"Бастаудың" 5 ерекшелігі

"Бастаудың" 5 ерекшелігі
Фото: vk.com

Күні кеше "Астана Арена" стадионында өзінің табиғи дарынымен миллиондарды мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергеннің "Бастау" атты жеке шығармашылық ән кеші өтті. 4 сағаттан астам уақыт өткен кеш туралы жұртшылықтың пікірі оң. Көптеген көрермен асыға күткен "Бастау" несімен ерекшеленді? Отыз мың жанкүйердің басын қосқан концерттің 5 ерекшелігін айтып көрелік. 

1. Қазақстанда "Астана Аренаны" алғаш толтырған Димаш болды. Ол бұл кешке 30 мыңнан аса адам жинады, олардың 60%-ы қазақстандықтар болса, 40%-ы шетелдіктер. 

2. Саф өнер əрдайым өнер иесінен адалдықты талап етеді. Оның дәлелі – жанды дауыс. Бұл концертте Димаш 100% пайыз жанды дауыста ән шырқады. 

3. Елімізде тұңғыш рет фанклубтар бірлестігі көрінді, көрініп қана қоймай іспен дəлелденді. Атап айтсақ, "Dimash&Dostar", "DimashdearsEurasianFanclub", т.б. бірлестіктер бой көрсетті. 

4. Кешке тек отандық жанкүйерлер емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерден бірнеше жанкүйер келді. Атап айтсақ, Қытай, Ресей, Франция, Канада, Жапония, Индонезия, тіпті мұхиттың ар жағынан (АҚШ) да жанкүйерлер келіп қатысты. 

5. Үздік сахна, ұтқыр режиссерлік шешім, кәсіби би топтары қатысқан кеште Димаш ән айтып қана қоймай, бишілік өнерімен де жанкүйерлердің назарын аударды. 

Ж. Жұмағұлов