Димаштың концерті Массагет тілшісінің көзімен

Димаштың концерті Массагет тілшісінің көзімен
Фото: massaget.kz

Миллиондарды мойындатқан талантты әнші, отандасымыз Димаш Құдайбергеннің 27 маусым күні "Астана Арена" стадионында өткен "Бастау" атты жеке шығармашылық концерті келген қонақтардың да, жанкүйерлердің де көңілінен шықты.

Отыз мыңға жуық көрерменнің басын қосқан концертке екі жарым ай бойы дайындық жұмыстары жүргізілген. Жұрт жарыса айтса айтқандай, кеш өте жоғары деңгейде өтті. "Тойдың болғанынан боладысы қызық" демекші, концерт қалай өтті? Сол жөнінде аз-кем айтып өтсек. 

Адамдардың көпшілігі күні бойы "EXPO-2017" көрмесін тамашалап, кешке жақын "Астана Аранаға" қарай ағылды. 

Жиналған халық ішке кіру үшін біраз күтіп тұрды. 

Ішке кіре сала сахнаның сәніне тамсандық. Өте тамаша!

Мына хэштегтер бүгінгі таңда ең көп ізделетін хэштегтер деп айтсақ қателеспейміз. Егер Димаш туралы мәліметтерді білгіңіз келсе, осы хэштегтер арқылы кез келген ақпараттарды таба аласыз. 

Жиналған жұртшылықтың қарасы көп. Басым көпшілігі қазақтар.  

Жүргізушілердің айтуынша, "Астана Аренаны" алғаш толтырған - Димаш. Жиналған 30 мыңнан аса адамның 60%-ы қазақстандықтар болса, қалған 40%-ы шетелдіктер. Басқа елдің жанкүйерлерінің ішінде қытайлықтар мен ресейліктердің саны басым. 

Димаштың жанкүйерлерінің көптігіне осы концерті дәлел болды. Кешке келген кей жанкүйерлер қолдарына "Димаш" деген жазуы бар жүрекшелерімен келіпті. 

Отандасымыздың жанкүйерлері тек жастар десеңіз қателесесіз. Концертке еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін келді. Мәселен, мына жанкүйерлерді көріп разы болдық. 

Жалпы алғанда қызыл түс махаббатты білдірсе керек. Қызыл жүрекшелер адамға ерекше әсер етеді. Бәлкім бұл жанкүйерлер де сүйікті әншілеріне деген махаббатын осылай жеткізгісі келген шығар.

Сізге Қазақстанда жанкүйерлер жоқ деп кім айтты? Бұл кеште елімізде құрылған отандық фанклубтар бірлестігі көрінді.  

Атап айтсақ, "Dimash&Dostar", "DimashdearsEurasianFanclub", т.б. бірлестіктер бой көрсетті. 

Тіпті, "Dimash&Dostar" фанклубы арнайы бөлек секторда отырды. 

Жиылған жұртшылық Димашты біраз күтті. Ең әуелі концертті «Кешью» тобы, «Алау» тобы, Фарида Жолдасова, «Рензо» тобы, «VOX ACAPELLA» тобы, т.б. елімізге танымал жас жұлдыздар бастап, артынша ҚР спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз сөйледі.

Қытайдан келген жанкүйерлердің қарасы көп. Олар "Димаш" деген жазуы бар арнайы 6 метрлік баннер алып келген. 

Жанкүйерлер Димашқа қолдау білдіру үшін бүкіл стадионы болып толқын жасады. 

Көптен күткен Димаш та сахнаға шығып, жанкүйерлерге әннен шашу шашты. 

Төлқұжатына айналған "Дайдидауды" айтқанда бүкіл стадион орнынан тұрып кетті. Отандастардың көңілі толқыды. 

Димаш концертте қазақшадан бөлек 2 қытайша және  3 ағылшынша, 1 французша және Кристина Орбакайтемен бірге бір орысша (Опять метель) ән айтты.  

Ол өзінің соңғы шыққан "Махаббат бер маған, тағдыр" әнін орындағанда барлық жанкүйерлер ұялы телефондарының жарығын қосып, сүйікті әншілерімен бірге қосыла шырқады. 

Кеш иесінің әйгілі поп музыка королі Майкл Джексонды жақсы көретінін бәрі біледі. Поп королінің "Billie jean", "Dangerous" әнін айтып, атақты ай жүрісін бейнеледі. 

Сонымен бірге ол арнайы тросспен ұшып та ән айтып, тыңдармандарға естен кетпес керемет әсер сыйлады. 

Қытайдың жарық жұлдызы, азиялық марапаттардың бірнеше дүркін жүлдегері, Димаштың "I am singer" байқауындағы басты қарсыластарының бірі, "Бастаудың" құрметті қонағы Терри Лин кештің көрігін қыздырды.

Сондай-ақ орыстың танымал әншісі Кристина Орбакайтемен болған дуэт те ерекше нөмірлердің бірі болды. 

Димаштың айтатын әндерінің мәтіні арнайы LED экраннан көрсетілді. Бұл тыңдармандар үшін жақсы болды. Өйткені олар қай әннен қандай  ән айтылатынын біліп отырды.


Кеш соңында Димаш ата-анасымен және ұстаздарымен дуэт орындап, жанкүйерлердің тоқтаусыз соғылған шапалағы мен ыстық ықыласына бөленді. 

Ж. Жұмағұлов