Абай облысындағы өрттен қаза тапқан 14 орманшының ішіндегі қыршын кеткеннің бірі - Серікжан Тоқтасын. Ол Орман шаруашылығы мамандығы бойынша білім алып, "Семей орманы мемлекеттік орман табиғи резерваты Новошульба филиалында бес жылдан бері қызмет атқарған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өртпен күрес кезінде көз жұмған орманды қорғау жөніндегі инженер Бородулиха ауданында, Боровлянка ауылында ата-анасымен бірге тұрған. Баласының суретін құшақтап жылаған анасы Дамелі Қабимолдайқызы "қазір келеді, келеді ұлым" деген үмітпен әлі де баласының жоғына сене алмай көз жасы тыя алмай отыр.
Серікжан Тоқтасынның әкесі Бақытжан Жұмаділовтің айтуынша, "Новошульба" орман шаруашылығының басшылары ұлын ешбір қорғаныш киімсіз өрт болған аумаққа жіберген.
"Сағат 19:00-де қызметкердің бәрін жинап, 45 километр жердегі өрт болып жатқан аймаққа жібереді. Сағат 21:00-де да қалың өрттің ортасына қолдарына күрек беріп, кіргізіп жіберген. Күндіз басталған өртті басшылық бақыламаған. Әбден ушыққаннан кейін ауыл-аймаққа енуінен қорқып, "Новошульба" орман шаруашылығы қорғауы керек деп асығыс-үсігіс аттандырып жіберген. Менің балам ескі "Нивамен", басқалары біреудің жекеменшік УАЗ-ымен барған" - деді ұлынан айырылып қабырғасы қайысқан әке.
Марқұмның әкесі баласының үстінде қорғаныш киімі де болмағанын айтты.
"Қорғаныш киімдері газдан қорғайтын құрылғыларымен бірге орман шаруашылығының қоймаларында жатады. Тек бір ғана өрт сөндіру көлігі барған. Ол орман қорғау жөніндегі инженері қызметін атқарғандықтан, орталық офисте отырып, кімнің қайда баруын рациямен айтып, басқаруы керек еді. Баламды директор мен оның орынбасары "сен сол жерге баруың керек" деп жібере салған. Ал өздері "біздің денсаулығымыз жоқ, орманның ішінде жүре алмаймыз" деген, - деді Бақытжан Жұмаділов.
Ол баласының мәйітін екі күннен бері сараптамадан ала алмай жүргенін айтты.
"Олардың айтуынша, алдымен балам уланған. Содан кейін денесін өрт шарпыған. Денесін тану мүмкін емес. Жерлей алмай отырмыз. Енді ДНҚ нәтижесіне байланысты белгілі болады деп отыр. Оның қашан шығатыны тағы белгісіз", - деп ашынды әкесі.
Серікжанның жалақысы небәрі 80-100 мың теңге ғана болған.
"Жалақысы алғашында 80 мың теңге болған еді. Қазір 100 мыңға жуық алатын. Оқуын бітіріп келгеннен кейін осы жерде бес жыл инженер болып жұмыс істеген. Содан кейін "жалақым аз" деп Павлодарға жұмыс істеуге кетіп қалған. Ол жерде зауытта жұмыс істеп, жап-жақсы 200 мың теңге жалақы алып жүрген. Біз зейнеттеміз. Шешесінің жүрек ауруы бар еді. Арасында қысылып, демала алмай қалатын. Ұлымнан басқа үш қызым тұрмыста, басқа жақта тұрады. Сол себепті үйде бір-бірімізге көмектесіп әзер жүргеннен баламды бір жарым ай бұрын елге шақырып алғанмын", - деп күңіренді марқұмның әкесі.
Еске салайық, бұған дейін "Семей орманы" аумағында өрт шыққаны хабарланған еді. Кейінірек Абай облысындағы орман өртінің аумағы 2 мың гектарға жетті. Сондай-ақ, үш ауылдың тұрғындары үйлерін тастап кеткені белгілі болды. Ал тұрғындар өртсөндірушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етті.
"Батырлар арамызда". Желіде өртсөндірушілердің далада ұйықтап жатқан видеосы тарады
Абай облысындағы алапат өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері іздестірілді. Кейін оның үшеуі қаза тапқаны анықталды. Осы жағдайлардан кейін Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Сонымен қатар, екі ауылға қауіп төніп тұрғаны хабарланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы өртке байланысты Вьетнамға сапарын кейінге шегерді. Президент Абай облысындағы өртке байланысты Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Үкімет басшысы да қарамағындағыларға бірқатар тапсырма берді.
Кейінірек орман өрті 60 мың гектарға жайылғаны белгілі болды. Осыған орай 7 учаскеде өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, өрттен 11 адам өлі табылды.
Абай облысында өрт: қаза тапқандарға қатысты жаңа дерек айтылды
Абай облысындағы өрттен қаза тапқандардың толық тізімі жарияланды. Ал экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Абай облысындағы өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің суретін жариялады.
Абай облысындағы өртте ерлігі мен жанқиярлығы үшін қаза тапқан 14 адам марапатталды
Абай облысындағы өрт ошақтарының басым бөлігі оқшауланды. Тоқаев Абай облысындағы өрт аумағын тікұшақпен аралап шықты.
Абай облысындағы өрт: әуеден 486 рет су төгілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Семей орманы" табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккендерге өзі көмек беретінін мәлімдеді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та Абай облысында өрттен қаза тапқан қызметкерлердің отбасына көңіл айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!