Google-дің жаңа домені ағылшын әліпбиіндегі барлық әріпті қамтиды

Google-дің жаңа домені ағылшын әліпбиіндегі барлық әріпті қамтиды
Фото: www.nbcnews.com

Америкалық Google корпорациясы ағылшын әліпбиіндегі барлық әріпті құрайтын ғаламтор доменін іске қосты. Айта кетсек, қайта құрылған Alphabet корпорациясының жаңа домені abcdefghijklmnopqrstuvwxyz.com болып тіркелді. Бұл туралы америкалық CNBC телеарнасы мәлімдеді.

Негізінен домен 1999 жылы құрылған. Google корпорациясы оны сол кезден бері  иемденіп келеді. Дегенмен оны қолдана қоймаған еді. Ресми түрде тараған ақпаратқа орай, Силиконды алқаптағы ең алып IT-корпорацияның еншісінде 18 мың домен бар.

Ағымдағы жылдың тамыз айында Google корпорациясы қайта құрылып, жаңа Alphabet холдингінің бір бөлімшесіне айналған еді. Сол кезде Ларри Пейдж abc.xyz доменін ұсынған болатын. Енді негізгі домен қайта өзгеріп отыр.

Google-дің ресми өкілі Ларри Пейдж Alphabet холдингі компанияның менеджмент құрылымын қайта құру мақсатында жасақталғанын мәлімдеген. Енді Alphabet құрамына Google X (өзін-өзі басқаратын көліктер, жүкі тасымалдаушы дрондар мен интернетпен қамтамасыз етуші спутниктер), Google (Chrome, Youtube, Android және өзге де интернет қызметтер), Nest (смарт термостаттар), Google Fiber (кабельді телеканалдар мен тұрақты интернет желісі), Calico - California Life Company (Биотехнологиялық даму зертханасы), Life Sciences (контанктілік линзалар мен смарт-көзілдірік), Google Ventures (стартаптарды қолдау басқармасы) сынды бөлімшелер кіреді.

Естеріңізге сала кетейік, Google компаниясы іздеу платформасы ретінде 1998 жылдың 2 қыркүйегінде құрылған. Заманауи браузерді Стэнфорд университетінің аспиранттары Ларри Пейдж бен Сергей Брин бағдарламалаған. Кейіннен олар компания басшылары атанып, дербес құрылымдық модульмен интернет қызметтерін дамытады. Компания құрамына кірген салалар бір бағытта жұмыс істемейтіндіктен, барлығын біріктіретін Alphabet холдингі құрылды.

Ж. Өрісбай