Ақын, депутат Қазыбек Иса Абай облысындағы өртке қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол Paryz бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат бәрі заң жүзінде қатаң жазалануы керек екенін мәлімдеді.
"Өрт үлкен қайғы болды. Халықаралық деңгейге жетті. Алапат өрт. Өрт мәселесіне көңіл айтып жазған кезде жазып едім. Өрт неге шыға береді? Жұрт қалың қарағайға самсап тұрған халықтың байлығы, табиғи ресурсымыз деп емес, базарға шығаратын ақша деп қарайды. Себебі өрт шалған қарағайлардың қабығын алып тастап жарата беруге болады екен. Қаншама өрт шалды? Өрт деп өзіміз өртеніп отырмыз. Ал біреулер оған қарап, миллиардтаған ақшаны көріп отыруы мүмкін. Сондай ереженің өзі дұрыс емес. Сол заң болса, заңды қайта қарау керек. Өртенген ағаштарды пайдалануға болады дегенді қайта қарап, алып тастау керек. Басында жай түсті деді ғой, жай түсті ме, найзағай түсті ме, адам факторы ма, тексеру керек. Қатаң тергеу керек. Жауапсыздық салдары да бар. Оның алдында министрлер барған. Бәрі сақадай сай деп, селфилетіп кеткен. 10 күн бұрын ғана есеп бергенде, "бәрі дайын" деді. Кешелі бері YouTube-те жүр, тексеруге барған комиссияның көлігін өртеп жіберген. Ол да қараусыз қалған. Соның алдында "Семей" орманының басшылары сотталған. Бәрі бір-бірімен байланысты. Бәрін тексеріп, түбіне жету керек. Бізде неге қайталана береді? Ашып айтылмайды, түбіне дейін тексерілмейді, ешкім жазаланбайды. Жазаланса, жұрт білмейді. Сондықтан қайталана беруі мүмкін. Ашық қоғам, заң айыптауы керек. Заң жүзінде жазасын алу керек. ...Көп нәрсені ашып кетті өрт", - деді депутат.
Еске салайық, бұған дейін "Семей орманы" аумағында өрт шыққаны хабарланған еді. Кейінірек Абай облысындағы орман өртінің аумағы 2 мың гектарға жетті. Сондай-ақ, үш ауылдың тұрғындары үйлерін тастап кеткені белгілі болды. Ал тұрғындар өртсөндірушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етті.
"Батырлар арамызда". Желіде өртсөндірушілердің далада ұйықтап жатқан видеосы тарады
Абай облысындағы алапат өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері іздестірілді. Кейін оның үшеуі қаза тапқаны анықталды. Осы жағдайлардан кейін Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Сонымен қатар, екі ауылға қауіп төніп тұрғаны хабарланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы өртке байланысты Вьетнамға сапарын кейінге шегерді. Президент Абай облысындағы өртке байланысты Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Үкімет басшысы да қарамағындағыларға бірқатар тапсырма берді.
Кейінірек орман өрті 60 мың гектарға жайылғаны белгілі болды. Осыған орай 7 учаскеде өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, өрттен 11 адам өлі табылды.
Абай облысында өрт: қаза тапқандарға қатысты жаңа дерек айтылды
Абай облысындағы өрттен қаза тапқандардың толық тізімі жарияланды. Ал экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Абай облысындағы өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің суретін жариялады.
Абай облысындағы өртте ерлігі мен жанқиярлығы үшін қаза тапқан 14 адам марапатталды
Абай облысындағы өрт ошақтарының басым бөлігі оқшауланды. Тоқаев Абай облысындағы өрт аумағын тікұшақпен аралап шықты.
Абай облысындағы өрт: әуеден 486 рет су төгілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Семей орманы" табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккендерге өзі көмек беретінін мәлімдеді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та Абай облысында өрттен қаза тапқан қызметкерлердің отбасына көңіл айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!