғанға көңіл айтты
Фото: habererk.com

Мемлекет басшысы Түркия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға жолдаған жеделхатында Ыстанбұл қаласындағы жантүршігерлік лаңкестік әрекеттің салдарынан жазықсыз адамдардың құрбан болғаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

"Осындай қиын сәтте бауырлас түрік азаматтарының қайғысына шын ниетімізбен ортақтаса отырып, сізге және жақындарынан айырылған отбасыларға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын", - деп жазылған жеделхатта.

Президент қаза тапқандардың жаны жәннатта болуына және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Еске салайық, жексенбіде түстен кейін Ыстамбұлдың басты туристік көшесі саналатын Истикляльдегі жаяу жүргіншілер жолында жарылыс болды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, жарылыс салдарынан алты адам қаза тапқан. Ыстамбұлдың Бас прокуратурасы оқиғаны тергеуді бастады. Қылмыстық сот оқиға орнынан және әлеуметтік желілерден тікелей хабар таратуға тыйым салды. Кейінірек TRT Haber теларнасы қауіпсіздік қызметкерлері осы оқиғадан кейін арандатушылық мәнде жазба жариялаған 25 қолданушыға қатысты тергеуді бастағанын хабарлады. Түркия билігі алдын ала мәлімет бойынша, бұл жарылысқа әйел кінәлі деп санайды. Алғашында оның суреті жарияланды, кейін күдікті қамауға алынды. 

Ал Ыстамбұлдағы ҚР Бас консулдығы жарылыс құрбандары арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғы туралы ақпаратты анықтау үшін Түркияның құзыретті органдары мен қала мэриясымен байланыста.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова