Ұлттық ұлан қатарына шақыру мәселесі қаралды

Ұлттық ұлан қатарына шақыру мәселесі қаралды
Фото: Данара Баймағамбетова

Алматы қалалық Ішкі істер департаментінде Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Оразбеков Ержан Сембайұлының төрағалығымен нұсқаулық жиын өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланынан, Алматы қаласының әкімі аппаратынан, Қазақстан Республикасы ҰҚК департаментінен, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет басқармасы, Жергілікті полиция қызметінен, Алматы қаласы аудандарының қорғаныс істері жөніндегі басқармасынан және Алматы қаласы ІІД ЖБО өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлағандай, нұсқаулық жиында Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланына мерзімдік әскери қызметке азаматтарды шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жұмыстары, мерзімдік әскери қызметтен жалтарып жүрген азаматтарды іздеп тауып, Алматы қаласының аудандарындағы Қорғаныс істері жөніндегі басқармаға тапсыру, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатарына қабылдау үшін азаматтарды арнайы зерделеуден өткізіп, талапқа сай іріктеу мәселесі сөз болды.

Алматы қаласы ІІД Жедел басқару орталығының басшысы полиция полковнигі Квашнин А.Л. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жалпы шақыруды ұйымдастыру жөнінде баяндама жасады.

Сондай-ақ жиында әскер жасындағы азаматтарға әскерге шақыру қағазын тапсырудағы кейбір шешімін таппай жүрген мәселелер, әскерден жалтарушыларды іздеу, әскер жасына жеткен жаңа буынмен жұмыс істеу жағдайлары талқыланып, озық тәжірибелер ортаға салынды. Аталған мәселелерді шешуде өзара әрекеттестіктегі органдардың ортақ істі бірлесіп, жұмыла атқаруы, өзара тығыз байланыс орнатуы нақты нәтиже берері даусыз екендігі айтылды.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы қатарына мерзімдік қызметке азаматтарды қабылдауда талаптың өте күшейгені, сол себепті азаматтарды іріктеуге қойылған талаптардың қатаң сақталуы қажет екендігі ескертілді. «Ұлттық ұланның сарбаздары – ертеңгі өз қызметкерлеріміз. Сондықтан Ұлттық ұланға азаматтарды шақыру және талапар бойынша қабылдануына біз де мүдделіміз», – деді Алматы қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Оразбеков Е.С.

О. Сансызбай