2020 жылы Бішкекте Абай ескерткіші орнатылады

2020 жылы Бішкекте Абай ескерткіші орнатылады
Фото: akorda.kz

27 қараша күні Мемлекет басшысы іссапармен Қырғыз Республикасына барды. Екі елдің президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары Мемлекетаралық кеңесінің бесінші отырысын өткізді. Жиын барысында қырғыз тарапы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай 2020 жылы Бішкекте қазақтың бас ақынына арналған ескерткіш бой көтеретінін жеткізді.

Келіссөздер барысында екі ел басшылары мәдени-гуманитарлық саланы одан әрі дамытудың перспективаларын жеке мәселе ретінде қарастырды. Атап айтқанда, алдағы уақытта елдеріміздің өзара Мәдени күндерін ұйымдастыру ұсынылды. Соңғы рет мұндай шара алты жыл бұрын өткізілген болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қырғызстан Қазақстан үшін тату көрші, одақтас және бауырлас мемлекет.  

Бізді мыңдаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан достықтың берік арқауы біріктіреді. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бейбітшілік пен келісімде өмір сүрді, қилы кезеңдерде бір-біріне қолдау көрсетті. Осындай достық байланыстардың негізінде біз қазіргі кезеңде де өзара қарым-қатынастарымызды табысты жолға қоя білдік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер қорытындысы бойынша қос тараптың келісімімен келесі құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасы Президенті мен Қырғыз Республикасы Президентінің бірлескен декларациясы;

2. "Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы";

3. Жоғары Мемлекетаралық Кеңестің шешімдер жиынтығы;

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының "Қарасу – автожол" және Қырғыз Республикасының "Ақ тілек – автожол" өткізу пункттері арасында жаңа көпір салу және қазіргі көпірді қайта жөндеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы келісім;

6. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қырғыз Республикасы Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік қызметі (қаржы полициясы) арасындағы экономикалық және қаржылық қылмыстарға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

7. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қырғыз Республикасының Қарулы Күштерінің Бас штабы арасындағы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен Қырғыз Республикасының Қарулы Күштерінің әскери аэродромдарында әскери әуе кемелерін қабылдау, аэродромдық-техникалық қамтамасыз ету және күзету туралы келісім;

8. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

9. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Экологиялық және техникалық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекциясы арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандум;

10. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды ілгерілету және іске асыру жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісім.

А. Қажиев