Мәжіліс кулуарында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бүгін Абай ауданындағы өртке қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер аясында министрлер мен әкімдерден жауап алынатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналистер Мәжіліс кулуарында Жандос Өмірәлиевке ТЖМ-нің экс-басшысы Юрий Ильиннен, экология министрі Зүлфия Сүлейменовадан және Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтан жауап алына ма деген сұрақ қойды.
"Бұл істі Бас прокуратура тергеп жатыр. Тергеу аясында жауап алынатындар арасында тек басшылар емес, сонымен қатар, жұмысшылар да бар, олар өртті сөндіріп жатыр. Біздің басты мақсатымыз - өртті сөндіру. Бұл күндері біз оларға кедергі келтірмейміз. Қазір басқа да тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Белгілі бір тергеу жоспары бар. Шенеунікті жауапқа алмас бұрын, біз басқа бағыныштылардан жауап алуымыз керек. Бірақ олардан міндетті түрде жауап алынады", - деді ол.
Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, бұл қылмыстық іске әзірге мәртебе берілмеген.
Еске салайық, бұған дейін "Семей орманы" аумағында өрт шыққаны хабарланған еді. Кейінірек Абай облысындағы орман өртінің аумағы 2 мың гектарға жетті. Сондай-ақ, үш ауылдың тұрғындары үйлерін тастап кеткені белгілі болды. Ал тұрғындар өртсөндірушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етті.
"Батырлар арамызда". Желіде өртсөндірушілердің далада ұйықтап жатқан видеосы тарады
Абай облысындағы алапат өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері іздестірілді. Кейін оның үшеуі қаза тапқаны анықталды. Осы жағдайлардан кейін Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Сонымен қатар, екі ауылға қауіп төніп тұрғаны хабарланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы өртке байланысты Вьетнамға сапарын кейінге шегерді. Президент Абай облысындағы өртке байланысты Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Үкімет басшысы да қарамағындағыларға бірқатар тапсырма берді.
Кейінірек орман өрті 60 мың гектарға жайылғаны белгілі болды. Осыған орай 7 учаскеде өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, өрттен 11 адам өлі табылды.
Абай облысында өрт: қаза тапқандарға қатысты жаңа дерек айтылды
Абай облысындағы өрттен қаза тапқандардың толық тізімі жарияланды. Ал экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Абай облысындағы өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің суретін жариялады.
Абай облысындағы өртте ерлігі мен жанқиярлығы үшін қаза тапқан 14 адам марапатталды
Абай облысындағы өрт ошақтарының басым бөлігі оқшауланды. Тоқаев Абай облысындағы өрт аумағын тікұшақпен аралап шықты.
Абай облысындағы өрт: әуеден 486 рет су төгілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Семей орманы" табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккендерге өзі көмек беретінін мәлімдеді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та Абай облысында өрттен қаза тапқан қызметкерлердің отбасына көңіл айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!