- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Орман өрттерінен тараған...
Орман өрттерінен тараған түтін: ДСМ тұрғындарға арналған нұсқаулық ұсынды
Денсаулық сақтау министрлігі өрт шарпыған жағдайда қажет болатын бірқатар кеңес ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ауаны орман өрттерінен тараған қатты түтін басқан кезде жанғыш өнімдерден улану, жүрек-қан тамырлары, өкпе және басқа да созылмалы аурулардың өршуі, аурулардың жіті ұстамаларының алдын алу мақсатында зиян химиялық заттардың ағзаға түсуін шектейтін профилактикалық іс-шараларға ерекше назар аудару керек.
Орман өрті түтінінен кім үлкен қауіпке ұшырайды?
- Өкпенің созылмалы ауруы, демікпе немесе жүрек ауруы сияқты арулары бар адамдардың орман өртінің түтініне ұшырау қаупі жоғары;
- Егде жастағы адамдар түтіннің әсеріне көбірек ұшырайды;
- Әдетте түтіннің балалар денсаулығына қаупі жоғары. Балалардың тыныс алу жолдары әлі де даму сатысында және олар ересектерге қарағанда дене салмағына қарай көбірек ауа жұтады. Сонымен қатар, балалар жиі ашық ауада көбірек уақыт өткізеді;
- Сыртта жұмыс істейтін немесе спортпен өте белсенді шұғылданатын адамдардың да денсаулығына барынша жоғары жағымсыз әсер ету қаупі бар.
Орман өрттерінен тараған түтіннен зардап шегетін өңірлердің тұрғындарына арналған кеңестер:
- Түтін тараған далада серуендеуден аулақ болыңыз, өйткені бұл жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесінің жедел және созылмалы ауруларының дамуына түрткі болады.
- Жүкті әйелдер мен балаларға көшеге мүлдем шықпау ұсынылады.
- Денсаулығына байланысты проблемалары бар адамдар қажет дәрі-дәрмектерді өзімен алып жүруге тиіс; егер сыртта түтін болса, дене шынықтырумен айналысу үшін сыртқа шықпағаны дұрыс. Терезелері жабық үй-жайларда болыңыз;
- Үй-жайлардағы ауаны мүмкіндігінше таза ұстаңыз. Терезелер мен есіктерді жабық ұстаңыз. Кондиционерді қосыңыз, сыртқы түтіннің кіруіне жол бермеу үшін сүзгіні таза ұстаңыз;
- Терезелерге, желдеткіштерге ылғалданған шүберек іліп қойыңыз және оны мезгіл-мезгіл ауыстырыңыз. Ауаны ылғалдандыру үшін үй-жайларға суы бар ыдыстарды қойыңыз.
- Машинада кондиционерді қолданыңыз және терезелерді жабық ұстаңыз. Есіңізде болсын, көлік құралдары ешқашан гараж сияқты жабық кеңістікте жұмыс істемеуі керек;
- Үй-жайдағы ауаның ластануын арттыратын әрекеттерден аулақ болыңыз. Жанып тұрған шамдар, каминдер және газ плиталары үй-жайлардың ластануын арттыруы мүмкін. Шаңсорғыш үйіңіздің ішіндегі қоқыстарды көтереді, бұл үй-жайлардың ластануына ықпал етеді.
- Ересектер үшін сұйықты тұтынуды тәулігіне 2-3 литрге дейін арттыру (сілтілі минералды су, итмұрынның, көкжидектің қантсыз қайнатпалары, көк шай), балаларға кәдімгі қайнаған су беру керек, ал сәбилерді жиі емізіп, қосымша тамақтану режимін қосу керек.
Жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, созылмалы өкпе аурулары және аллергиялық патологиялармен ауыратын адамдарға мыналар ұсынылады:
- қан қысымын күніне кемінде 2 рет өлшеңіз;
- тұрақты артериялық гипертензиямен дәрігерге қаралыңыз;
- емдеуші дәрігер ұсынған дәрі-дәрмектерді өзіңізбен бірге алып жүріңіз.
"Егер созылмалы ауру болса, дәрігер ұсынған тапсырмаларды қатаң түрде орындаңыз. Есіңізде болсын, темекі шегу ауаны одан әрі ластайды. Бас ауруы, көмірқышқыл газымен уланудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну керек", - делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін "Семей орманы" аумағында өрт шыққаны хабарланған еді. Кейінірек Абай облысындағы орман өртінің аумағы 2 мың гектарға жетті. Сондай-ақ, үш ауылдың тұрғындары үйлерін тастап кеткені белгілі болды. Ал тұрғындар өртсөндірушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етті.
"Батырлар арамызда". Желіде өртсөндірушілердің далада ұйықтап жатқан видеосы тарады
Абай облысындағы алапат өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері іздестірілді. Кейін оның үшеуі қаза тапқаны анықталды. Осы жағдайлардан кейін Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Сонымен қатар, екі ауылға қауіп төніп тұрғаны хабарланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы өртке байланысты Вьетнамға сапарын кейінге шегерді. Президент Абай облысындағы өртке байланысты Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Үкімет басшысы да қарамағындағыларға бірқатар тапсырма берді.
Кейінірек орман өрті 60 мың гектарға жайылғаны белгілі болды. Осыған орай 7 учаскеде өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, өрттен 11 адам өлі табылды.
Абай облысында өрт: қаза тапқандарға қатысты жаңа дерек айтылды
Абай облысындағы өрттен қаза тапқандардың толық тізімі жарияланды. Ал экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Абай облысындағы өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің суретін жариялады.
Абай облысындағы өртте ерлігі мен жанқиярлығы үшін қаза тапқан 14 адам марапатталды
Абай облысындағы өрт ошақтарының басым бөлігі оқшауланды. Тоқаев Абай облысындағы өрт аумағын тікұшақпен аралап шықты.
Абай облысындағы өрт: әуеден 486 рет су төгілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Семей орманы" табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккендерге өзі көмек беретінін мәлімдеді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та Абай облысында өрттен қаза тапқан қызметкерлердің отбасына көңіл айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова