Қазақстан орман өртінен зардап шеккен елдер рейтингінде қай орында екені белгілі болды

Қазақстан орман өртінен зардап шеккен елдер рейтингінде қай орында екені белгілі болды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қазақстан биыл көктем мен жаздың басында орман өртінен зардап шеккен елдердің қатарына енді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі energyprom.kz-ке сілтеме жасап. 

Өртке оранған жердің ауданы бұрын-соңды болмаған аумаққа жетті, планетаның үш материгіндегі релик ормандар өртеніп жатыр. Мұндай апаттар бірнеше жерде болды. Мысалы, бірнеше апта бойы сөндірілмей жатқан Канададағы өрт. Онда 4,4 миллион гектардан аса орман өртеніп, Американың ірі қалаларына түтін жетті. Ресейде 1 миллион гектардан аса жер өртенді. Қиыр Шығыста және Оралда, Сібір мен Башқұртстанда өрт болды.

Жыл басынан бері болған орман өрттерінің ауданы бойынша Қазақстан Канада, Ресей және Чилиден кейін төртінші орында тұр. Біздің елімізде жалпы ауданы 84 мың гектарға жуық орман өртенді, бұл көрсеткіш ұлғаюы мүмкін.

Қазақстан орман өрттерінен адам шығынына әкеп соққан жалғыз ел емес. Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, Чили елді мекендерінде өрттен 24 адам, Ресейде 23 адам қаза болған. Бір уақытта 14 адамның өмірін қиған қазақстандық оқиға тек табиғи апаттың емес, сонымен қатар, Президент Тоқаевтың айтуынша, "атқарушы органдардың немқұрайдылығының" салдары болды.

Кейінгі үш жылда Қазақстанда табиғи өрттің саны 32,6 пайызға өсті. ҚР ТЖМ деректері бойынша, пандемияның алғашқы жылында, 2020 жылы, олардың саны 700, былтырдың қорытындысы бойынша - 928.

ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков 29 мамырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2023 жылы "Семей орманы" табиғи резерватындағы ауқымды өртті ескере отырып, ауданы 23,9 мың гектар 146 орман өрті тіркелгенін айтты.

Қостанай облысында былтырғы ауқымды орман өрттерінен кейін биыл наурызда азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары әзірленді. Көп жыл бойы азаматтық қорғау саласында жинақталған мәселелерді шешу үшін қаржыландыру енді тағы төрт жылға созылды.

Жоспар арнайы көлік пен авиатехниканы сатып алудан бастап жалақыны 10 -70 пайызға өсіруге дейін айтылған мәселелер бойынша қаржыланады. Төрт жылға жалпы сомасы 1,4 триллион теңге қаржы бөлінген. Қаражаттың басым бөлігі республикалық бюджеттен бөлінуге тиіс. Биыл 204,5 миллиард теңге, келесі жылы - 414,7 миллиард теңге қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін "Семей орманы" аумағында өрт шыққаны хабарланған еді. Кейінірек Абай облысындағы орман өртінің аумағы 2 мың гектарға жетті. Сондай-ақ, үш ауылдың тұрғындары үйлерін тастап кеткені белгілі болды. Ал тұрғындар өртсөндірушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етті. 

"Батырлар арамызда". Желіде өртсөндірушілердің далада ұйықтап жатқан видеосы тарады

Абай облысындағы алапат өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері іздестірілді. Кейін оның үшеуі қаза тапқаны анықталды. Осы жағдайлардан кейін Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Сонымен қатар, екі ауылға қауіп төніп тұрғаны хабарланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы өртке байланысты Вьетнамға сапарын кейінге шегерді. Президент Абай облысындағы өртке байланысты Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Үкімет басшысы да қарамағындағыларға бірқатар тапсырма берді.

Кейінірек орман өрті 60 мың гектарға жайылғаны белгілі болды. Осыған орай 7 учаскеде өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, өрттен 11 адам өлі табылды.

Абай облысында өрт: қаза тапқандарға қатысты жаңа дерек айтылды

Абай облысындағы өрттен қаза тапқандардың толық тізімі жарияланды. Ал экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Абай облысындағы өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің суретін жариялады.

Абай облысындағы өртте ерлігі мен жанқиярлығы үшін қаза тапқан 14 адам марапатталды

Абай облысындағы өрт ошақтарының басым бөлігі оқшауланды. Тоқаев Абай облысындағы өрт аумағын тікұшақпен аралап шықты. 

Абай облысындағы өрт: әуеден 486 рет су төгілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Семей орманы" табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккендерге өзі көмек беретінін мәлімдеді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та Абай облысында өрттен қаза тапқан қызметкерлердің отбасына көңіл айтты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек