Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде зардап шеккен әскери қызметшінің жағдайы белгілі болды

Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде зардап шеккен әскери қызметшінің жағдайы белгілі болды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде зардап шеккен әскери қызметшінің жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, зардап шеккен әскери қызметшілердің бірі Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілген.

"Қазір науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Оған медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Әскери қызметшінің қазіргі жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Мамандар ем шараларын жалғастырып, науқастың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Жағдай Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының бақылауында", - деп жазылған хабарламада.

Маңғыстаудағы трагедия

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша 19 әскери қызметші суға кеткен. Оның 9-ы қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандары іздестіріліп жатыр. 

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. 

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget