СІМ Ыстамбұлдағы жарылыс құрбандарының арасында қазақстандықтар бар-жоғын тексеріп жатыр

СІМ Ыстамбұлдағы жарылыс құрбандарының арасында қазақстандықтар бар-жоғын тексеріп жатыр
Фото: habererk.com

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Түркиядағы жарылысқа қатысты пікір білдіріп, төтенше оқиға салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандардың ішінде қазақстандықтардың бар-жоғы анықталып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Ыстамбұлдағы ҚР Бас консулдығы жарылыс құрбандары арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғы туралы ақпаратты анықтау үшін Түркияның құзыретті органдары мен қала мэриясымен байланыста", - делінген СІМ таратқан хабарламада.

ҚР Ыстамбұлдағы Бас консулдығы Түркиядағы қазақстандықтарға, әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде барынша сақ болуға кеңес берді.

ҚР Бас консулдығының байланыс телефоны +90 212 662 53 49.

Айта кетейік, бұған дейін Ыстамбұл орталығында болған жарылыстан зардап шеккендер саны 81-ге жеткені белгілі болды. Бұл туралы Түркия вице-президенті Фуат Октай мәлімдеді. 

Еске салайық, жексенбіде түстен кейін Ыстамбұлдың басты туристік көшесі саналатын Истикляльдегі жаяу жүргіншілер жолында жарылыс болды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, жарылыс салдарынан алты адам қаза тапқан. Ыстамбұлдың Бас прокуратурасы оқиғаны тергеуді бастады. Қылмыстық сот оқиға орнынан және әлеуметтік желілерден тікелей хабар таратуға тыйым салды. Кейінірек TRT Haber теларнасы қауіпсіздік қызметкерлері осы оқиғадан кейін арандатушылық мәнде жазба жариялаған 25 қолданушыға қатысты тергеуді бастағанын хабарлады. Түркия билігі алдын ала мәлімет бойынша, бұл жарылысқа әйел кінәлі деп санайды. Алғашында оның суреті жарияланды, кейін күдікті қамауға алынды. 

Ал Ыстамбұлдағы ҚР Бас консулдығы жарылыс құрбандары арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғы туралы ақпаратты анықтау үшін Түркияның құзыретті органдары мен қала мэриясымен байланыста.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова