"I am singer" байқауы жеңімпазды қалай анықтайды?

"I am singer" байқауы жеңімпазды қалай анықтайды?
Фото: vk.com

"I am singer" ән байқауының финалы жақындаған сайын барша тыңдармандардың жүрегіне алаң кіргенін байқауға болады. Олай дейтін себебіміз, қазақтың үкілеген үмітін арқалап, талантты отандасымыз Димаш Құдайбергенов бақ сынауда. Димашқа жанкүйер бүкіл қазақ жұрты, одан бөлек қаншама қытайлық тыңдармандар бар, барлығы демін ішіне тартып, әліптің арты қалай болар екен деп, әркім әр түрлі болжам айтып жатыр. Біз де өз тарапымыздан осы байқау жөнінде, жалпы байқау ережесі жөнінде аз-кем айта кетуді жөн санадық.

Алдыңғы материалдарда жазғанымыздай бұл – кіл мықтылар байқауы. Қай-қайсысын алсаңыз да, Қытайдың өңкей "сен тұр, мен атайын" дейтін "сақа" әншілері. Бір ғана Терри Линді алайық. Бағындырмаған белесі жоқ. Жасы 50-ден асқан. Біздің Димаштың әкесінен де үлкен. Тағы сол сияқты Сэнди Лэм. Ол да оңай шағылатын жаңғақ емес. Сэнди "Азиялық ең үздік альбом", "Гонконгтың ең танымал әншісі" және т.б. марапаттар иегері, 37 альбомның авторы. 

Фэйсбук әлеуметтік желісінде Мадина Сейітмағамбет әпкеміз Димаштың финалда кіммен ән айтатынына болжам жасап көріпті. Әпкеміздің пікірінің жаны бар. Алайда, кіммен ән айтса да біз үшін әділ жеңіс керек. Бүкіл әлем көз тігіп отырған бәсекеде барлығымыз Димашқа сенім артамыз. Хош, сонымен былтырғы маусымда байқау жеңімпазы қалай анықталды? Соған тоқталсақ.

Өткен маусымдағы финал да екі кезеңнен тұрды. Қос кезең де бір күнде өтіп, тікелей эфирден көрсетілді (сол себепті де түсірілім 4 сағатқа созылды). Бірінші кезеңде финалистер дуэт боп ән айтты. Атақты жұлдыздар арасында Ne-Yo, Akon және Gummy болды. Финалдың бірінші кезеңі аяқталғаннан соң, залдағы 500 көрермен 7 финалиске дауыс беріп, екінші кезеңге оның алтауы өтті.

Ал, екінші кезеңде финалистер 3 топқа бөлінді (жеке ән айтады): 

1) 3 және 4-орын алған финалистер;

2) 2 және 5-орын алған финалистер;

3)  1 және 6-орын алған финалистер.

Бұл "Голостың" накаутына ұқсайды. Екі әнші ән айтады (шығу кезегі онлайн дауыс беру бойынша анықталады), қос финалист ән айтып болғасын (500 көрермен) дауыс береді. Мұндай образда  әр топтағы жеңімпаз анықталады. Жүргізуші әр топтағы жеңімпаздың есімін хабарлап айтады. Сонымен "Singer" жеңімпазы болуға 3 үміткер қалады. Одан соң жүргізуші залдағы 500 көрерменге (өз тобынан үздік шыққан) 3 үміткердің біріне дауыс беруін сұрайды.  

Былтырғы финалды төмендегі видеодан көре аласыздар. Биылғы маусымның былтырғыдан айырмашылығы финалдағы қос кезең әр күнде болады және жартылай финалда 10 әнші өнер көрсетеді. Оның 8-і келесі кезеңге өтіп, оларды 4 топқа (екі-екіден) бөлуі мүмкін. Ақыр аяғы таңдаудың жалпы құрылымы былтырғыдай қалады. 

Өткен маусымдағы нәтижелерге қарасақ, қарапайым заңдылыққа көзіңіз жетеді. Кім финалдың 1-кезеңінде (дуэт бойынша) 1-орын алса, соның бәсі жоғары болмақ. Бұл финалдың 2-кезеңіне (2 топқа бөлініп жеке орындау) тікелей байланысты. 1-кезеңде (дуэт) кім 1-орын алса, сол соңғы орын алған әншіге қарсылас атанады. Көрермендер екеуінің біреуін таңдайды. Дәл осылай басқа топтағылар да (дуэт бойынша) таңдалады. Бір қызығы, егер сен бірінші болып және соңғы орындағы әншіге қарсылас болсаң, көрермендер дауысын жинау да оңай екені өзінен-өзі түсінікті жайт. Одан кейін тағы да көрермендер дауысы сарапқа салынады. Ол, яғни кім өз тобынан жеңіп шығып, бірақ көрермендер оның дуэт боп ән айтудан жеңімпаз екенін біліп және оған дауыс берген жағдайда дуэттер арасында шешуші кезең өтеді. Былтыр шетелдік әншілермен (Akon, Gummy, Ne-Yo ) дэут боп ән айтқандардың барлығы финалға өтті. Singer жобасының жеңімпазы "King of the Singers", "Патша әнші" атағын алады. Димашқа сәттілік серік болсын дейік!

Ж. Жұмағұлов