Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қорғаныс министрлігі мәліметінше, 24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.
"Алдын ала мәлімет бойынша 19 әскери қызметші суға кеткен. Оның 9-ы қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіріліп жатыр. Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды", - деп жазылған хабарламада.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл аттанған.
"Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза тапқандардың отбасыларына барлық көмек пен қолдау көрсетіледі", - деді министрлік өкілдері.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова