Маңғыстауда 12 әскери қызметші қаза тапқаны расталды

Маңғыстауда 12 әскери қызметші қаза тапқаны расталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Маңғыстау облысында төтенше жағдай болған жерде жұмыс істеп жатыр.

Сурет: gov.kz

"Қазір негізгі міндет - екі әскери қызметшіні іздестіру. Нақтыланған мәліметке сәйкес оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр", - деп жазылған Маңғыстау облысы әкімдігінің хабарламасында.

Қанат Бозымбаев әлі табылмаған әскери қызметшілерді тәулік бойы үздіксіз іздеуді тапсырған. Сондай-ақ, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық және өзге де көмек көрсету тапсырылды.

"Уәкілетті органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша жұмыс істеп жатыр. Комиссияның жұмысы және оқиға орнындағы іздестіру-құтқару іс-шаралары жалғасып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Маңғыстаудағы трагедия

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Бұған дейін 9 адам қайтыс болғаны хабарланды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандары іздестіріліп жатыр. 

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. 

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмек көрсетуді тапсырды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!