Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Абай облысында болған өртті сөндіруге қатысқан әскери қызметшілерді наградтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға қорғаныс министрінің орынбасарлары, Бас штабтың, департаменттер мен басқармалардың басшылығы, Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшылары қатысты.
Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери қызметшілерге әскери, қызметтік борышын орындаудағы жанқиярлығы мен төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін алғыс айтты.
"Қарулы Күштердің тобы 73 учаскедегі өрт ошақтарын сөндіріп, ұзындығы 3000 метрлік жерді жыртты. Өтуі қиын учаскелердегі 20 шақырым жолды тазалады", - деп атап өтті қорғаныс министрі.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов 53975 әскери бөлімінің командирі полковник Нұрлан Байдуллаевқа II дәрежелі "Айбын" орденін, 28738 әскери бөлімінің 1-сыныпты сержанты Талғат Жанғазиновке "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалін салтанатты жағдайда табыс етті.
Абай өңірлік гарнизоны әскери полициясы кинологиялық қызметінің бастығы аға лейтенант Аслан Ықыласов Қорғаныс министрлігінің "Ел қорғаны" ведомстволық медаліне ие болды.
44736 әскери бөлімінің бөлімше командирі аға сержант Рүстем Өткелбаев, 28738 әскери бөлімінің батарея сержанты Мадияр Бекенов, Абай өңірлік гарнизоны әскери полиция патрулінің бастығы кіші сержант Ернұр Еркінтаев Төтенше жағдайлар министрлігінің "Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін" медалін иеленді.
19132 әскери бөлімінің буын командирі Максим Кононенко мерзімінен бұрын "подполковник" әскери атағына ие болды.
Кездесу аяғында министр қатысушыларды Астананың 25 жылдығымен құттықтап, оларға зор денсаулық, отбасылық амандық және бейбіт аспан тіледі.
Еске салайық, бұған дейін "Семей орманы" аумағында өрт шыққаны хабарланған еді. Кейінірек Абай облысындағы орман өртінің аумағы 2 мың гектарға жетті. Сондай-ақ, үш ауылдың тұрғындары үйлерін тастап кеткені белгілі болды. Ал тұрғындар өртсөндірушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етті.
"Батырлар арамызда". Желіде өртсөндірушілердің далада ұйықтап жатқан видеосы тарады
Абай облысындағы алапат өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері іздестірілді. Кейін оның үшеуі қаза тапқаны анықталды. Осы жағдайлардан кейін Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Сонымен қатар, екі ауылға қауіп төніп тұрғаны хабарланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы өртке байланысты Вьетнамға сапарын кейінге шегерді. Президент Абай облысындағы өртке байланысты Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Үкімет басшысы да қарамағындағыларға бірқатар тапсырма берді.
Кейінірек орман өрті 60 мың гектарға жайылғаны белгілі болды. Осыған орай 7 учаскеде өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, өрттен 11 адам өлі табылды.
Абай облысында өрт: қаза тапқандарға қатысты жаңа дерек айтылды
Абай облысындағы өрттен қаза тапқандардың толық тізімі жарияланды. Ал экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Абай облысындағы өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің суретін жариялады.
Абай облысындағы өртте ерлігі мен жанқиярлығы үшін қаза тапқан 14 адам марапатталды
Абай облысындағы өрт ошақтарының басым бөлігі оқшауланды. Тоқаев Абай облысындағы өрт аумағын тікұшақпен аралап шықты.
Абай облысындағы өрт: әуеден 486 рет су төгілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Семей орманы" табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккендерге өзі көмек беретінін мәлімдеді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та Абай облысында өрттен қаза тапқан қызметкерлердің отбасына көңіл айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!