Ақан Сатаев Сырымтай Еңсеповке клип түсіруді бастады

Ақан Сатаев Сырымтай Еңсеповке клип түсіруді бастады
Фото: massaget.kz

Бүгін Алматы қаласында Сырымтай Еңсеповтың жаңа бейнебаянының түсірілімі басталды. "Заман-ай" деп аталатын клиптің негізгі сюжеті сонау қазақ хандығының бастау алған уақытынан бастап, бүгінгі ел тәуелсіздігіне дейінгі уақытты қамтымақ. Талай дәуреннің қызығы мен шыжығынан жасалған дүниенің бас режиссері және продюсері көпке танымал Ақан Сатаев болған екен. Қазақ киносында өзіндік орны бар маман бұл жайында былай дейді: "Бұл әнді тыңдағаннан кейін бірден өз келісімімді бердім. Себебі қазақтың тарихын көрсететін туындыны бірден жылы қабылдадым. Сырымтай мен Асылбектің жасап жатқан дүниесі үлкен масштабтағы аудиторияны қамтиды деп ойлаймын. Өйткені қазақ қоғамына мұндай дүниелер ауадай қажет". 

Сонымен қатар Ақан ағамыз айтып өткендей, аталған туындыға Сырымтайдың туған ағасы Асылбек Еңсепов та қатысады. Керемет күйімен күллі қазақты баурап алған Асылбек ағамыз бұл клиптің жарыққа шығатынына қатты қуанғанын айтып, өз ойымен бөлісті. Күйшінің айтуынша: "Заман-ай" деген атаудың өзі негізінен "уақыт" деген мағынаны білдіреді. Клипте қазақ елінің уақытын сол 15-ші ғасырдан, 21-ші ғасырға дейін алып келеміз. Бүкіл қазақ хандығынан бастау алып, Екінші Дүниежүзілік соғыс, тоқсаныншы жылдар туындыда жинақталған. Абай Құнанбаев, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Құрманғазы мен Дәулеткерей сынды қазақ тарихында есімі қалған азаматтармен қоса Сталин мен Ленинді де көрсетіп, қазіргі алтын ғасырға дейін алып келеміз", - деді.

Үлкен істі бастаған Сырымтайдың өзі бұл туралы былай деді: "Ең бірінші себепші болған– әрине композиция. Бұл әннің композиторы Төлеген Мұхамеджанов ағамыз, ал сөзі Әбдірахман Асылбеков ағамдікі. Өнер адамдарында бір әнді тыңдап, бұл менікі-ау деген бір сезім пайда болады. Осы әнді Төлеген аға екеуміз тыңдап, сол кезде ағам "Сырымтай, осы ән сенің жолыңды ашсын, осы ән сенің бағынды ашсын" деп батасын берген. Сол кезден бастап бұл әнді жарыққа шығаруға кірістік. Кейіннен "осы әнге клип түсірсек қалай болар екен" деп Асылбек ағам екеуміз ақылдасып, бір шешімге келдік. Қазір түсірілімнің алғашқы күні сәтті өтіп жатыр. Бұйыртса наурыз айының аяғында жарыққа шығарамыз деген жоспар бар".

Білікті режиссер өзінің түсірілім алаңындағы жігіттеріне нұсқау беруде. Барлығы сапалы шығу үшін үлкен қырағылықтың керек екендігі рас. 

Бір ғана сюжетті түсіруге кейде көп уақыттың кететіні рас. Барлығына жақсылап назар салмаса, ертең үлкен өкінішке айналатынын жігіттер жақсы біледі. 

Ән орындап тұрған Сырымтай Еңсепов.

Тың туындыны жарыққа шығаруға ниетті адамдар барлық құпияны бірден жайып салуға болмайтынын жеткізді. Алайда, керемет графика мен сапалы дүниенің шығатынын ескертті. Бір айға жуық уақыттың ішінде жарыққа шығатын жаңа клип нағыз жаңалықтың жаршысы болуы мүмкін. Себебі,  киноларымен жұртшылықты тәнті еткен Ақан ағамыздың бұл іске де ат үсті қарамайтыны белгілі. Ал түсірілім тобы мен Асылбек пен Сырымтай Еңсеповтарға үлкен жобаларыңыз сәтті аяқталсын дейміз.    

B. ZHAQSYMBET